Құпия бүккен Хеопс
Пирамиданы адам салғаны рас па? Бұл сұрақ Хеопс пирамидасы салынғалы бергі 4 мың жыл бойы адамзатты ойландырып келеді. “Осыншалық алып дүниені адам салуы мүмкін емес” деген пікірлер жиі айтылады. Біреулері “жындар салған болуы ықтимал” десе, екіншілері “жер бетінде болған басқа өркениеттің белгісі” дейді. Келесілері “жоқ, мұндай кереметті бөтен ғаламшарлықтар салған” деген болжамдарын ұсынады. Технология дамыған қазіргі заманда да осындай құрылыс әлі салынған жоқ.
1989 жылы Париж қаласындағы Лувр мұражайының жанына салынған сәулетші Пэйдің шыны пирамидасының биіктігі 22 метрден аспайды.
1972 жылы АҚШ-тың Сан-Франсиско қаласында пирамидаға еліктеп салынған халықаралық штаб-пәтер бар. 48 қабаттан тұратын ғимараттың көлемі Хеопс пирамидасының жартысына жетпейді. Сол себепті де Хеопс пирамидасы – адамзат тарихындағы 7 кереметтің біріне баланады. Грек тарихшылары 7 кереметке: Олимпиядадағы Зевстің статуясын, Галикарнастағы мавзолейді, Ирактағы Семирамиданың аспалы бағын, Родос аралындағы 32 метрлік Гелиос алып мүсінін, Александрия маягын, Эфестегі Артемида ғибадатханасын жатқызады. Осылардан Хеопс пирамидасы ғана бүгінге аман жеткен.
Мысырдың Гиза жазығында тұрған Хеопс пирамидасын “Ұлы пирамида” деп те атайды. Өйткені 4 мың жылдан аман жеткен жалғыз жәдігер әлемдегі дәл құрастырылған ең ірі тастан жасалынған бірден-бір нысан. Хеопс пирамидасының бүкіл құрылысын салуға 2 миллион куб тасблок жұмсалған. Пирамиданың ірге көлемі 5,15 гектар жерді алып жатыр. Оған 200 теннис алаңын, Римдегі Әулие Петрдің екі шіркеуін орналастыруға болар еді. Кезінде Наполеон Гизадағы басты үш пирамиданың тас блоктарымен Францияның барлық шекарасын 3 метр биік, 30 см қалың қорғанмен қоршауға жетеді деген қызық есеп шығарған деседі. Осындай ақылға сыя бермейтін алып дүниені IV әулеттің екінші басқарушысы перғауын Хуфу Ніл өзенінің батыс жағалауына өзінің болашақ моласы етіп салғызған. Пирамидадан тек бүгінге жетпей жоғалғаны құрылыстың ұшар басынан көз шағылыстырып тұратын үшбұрышты сом алтын, пирамиданың сыртын түгелдей қаптап, алыстан аппақ қардай етіп көрсететін әктас тақталар.
Пирамидалар қалай салынды?
Таңғажайып пирамидалардың өте дәлдікпен салынғаны тамсандырады. Соншама тастың өңделуі, жеткізілуі, қалануы жұмбақ күйде қалуда. Геометриялық орналасуы да ойландырады. Бір ғажабы, төрт жағы дүниенің төрт бұрышына бағытталған. Хеопске көрші 143,5 метрлік биік Хафр пирамидасы, келесі 65 метрлік Менкаур пирамидасы үшеуі биіктен қарағанда, батысқа қарай дәл өлшеммен шұбырта бағытталып салынған. Хеопс пен Менкаур пирамидаларына қатарласа үш-үш кіші пирамида орналасқан. Ол перғауындардың әйелдері мен апа-қарындастарына арналған молалар. Олардың да өзара өлшем ұқсастықтары тамаша келтірілген.
