Еліміздегі мектептер жаңа оқу жылында ашылмай қалуы мүмкін бе: ДСМ жауабы
Қазақстанда жаңа оқу жылында коронавирус бойынша жағдай ушыға түссе, мектептер ашылмай қалуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "Время" басылымына берген сұхбаты барысында жауап берді.
Алексей Цой "балалар кез келген эпидемиологиялық жағдайда оффлайн режимде білім ала ма?" деген саулаға жауап бере отырып, коронавирус қыркүйектің басында өрши түсетін болса, қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді. "Әрине, егер локдаун жағдайы немесе төтенше жағдай болса, бүкіл инфрақұрылым тоқтатылуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайға дейін жетпейді деп үміттенеміз. Қазір біз мұғалімдерге вакцина егіп жатырмыз - бүгінгі күннің өзінде 82 пайызы вакцинациядан өткен. Мектептер дайындалып жатыр. Сонымен бірге тұрғындарды вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл вирустың таралуына кедергі болар қосымша көмекші құрал. Біз (мектептерді - ред. ескертпесі) ашуға жүйелі түрде аяқ басудамыз және сол аралықта коронавирустың өршуі бәсеңдеп, вакцина салдырғандар саны көбейеді деп үміттенеміз", - дейді ол.
Министр "мектептердің ашылмай қалуына себеп болуы мүмкін шектік көрсеткіш бар ма?" деген сауалға: "Біз дертті жұқтырғандардың санына емес, денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктемеге мән береміз. Егер төсек-орындардың 70 пайыздан астамы науқастарға толатын болса, біз маңызды механизмдерді (шектеулерді - ред. ескертпесі) іске қоса бастаймыз. Бүгінде барлық сценарийлер бойынша бізде мұндай шамадан тыс жүктеме бола қойматыны байқалады, сондықтан біз ашылуға дайындалып жатырмыз", - дейді Цой. Денсаулық сақтау министрі мектепке ата-аналары толыққанды вакцина салдырған балалар ғана қабылдануы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды. "Әзірге ондай әңгіме болған емес", - деп қысқа қайырды министр. Ол болашақта мұндай талаптар қойылмауы тиіс екендігін де алға тартты. Ескерту! Аталмыш материалды "Время" ЖШС" басылымының рұқсатынсыз көшіріп басуға және таратуға тыйым салынады!