Ескі банкноттардың мерзімсіз айырбастау кезеңі күшіне енді
ҚР Ұлттық банкі 2021 жылдың 12 маусымынан бастап 2006 жылы және одан кейінгі жылдары шыққан банкноттарды мерзімсіз айырбастау кезеңі күшіне енгенін еске салады. Осы уақыт аралығында қазақстандықтар жалпы мөлшері 163 млн теңгеден көп ақшаға 66 403 банкнот айырбастап алды, деп хабарлайды kaz.zakon.kz
Банкноттарды ауыстыруға қатысты өтініштердің басым бөлігі Алматы (16,6%), Нұр-Сұлтан (9,7%) және Қарағанды облысы (8,8%) тұрғындарынан түсті. Айырбастауға қабылданған купюралардың негізгі үлесін – номиналы 500 теңгелік банкноттар (47,1%) құрайды. Айта кетейік, айналымнан шыққан 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500, 1000, 2000, 5000 және 10 000 теңгелік банкноттарды шекті мерзіміне қарамастан біздің аумақтық филиалдарында айырбастауға болады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Жаңа банкнот шыққан жағдайда ескі үлгісі 12 ай бойы қолданыста қатар жүреді. Бір жыл бойы ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болып саналады және олар барлық төлем түрі бойынша қабылдануға міндетті.
Қандай да бір банкнот айналымнан шыққан жағдайда 3 жыл ішінде оны Ұлттық банк филиалдарынан да, екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері мен «Қазпошта» кеңселерінен де айырбастап алуға болады. Айналымнан алынған банкноттар 3 жыл өткен соң да Ұлттық банк филиалдарында мерзімсіз айырбастауға жатады.