Хафрдың тұсына таман салынған адам басты, арыстан денелі 20 метрлік әйгілі алып Сфинкс тұтас жартастан қашалып жасалынған. Қарапайым құрал-саймандармен мұншама сұсты дүниелерді қалай салғаны туралы болжамдар ғана айтылады. Пирамидаларды салмас бұрын орны тегістелген. Мінсіз тегістеу үшін құрылыс алаңына су жіберілген. Құрылыс алаңы дымқылданып, жібіген соң торкөз жыралар қазылған. Олардың тереңдігі бірдей болу үшін арнайы таяқтармен өлшеп теңестіріп отырған. Су тартылған кезде жыраларда шамалы су қалдырылған. Осылайша судың көмегімен жібітілген тасты қыртыстарды түгел тегістеген. Әрі жырадағы қалдырылған судың деңгейін бір тегіс өлшем үшін құрал ретінде қолданған. Осылай тегістелгендіктен пирамида бір сызат түсіп жарылмай, сәл қисайып ауытқымастан тұр. Хеопс пирамидасын салуға пайдаланылатын тастар Гизадан оңтүстікке қарай 300 метр қашықтықта болған. Жұмысшылар жартастарды бөліп алу үшін оның жарықтарына ағаш қазықтар қағып, су құйған. Ісінген қазықтар жартастарды оңай бөліп жіберетін. Бөлінген тасблоктарды құлату үшін ағаш иінтіректер мен берік арқандар пайдаланылған. Алып тасблоктар аунап түскен кезде, жылжытып әкету үшін астына тізілген жұмыр ағаштар қойылған. Тасты өндіруге 1200 жұмысшы қатысқан. Тастар Ніл өзені және арна арқылы құрылыс алаңына жеткізіліп отырған. Бұл тастар жағада өңдеуден өткізіліп ағаш шаналарға тиелетін.
Пирамиданың биіктеуіне сәйкестіре отырып, балшық кірпіштерден көлбеу саты-жолдар жасалған. Оған жұмыр ағаштар төселіп, тас тиелген шаналардың әрбірін екі қатар тұрған 24 жұмысшы арқанмен тартып биікке шығарған. Қалайтын алаңға жеткізген соң ағаш иінтірек, арқан, төселген жұмыр ағаштар арқылы керек жерге тасты орналастыратын. Мұндай құрылысқа бір кезекте 20 мыңдай адам жұмылдырылған. Пирамиданы салуға Хеопстың ұлы Хафр өзі басшылық етті, ал сәулетшілер, ерекше талантты өнертапқыштар таңдалып отырған.
Жұмбаққа толы жерлеу рәсімі
Хеопста басқа пирамидаларға қарағанда ішкі ауа жолдары мен камералар өте көп. Олардың бәрі фотокамера-роботтар арқылы зерттелсе де, жұмбақ нәрселер әлі де жетерлік. Пирамиданың дәл ортасына патша камерасы орналастырылған. Оның ұзындығы – 10,6, ені – 5,3, биіктігі – 5,9 метр. Оның үстінде және 5 шағын камера бар. Олар қабір камерасын басып тұрған салмақты жеңілдетеді. Камералардың аралығындағы гранит тақталарға Хуфудың өз аты және шеберлердің аты ойылып жазылған. Хуфудың мәйітіне арналған тас саркофагін камерадан шығарып әкету мүмкін емес, оның көлемі камераға кіретін есіктен үлкен. Бұл оның алдын ала орналастырылғанын көрсетеді. Патша камерасына ауа ағыны солтүстіктен және Орион жұлдызы бағытынан келіп кіреді. Бұл фараонның жаны жұлдызға көтерілсін деген тілектен туған. Фараонның мәйіті 43,3 метрлік кемемен молаға әкелінген. Пирамиданың іргесіндегі ғибадатханада жерлеу рәсімінен кейін, мәйіт жерасты жолымен патша камерасына жеткізілген. Патша камерамен жалғасып жатқан «Үлкен галерея» деп аталатын ұзын дәлізді қарақшылардан қорғау үшін үш гранит тақтамен бөгеп қойған. Оған солтүстік жақтан келіп кіретін есік әктасты қаптауыштың астында құпия жасырылған. Патша камерасынан төменіректе ханшайым камерасы да болған. Бірақ мұнда ханшайымның мәйіті қойылмаған, Фараонның мүсіні сақталған. Бұлай не үшін жасалғаны жұмбақ күйде қалды.
Қазір бұл пирамидалар қалашығы саяхатшылардың сүйікті мекеніне айналып отыр. Пирамидада әлі күнге қазба мен қалпына келтіру жұмыстары толастаған емес.
ДайындағанАйнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА