Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » КАРАНТИН КҮНДЕЛІГІНЕН

КАРАНТИН КҮНДЕЛІГІНЕН

Жаман індет бар әлемге таралып,
Жаман хабар болды басты жаңалық.
Отыр енді бар тірліктен құр қалып,
Әрбір адам өз үйінде қамалып...

Дүние жүзін дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясы бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Күнде таңертең тұрып, соңғы хабарларға құлақ түресің. Соғыстан келіп жатқан суық хабардай жаныңды тітіркендіреді. Осы мақала жазылып жатқан күні әлемде 2 миллион 700 мыңнан астам адамға қауіпті індет жұқса, оның 200 мыңға жуығы қайтыс болды. Бір ғана АҚШ-та осы індеттен қайтыс болғандардың саны 52 мыңнан асты. Еуроодақ елдерінде, әсіресе, Италия, Испания мемлекеттерінде өлім-жітім жоғары. Италияда 26 мыңға жуық, Испанияда 22 мың. Азия елдері ішінен Иран елінде қайтқандар саны көп. Күні бүгінге дейін бұл елде бес жарым мыңнан астам адамның қайтыс болғаны туралы айтылып жатыр. Ресейде 615, Қазақстанда 25 адамның осы індеттен қайтқаны тіркелді. COVID-19 деп ат қойылған жұқпалы дерттің беті қайтар емес. Қытайда басталған кезде, бұл індетке әуелден мән бере қоймаған елдер енді орны толмас залал мен зардапқа тап болуда. Жаман індет әлемге қатерлі жұқпалы дертті таратумен қатар, орасан зор экономикалық дағдарысқа, қаржылық қиындыққа тіреді. Жер жүзі болып жабылып тоқтата алмай жатқан індет бүкіл әлемді карантинге жабуға мәжбүр қылды. Барлық жұмыс тоқтады, күнделікті тірлікке тұсау салынды. Қыспаққа алған қиын күндер келді. Әсіресе коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген ақ халатты дәрігерлердің жанкешті ерлігіне бас иеміз.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Жұқпалы дертті жұқтырып алмау үшін үйде отырып, уақытша карантин тәртібін сақтаудан басқа амал жоқ. Бұл ең алдымен өз денсаулығың үшін қажет. Сен өзіңді тежей білсең, өзгені де қорғай аласың.
Карантинде отырып көкірегіме сыймаған ойларымды қағазға түсіруге тырыстым.
***
«Туған өлкеге ізгі ниетпен». Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ханым бастап, қалың жұртшылық қостаған видео челленджді көріп туған жердегі бірлік пен тірлікке шақырып жатқан жерлестерге риза болдық. Дертке дауа болар нәрсенің ең бастысы – жан тыныштығы, халқымыздың ауызбіршілігі. Үйдегі береке-бірлік, отбасындағы амандық, үлкенді-кішінің денсаулығы. Осы орайда атақты Әйтеке бидің «Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін, батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін» деп айтқан нақыл сөздерінің де қазіргі қиындық көріп жатқан жандарға қол ұшын созу керектігін еске салғандай. Бәріміз бір болайық дегенде, «Атамыз алыс болғанмен, жамиғы қазақ бір туған...» деп жырлайтын Балқы Базар жыраудың термелері де ойға оралады.
Сондықтан елге келген індетті ортақтасып жеңіп шығу міндет. «Біз біргеміз» деп осылай елдік танытып жатсақ, алынбайтын қамал жоқ, деп жатқан жерлестер үніне, қызылордалықтардың қолдау үндеуіне біз де қосыламыз.

