Қуаңшылық: Елде егін түсімі былтырдан қарағанда едәуір аз болады
Биылғы қуаңшылық Қазақстанның аргаршылары үшін күрделі емтиханға айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Биыл тосыннан келген қуаңшылық егін түсіміне едәуір ауыр тиіп тұр. Болжамдар көңіл көншітпейді. Қазақстан диқандары одағының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, биыл жұмсақ бидайдың түсімі 9-9,5 млн тонна шамасында болады. Ал былтыр 2020 жылы бұл көрсеткіш 11 млн тоннадан асқан еді. Әйтсе де, саланың салы суға кетті деуге де болмайды. Мәселен, 2010 жылы жаздың аптап ыстығына байланысты бар-жоғы 7 тонна бидай жиналған еді. Кеш егілген егін де өз жемісін берер деген үміт бар. «Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының оңтүстіктегі бөліктері де қуаңшылықтан зардап шегіп жатыр. Бүкіл Ақмола облысында да ахуал осы. Солтүстіктегі жағдай оларға қарағанда едәуір жақсы. Шығыс Қазақстанда жауған жаңбыр егінді қуаңшылықтан құтқарып тұр. Ал Батыс Қазақстанда ең күрделі жағдай қалыптасты», - дейді диқандар одағының төрағасы Виктор Асланов. Одақтың мамандары рекордтық деңгейде 1,5 млн тонналық бидай қоры болғандықтан, бұл өнімнің ішкі нарыққа да, экспортқа да жететініне сенімді. Қуаңшылық Қазақстанды ғана емес, көршілес елдердің де жағдайын қиындатып жіберген. Бұл дегеніміз ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың көбеймесе, азаймайтынын білдіреді. Бидай бағасы көтерілуі мүмкін. Ал мұндай жағдайда ішкі нарықта қандай ахуал қалыптасады? Нан бағасы өсе ме? Одақтың мамандары қуаңшылыққа немесе еркін саудаға қарамастан, нан бағасы өсетінін айтады. Жалпы мемлекет тарапынан нан өнімдерінің белгілі бір түрлерінің бағасы бақыланып отыратынын да ескеру керек.