«Алтын доп – 2021»: Месси үздік деп танылды
Аргентинаның әйгілі сұрмергеніне биыл да тең келер ешкім болмады. Алайда «Алтын доптан» Левандовски де үмітті еді, бірақ поляк жігітінің бағы жанбады.
Өткен жылы пандемия кесірінен «Алтын доп» иегері сол күйі анықталмаған еді. Алайда мамандар бірауыздан 2020 жылы Роберт Левандовски үздік болған деп жазып жатты. Ал биылғы сыйлықты жеңіп алған Месси қандай еңбегіне бағаланды деп ойлайсыз?Леоның «Барселонасы» өткен маусымда Примерада мандытып ойын көрсете алмады. Бас жүлдені «Атлетикоға» ұстатып, мәңгі қарсылас «Реалдан» да кейін қалды. Десе де Месси бұл маусымда 30 гол салып, үздік сұрмерген атанды. Демек бір жетістік Леоның еншісіне жазылды деп есептей беріңіз. Ал Мессидің «Алтын допты» алудағы басты жетістігі – Аргентина құрамасымен Оңтүстік Америка кубогын жеңуі еді. Бұл Леонель Мессидің ұлттық құрама сапындағы ең үлкен жетістігі.
France Football ұсынатын трофейден Роналду да үмітті еді. Бірақ португалдық 2021 жылы ауыз толтырып айтатындай ешқандай жүлде жеңіп алмады. Сондықтан ол бәсекеден ерте «ұшты» десек те болады. Роналду тіпті салтанатты шараға да келмеді.Леонель Месси «Алтын допты» жетінші мәрте алды. Мұндай жетістік тарихта болмаған, тіпті мұны қайталау да мүмкін еместей көрінеді. Жанкүйерлердің ендігі күтетіні Мессидің сегізінші «Алтын добы».
Жүлдеге қатысқан 2021 жылдың ТОП-10 футболшылары
Лионель Месси (Аргентина, «ПСЖ»);
Роберт Левандовски (Польша, «Бавария»)
Жоржиньо (Италия, «Челси»)
Карим Бензема (Франция, «Реал»)
Нголо Канте (Франция, «Челси»)
Криштиану Роналду (Португалия, «Манчестер Юнайтед»);
Мохамед Салах (Мысыр, «Ливерпуль»);
Кевин де Брюйне (Бельгия, «Манчестер Сити»);
Килиан Мбаппе (Франция, «ПСЖ»);
Джанлуиджи Доннарумма (Италия, «Милан»).