***
Коронавирус Қытайдың Ухань қаласынан тарапты деседі. Ухань дейді, қазақша у хан, ханның уы деп естіледі екен. Ухань, коронавирус, «тәжвирус», патшаның пәлесі... Іздей берсең, індете бересің. Жай ұқсастық қана болар... Кейбір жазғыштардың коронавирус деген осы пәлені жоғарыда айтқандай «тәжвирус» деп аударып жазғандарын оқығанда, не ойларымды білмей қалдым. Жаман аурудың да атын осылай атайды екен-ау. Түріне қарап, қойғандары болар. Тәжісін қайдам, өзіміздің далада өсетін ошағанға ұқсайды екен. Қасынан өткен адамға да, аңға да – жыбырлаған жан иесіне жабысып алып айырылмайтын ошағанды көріп өскен баламыз ғой. Өсе келе тікенегін тығып алатын ошағанның бұл «әдеті» өз тұқымын алысқа тарату үшін жасайтын амалы екенін білдік. Бірақ оның жабысқақ әдеті болғанымен у тарататын зияны жоқ, сыры да мәлім еді. Мына коронавирустың сықпыты да, сұры да, уы да жаман дейді. Сондықтан оны «ошағанвирус» деп атай жаздаған ойымнан тез қайттым.
***
Теледидардан сөйледі ме екен, әлеуметтік желі видеосында ма үш ақсақал өзекті тақырып жөнінде әңгіме айтты. Төрде отырғаны былай деді: «Ата-бабамыз бағзы заманнан қолын төсіне қойып, иіліп амандасатын еді, кейін жаппай қол беріп сәлемдесуге көштік. Бұл дұрыс емес, қол беріп амандасқанда жұқпалы микроб жұғуы әбден мүмкін. Сондықтан иіліп сәлем беретін дәстүрімізге қайта оралайық». Осыны тыңдап отырған екі ақсақалымыз оны қоштай жөнелді. «Дұрыс айтасыз, осыны елге таратайық».
Ойпырмай, кенеттен коронавирус келмегенде, бұл кісілер осы ақылдарын айтар ма еді, айтпас па еді? Ең болмаса, қол беріп амандасуды коронавирус деген індет кеткенше тоқтата тұрсақ десе, жарасар ма еді. Дегенмен айтылған сөз – атылған оқ. Ертесіне қол беріп сәлемдесуді мүлде қояйық дегенді үлкенді-кішілер іліп әкетті. Амандасу жөнінде осыған ұқсас ақыл берушілер көбейді. Ондайды айтқыштар шетелде де көп екен. Қол беріп амандасудың орнына аяқпен тебісіп сәлемдесуді сайқымазақ ретінде тарата бастады. Не болса да, жаман әдеттің бәрі шет елден келеді. Коронавирус деген індеттің де Қытай елінен тарағанын қазір жұрттың бәрі біледі.
Қолмен амандаспақ түгілі, қолмен ет жейтін қазаққа тағы қандай кеңес береміз? Қонақтар ет жер алдында иығына сүлгісін, қолына жылы су құйған құманы мен жез шылапшынын алып, құрақтай ұшатын қазақ баласының жаны да, қолы да таза болушы еді-ау.
Айтпақшы, біздің Қызылорда өңірінде ғасырлар бойы келіндер ғана иіліп сәлем береді, ал ерлер қол беріп амандасып, құшақтасып көріседі. Иіліп сәлем берген келінге: «Ақұдай, көп жаса, бақытты бол!» деп батасын береді.
***
Бала кезімізде қабырғаға, өсіп тұрған ағаш пен көлденең жатқан дәу тасқа бадырайтып атымызды жазып қоюға құмар едік. Арамызда ерте есейген бір бала болса, ол біздің сыныбымызда бірге оқыған Дайрабай шығар-ау, әйтеуір сол құрдасымыз «есімдеріңді өйтіп есіріп жазбаңдар, жаман болады, өлген адамның ғана аты қабырға мен тасқа жазылады» дейтін. Қазір өлген адам түгілі, тірілерді дәріптеу кең етек алып барады. Атаққұмарлар, мансапқұмарлар көбейді. Жемқорлардың да құлқыны тояр емес. Тіпті «даңғаза, масқара» деп жаға ұстатар жайттар да бар. Осындай келеңсіз жағдайлардан жаны күйді ме екен, адал да, аңғал Дайрабай досымның жүрегі шыдай алмады...
***
Вирус – індет, жау екені, ол – анық,
Шошып жатыр дүниедегі бар халық.
Жердің жүзін жаулап алмақ ойы бар,
Жағдайымыз кетсе жақсы, оңалып.
«У ішсең руыңмен» деген мәтелдің арғы түбі «Уды руыңмен ішпе» дегенге саяды. Өйткені жеті бабасын білетін қазақ руының, ұрпағының, шежіресінің жалғасқанын қалайды. Уды руымен ішпейді. Коронавирус дегенің де удың жаман түрі. Ұрпаққа келген індет. Қандай заман болса да, қандай қырғын болса да, қазақ ұрпағымнан бала қалсын, тұқымы жайылсын деп үбірлі-шүбірлі болуға ниет жасаған. Көлденең келген апаттан, жаман жұттан, сыртқы жаудан, ішкі дұшпаннан аман қалуы үшін ұл-қызынан ұрпақтың көптеп таралуына бар жағдайын жасаған.
