Насыбай денсаулықты нашарлатады
Бала кезде кәрі кісілердің шақшасын қалтасынан шығарып, қара домалақ дүниені екі алақанына кезек-кезек ауыстырып, ернінің астына лақтырып жіберетінін талай мәрте көрдік. Бірақ оны кез келген жастағы адамның тұтынатынын білмеуші едік. Кейбір кейуана әжелердің де қара затқа құмар болатынын көзбен көрмесек те, куәгерлерден еститінбіз. Соңғы уақытта шылымға тәуелді адамдардың саны қаржысын үнемдеу немесе денсаулығының нашарлауы салдарынан азайып, насыбайға көшкен шақша ұстаушылардың қатары көбеюде. Ал насыбайдың зияны қандай? Никотин түтінінің организмге келтіретін залалы туралы айтып жүргендер аз емес. Ондай ақпарат темекі қорабында көрсетілсе де бәрінің түйсігіне толық жетпей жатқаны белгілі. Алайда насыбайдан нендей қауіп төнетіндігін сопақ қалташасына қарап білу мүмкін емес. Ел аузындағы әңгіме де әр қилы.
Насыбай – негізінен Орта Азия елдерінде үлкен сұранысқа ие. Оның ішінде Қазақстанда тұтынушысы көп. Біразымызды өзіне тәуелді етіп қойған өнімнің неден істелетіні туралы алыпқашпа әңгіме жетерлік. Тіпті нәжістен жасалады деген тұжырым бүгінде негізгі жауапқа айналып, ғаламторда дәлелді бейнеролик пайда болған. Шын мәнінде ол ұнтақталған никотин, “піскен” әк, өсімдік майы мен күлдің қоспасынан даярланады.
Алдымен насыбай Қазақстан Республикасында наркотикалық және психатроптық зат ретінде қаралып, оны сатуға тыйым салынғанын айта кету керек. Себебі шведтік ғалымдар адамның жүйке жүйесіне оның кері әсер ететінін анықтаған. Нәтижесінде олар насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды байқаған. Химикаттар шылымның да құрамында болатыны рас. Дегенмен насыбайдың бойында бұл заттардың барлығы қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық екені белгілі болды.
Біздің өңірге де импортталған Қарағанды базарындағы насыбай сатып алынып, Стокгольмнің зертханасында сараптамадан өткен “қара құмалақтың” құрамында никель қалыпты мөлшерден 5,1 есе, хром 17 есе, қорғасын 38 есе көп екені анықталып отыр. Ал медицина мамандары бұлардың қосындысынан жасалған насыбай ауыз қуысының шырышты қабатын тітіркендіріп, ісік пайда болуы мүмкін екенін айтады. Оның Орта Азиялық нарыққа қандай өндіріс ошағынан әкелінетіні де белгісіз. Көп жағдайда насыбайдың санитарлық талапқа сай емес, өткір иісі қолқаны алатын лас жерде жасалынатынын көпшілік біледі десек қателеспейміз. Содан да болар, онкологиялық ауруды қоздырушы түрлі зиянды заттар насыбайдың құрамында көптеп кездескен. Зерттеуге қатысып, өзіндік тұжырым жасаған Phd доктор Мейрам Раганин кезінде: «Насыбайдың құрамынан бензопирен мен онкологиялық ауруларды қоздыратын канцерогендік заттар табылды. Насыбайдың құрамынан табылған нитрит ион қалыпты жағдайдан 91 есе жоғары екен. Сондықтан ұрпағымыздың улануына себепші болып отырған затқа тезірек тыйым салуымыз керек», – деп пікір айтқан.
Әдетте тұтынушылар насыбайды төменгі ерін қуысына салады. Сол арқылы қажеттілігін өтейді. Бірақ оны қолданудың өзі еріндегі жүйке талшықтарын айтарлықтай зақымдайтынын білеміз. Арты дәм сезу қабілетін нашарлатады. Осындай жағдайға ұшырап, денсаулықтан айырылған адаммен сөйлескенімізде насыбайды бастағанына өкінетінін жасырмады.
– Бастапқыда қызығушылықпен “атып” көрдім. Рақатқа бөлейтін өзіндік әсері бар. Бірақ кейін ауызға салғандағы алғашқы сезім жоғалып, қажеттілікке айналды. Сонан соң еріннің үстіңгі бөлігінің қуысына, ол әсерін жоғалтқаннан кейін тіл астына салатын болдым. Қазір ас дәмін мүлдем сезбеймін. Көп нәрсені тез ұмытып қаламын. Ауыздан иіс шығатыны бар және бұған тәуелділік темекіге қарағанда басымдырақ. Қазір өкінемін. Қолданбауға тырысамын. Бірақ түбегейлі тастап кету өте қиын, – дейді есімін атамауды сұраған азамат.
Ал түйіткілді мәселелерге деректі пікір білдіріп жүрген онколог-дәрігер Кәрім Әлпейісов: “Насыбайдың құрамы ғылыми зерттеу арқылы енді белгілі болып жатқанымен, оның зияндылығы әлдеқашан дәлелденген. Ол ауыз қуысы, өңеш, асқазан рагіне себепкер бірден-бір зиянды зат. Көбіне аталған дертке насыбай ататын болғандықтан, ер азаматтар шалдығып жатады. Алайда біз диагнозды тап насыбайдан деп қоя алмаймыз. Өйткені науқастар да насыбай аттым деп мойындай бермейді. Онкологиялық аурулардың басты қоздырғышы арақ, темекі, насыбай болып келеді. Аталған зиянды заттар адам ағзасындағы жасушалардың қалыпты жағдайын бұзады. Осылардың ішінде ең қауіптісі – насыбай. Бір қарағанда арзанқол заттың залалы өте зор. Насыбайға қосылған ауыр металдардың салдарынан бүйрек және бауырдың улануы тез байқалады”, – деді.
“Жаман әдет жұққыш келеді” деп бекер айтылмаса керек. Денсаулыққа, қоғамға өзіндік зардабын әкелетін әдетке, әсіресе, мектеп оқушылары құмартады. Оны көз көргесін айтамыз. Бұл мәселеде ата-ананың баласын бақылауда ұстап, түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігі айтпаса да түсінікті. Ал ересек адамдар барлық байлық денсаулықта екенін қазір ұғынса да кеш емес.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