Тіліңді сегіз нəрседен сақта
Олар:
1. Өтірік айту. Əзілдеген кезіңде де, салмақты кезіңде де өтірік айтудан сақтан. Əзілдеп болса да тіліңді өтірікке бұрма, өйткені, ол салмақты кезіңде өтірік айтуға алып келуі мүмкін. Өтірік – үлкен күнəлардың анасы. Өтірік айтсаң, шыншылдығың жəне сөзіңдегі сенімділік жоғалады. Жұрттың көзіне сүйкімсіз боласың. Айналаң сені төмен көретін болады. Өзіңдегі өтіріктің сүйкімсіз нəрсе екенін білгің келсе, өзгенің өтірігіне қара жəне одан туындаған сендегі жиренішке, оған деген жек көрушілікке, оны сүйкімсіз адам ретінде есептеуіңе назар сал. Өзіңдегі айыптардың бəріне осылай істе. Өйткені, сен өзіңдегі айыптарды көрмейсің, керісінше өзгенің айыбын көресің. Сондықтан да, өзгеден нені əбес көрсең, өзгенің де сенен ол нəрсені солайша əбес көретіндігін біл. Өтірікші сипатының сенде болуына ризалық танытпа.
2. Уəдені бұзу. Кейін орындай алмайтын нəрсеге уəде берме. Сенің адамдарға деген жақсылығың сөзбен емес, іспен болуы тиіс. Егер де, уəде беруге мəжбүр болсаң уəдеңе барынша берік бол, тек зəру жағдайға тап болып, уəдеңді орындауға шамаң жетпей жатса, ол басқа.
Уəдеде тұрмау – екі жүзділіктің белгілерінен жəне əдептің жамандығынан. Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Үш нəрсе кімде табылса, ол мұнафиқ, мейлі ораза ұстап, намаз оқыса да.(Ол үш нəрсе мыналар):
Бір нəрсе айтса өтірік айтады. Уəде берсе, уəдесінде тұрмайды. Аманат алса, аманатына қиянат жасайды»...
3. Ғайбаттау. Ғайбат айтудан тіліңді сақтап жүр. Өйткені ғайбат – Исламда отыз зинашы əйелдің күнəсінан да ауыр. Осылай деп риуаттарда айтылған. Ғайбаттың мағынасы: əлдекім жайында ол естіген кезде ұнатпайтын нəрсесін (сыртынан) айтуың. Осылай біреу хақында рас нəрсені айтып тұрсаң да сен - залым ғайбатшы боласың.
Саған ғайбаттан жирендіруші ретінде Алла Тағаланың мына қасиетті аяты жетіп асады. Алла былай деген: «Кейбірің кейбіріңді ғайбаттамасын. Сендердің біреулерің өзінің қайтыс болған бауырының етін жегенді жақсы көре ме? Əлбетте ол нəрсені жаман көресіңдер». («Хужурат» сүресі, 12 аят). Алла осы аятта сені өлген адамның етін жеушіге ұқсатып тұр. Сені ғайбаттан тоқтату үшін бұдан артық не айту керек!...
4. Біреудің сөзінен қате іздеу, адамдармен таласып, тартысу. Талас-тартыста - қарсыдағы адамға зиян тигізу, оны надандықпен айыптау жəне оған мін тағу бар. Керісінше, өзіңді мақтау, өзіңді зерекпін, білімдімін деп санап, өзгеден өзіңді ерек көрушілік бар...
Сен əлдебір тентекпен сөз таластырсаң, ол сенің көңіліңе тимей қоймайды. Ал, бір жұмсақ, жақсы адаммен сөз таластырсаң, ол да сені жақтырмайтын болады. Шынында, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімдекім өзінікі дұрыс болмай тұрып, талас-тартысты қойса, Алла Тағала ол үшін пейіштің аумағында (төменгі жағында) бір үй тұрғызады. Ал кімде-кім өзінікі дұрыс бола тұра талас-тартысты қойса, Алла Тағала оған пейіштің төрінде бір үй тұрғызады».