Халықтың болашағын, демографиялық санының көп болуын қалайтын ауылда тұратын қазақтар ғана сияқты. Ауылдың келіндері қандай уақыт, қандай қиындық болса да, кедейшілікпен өмір сүріп жатқандарына қарамастан бес-алты баладан тәрбиелеп отыр. Ал қалада тұратындардың отбасында бір-екі баланың маңайы. Мұны неге айтып отырмын. Қазір күнұзаққа үйге қамалып отырған соң, амал жоқ, теледидар көресің. Өткенде осы «көк жәшікті» қосып қалсам, бір дәрігер әйел өзекті мәселе-індетке байланысты кеңес айтып отыр. «Городской» екені көрініп тұр: «Бұл жұқпалы індеттің сыры белгісіз, сондықтан қазіргі уақытта бала көтермей тұра тұруға кеңес беремін». Онсыз да бала тууға шектеу қойып жүрген келіндердің мұндай кеңесті құп көрері анық. Сонда деймін-ау, мұндай хабардан кім ұтады? Бұл індеттің сыры әлі белгісіз болса, ол неге ақыл айтады?
...Теледидар көрмейтін, әлеуметтік желі дегенді білмейтін, теріс кеңес тыңдамайтын ауылдағы келіндерімнен айналдым.
***
Кеңес елінің баласы болып өскендіктен, сол бала кезде есте қалған нәрселер ойға орала береді. Аудан, облыс орталығында болсын, кез келген қалада болсын, адам көп жүретін жерлерде газды-газсыз су сататын аппараттар тұратын еді. Сол аппараттағы жалғыз қырлы стақаннан күніне жүздеген, мыңдаған адам келіп су ішетін. Сонда да коронавирус, жұқпалы ауру дегенді білмеппіз. Су да таза, адамдардың жаны да таза еді.
***
Шархан Қазығұлов деген мықты журналист, теңіз жағасында өскен, аралдық ағамыз бар. «Онлайн ойлар» деген ойлы кітабын шығарды. Бір кездесіп қалғанда сонысымен құттықтап, енді «Ойл ойлар» деген кітап жазсаңызшы дедім, «Қазақ Ойл» ұлттық мұнай-газ компаниясында жұмыс істейтінін меңзеп. Оны түсіне қойған ағамыздың жүзі жайнап, қуанып кетті. «Жақсы идея» екен деп мақтап қойды. Вирустық ойларымды, карантиндік күнделігімді жазып жатқан мені кім мақтар екен?...
***
Біреу түшкірсе тыжырынып, жөтелсе жиіркенетін әдетке ұшырадық. Сенімсіздік сабырлықтан, қабақ шыту қайырымдылықтан айырады. Бара-бара бір-бірімізге жатбауыр, жау болып кетпесек болғаны...
***
Көбейді ғой, суық хабар – қаралы,
Тақады ма, тозақ – ақырзаманың.
Адамзатқа қауіп-қатер төндірген,
Кім ойлаған, қандай сұмның зауалы?
Әлде бір жазғыштар, асыра білгіш оқымыстылар Нострадамус «өй деп айтқан екен», «соқыр Ванга кемпір бүй деген екен» деп соғады. Мақалаларына тақырып етіп жазып, теледидардан сайрап отырады. Әңгімелеріне тұздық қылатындар да жетеді. Сол бәтшағарлар өзіміздің атақты би әрі шешен Мөңке Мұратұлын неге оқымайды екен? Қараңыздаршы, не деген көріпкелдік: «Ертеңіне сенбейтін күнің болады, бетіңнен ала түсетін інің болады, алашұбар тілің болады, дүдәмалау дінің болады, еркегің қазаншы болады, әйелің базаршы болады, бір-біріне қарыз бермейді, шақырмаса, көрші көршіге кірмейді...».
Бұған не қосып айта аласың? Бұдан артық не деп айту керек?
***
Немерем телефон соқты. Мектепке баруды қойыпты. Карантинге байланысты қашықтан оқып жатқан көрінеді. Апайлары «Біз үйдеміз, біз біргеміз!» тақырыбына тақпақ жаттауды тапсырыпты. «Ата, сіз тақпақ шығаратын едіңіз ғой, жаттауға оңай етіп, жазып бересіз бе?». «Жақсылап жаттайтын болсаң жазайын, айналайын».
Әлемге келген бұл індет,
Жеңіп шығу бір міндет.
Ақ халатты абзал жан,
Дәрігерге рахмет!
Аты жаман вируспен,
Жан аямай тірескен.
Дәрігерге мың алғыс,
Халқы үшін күрескен!
Немерем қуана-қуана жаттап алды. «Біз үйдеміз, біз біргеміз!» дейді. «Алтын ғана немерем, ата деген былдыр тіліңнен, сәби тілегіңнен айналайын!».
Айтпақшы, әлемдік әншіміз Димаш Құдайбергеннің арқасында Қазақстанды жанындай жақсы көретін атақты Джеки Чан мырза «Біз біргеміз!» деп қазақша видеосәлемін жолдапты.
Иә, «Біз біргеміз!» деген ұранымыз жалғаса берсін. Бірге болсақ, қандай қиындық болса да бірге жеңеміз!

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
запастағы полковник,
әскери журналист
28 сәуір 2020 ж. 735 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930