Халыққа қызмет ететін мемлекеттік орган қандай болуы керек
23 маусым Қазақстанда мемлекеттік қызметші күні атап өтіледі. Осыған орай «ҚазАқпарат» ХАА қазақстандықтардың мемлекеттік органдарға қатысты талап-тілегі туралы әлеуметтік сауалнама нәтижесін ұсынып отыр.
Аталған сауалнаманы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әзірлеген. Елдегі мемлекеттік қызметшілердің рөлі зор, өйткені олар қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттің жүзеге асырылып жатқан саясатының жүргізушісі. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес, сұқбат алуға қатысқандардың жартысынан астамы (57,5%) ең алдымен мемлекеттік орган жемқорлыққа ұшырамауы тиіс деп санайды. Сондай-ақ респонденттер көбінесе мемлекеттік органның «шешімдер қабылдау кезінде азаматтардың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін ескеретін» (42,2%) сипатта болуы атап өтті. Респонденттер мемлекеттік органдардан азаматтардың сауалдарына, шағымдары мен ұсыныстарына жедел ден қоюды күтеді (41,3%). Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 39,7%-ы халық үшін шын мәнінде ашық мемлекеттік орган нақты қолжетімді мемлекеттік орган болуы тиіс (кедергісіз ортаның болуы, рұқсат беру және тексеру жүйесінің болмауы, байланыс мен мекенжай мәліметтерінің ашық қолжетімділікте болуы). Респонденттердің 35,1%-ы мемлекеттік органның ашықтығы үшін ағымдағы қызмет, бюджет, атқарылған жұмыс және болашаққа арналған жоспарлар (статистика, деректер, есептер) туралы ақпарат беру маңызды деп санайды. Респонденттердің үштен бірі халықпен кері байланыс арналарын (жеке кездесулер, жедел желілер, онлайн-мессенджерлер, қосымшалар және т.б.) қамтамасыз ету мемлекеттік органның ашықтығына негіз болатынын атап өтті. Тұтастай алғанда, әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша мемлекеттік органның негізгі сипаттамалары: мемлекеттік органның қолжетімділігі оның ішінде, байланыс мен мекенжай мәліметтерінің ашық қолжетімділікте болуы; қызметі мен бюджеті туралы ақпарат берудегі ашықтық; халықпен кері байланыстың қолданыстағы арналарының болуы.