Сені шайтан былай деп алдамасын: «(таласып) ақиқатты айт, ақиқатты айтудан тоқтама!» - деп.
Шынында, шайтан аңқау адамдарға əдепті түрде ізгілікті ұсына отырып, оларды жай-жай жамандыққа итермелейді. Сондықтан (таласып, тартысып) шайтанның мазағына қалма. Ақиқатты сенен қабыл еткісі келетін адамдармен бөліскен жақсы. Бұл – насихатпен болатын нəрсе, талас-тартыспен емес...
5. Өзіңді ақтап отыру (өзіңді мақтау). Құран Кəрімде Алла Тағала былай деген: «Өздеріңді өздерің ақтамаңдар. Ол (Алла), кімнің тақуа екенін жақсы біледі». («Нəжм» сүресі, 32 аят). Кейбір дана адамдарға: «Жаман шындық қайсы?»– деп сұралды. Олар: «Адамның өз-өзін мақтап отыруы» - деп жауап берді. Ондай нəрсені əдеттенуден сақтан. Біліп қой! Ол нəрсе адамдардың назарында қадіріңді түсіреді. Ал Алла Тағаланың ашуын тудырады.
Егер, өз-өзіңді мақтауың өзгенің қасында сенің қадіріңді арттырмайтындығын білгің келсе, өзінің беделімен, мал-дүниесімен жəне артықшылығымен мақтанып отыратын замандастарыңа қара. Олардан жүрегің қалай жиреніп, ондай қылығын іштей қалай ауырсынып тұрсаң, біліп қой, олар да, сені өзіңді мақтап, ақтай бастағаныңда іштей жүректерімен жақтырмай, сені айыптап тұрады. Кейін олардан ұзап кетсең, олар іштегі саған деген теріс ойларын сыртқа шығарып, тілге алады.
6. Қарғыс айту (жəне боқтау). Алла Тағаланың жаратқан бір жаратылысын лағынеттеп, оған қарғыс айтудан сақтан. Мейлі, ол хайуан болсын, мейлі жейтін азық болсын, мейлі адамның өзі болсын. Сондай-ақ, ешқашан қыбла иесіне қатысты мүшрік деп, немесе кəпір деп, не болмаса мұнафиқ деп кесіп айтпа. Сөзсіз, құпия нəрселерден хабардар болған, ол – Алла. Алла мен пенделері арасына кірме. Біліп қой! Қиямет күні сенен былай сұралмайды: Неге пəленшеге қарғыс айтпадың? Неге үндемей қалдың? – деп сенен о дүниеде сұралмайды. Тіпті өмірің бойынша Ібіліс шайтанға лағынет айтпасаң да, оның атын тіліңе алмасаң да, қиямет күні ол жайында сұралмайсың, сен ол жайында жауапқа тартылмайсың. Ал егер Алланың жаратқандарының бірін (мысалы, адамды, хайуанды т.б.) лағынеттеп, қарғыс жаудырсаң, сенен ол нəрсенің жауабы алынады.
Алла Тағала жаратқан ешбір нəрсені жамандама. Пайғамбарымыз (с.а.у.) дəмсіз асты ешқашан жамандамаған. Қашан бір нəрсеге тəбеті тартса жейтін, ал тəбеті тартпаса жемей қоя салатын.
7. Теріс бата. (Біреуге жамандық тілеп Аллаға дұға ету). Алла Тағаланың жаратқан жаратылыстарының біріне теріс бата жасап, оған жамандық тілеуден тіліңді сақта, тіпті, саған зұлымдық еткен болса да. Оның ісінің бəрі - Аллаға қалған. (Аллаға тапсыр).
8. Адамдармен көп əзілдесуден, оларды келеке-мазақ қылудан сақтан.
islam.kz