Құқықтық мемлекетке бастар қадам
Еліміз жаңа оқу жылында құқықтық реформаларының бірегейін жүзеге асырмақ. Маңызды қадамның мазұны неде? Мақсаты қандай? Жаңғырған өзгерістің басты жаңалығы деп нені айтамыз? Үңілдік.ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ ЕЛ ДЕГЕН НЕ?
Әдетте құқықтық сауатты ел деп азаматтарының басым көпшілігі заңдарды жақсы білетін, заңды құрметтейтін, өз құқықтары мен міндеттерін түсінетін және күнделікті өмірінде заң нормаларын саналы түрде қолданатын елді айтамыз.
Құқықтық сауатты елдің негізгі белгілері туралы құқықтанушы Нұрлан Қаратайұлынан сұрадық.
«Жоғары құқықтық мәдениетке тән сипат азаматтар заңды «қорқатын» немесе «айланып өтетін» нәрсе деп емес, өзінің және қоғамның мүддесін қорғайтын құрал ретінде қабылдау. Онда Заңның үстемдігі басым. Яғни президенттен бастап қарапайым азаматқа дейін Заң барлығына бірдей қолданылады. Ешкім заңнан жоғары тұрмайды. Сот жүйесі тәуелсіз және әділ.
Азаматтардың белсенді құқықтық мінез-құлқы қалыптасқан, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік деңгейі жоғары, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігі, билік органдары заңға бағынады, шешімдерін түсіндіреді және жауап береді», – дейді.
«Тәрбие тал бесіктен басталатыны сынды, құқықтық сауаттылық мектептен бастап қалыптасады», – дейді ардагер-ұстаз Нұреділ Мәди.
«Бала күннен бастап берілген тәрбие ересек жастағы тәрбиеге қарағанда әлдеқайда тиімді және терең сіңеді. Бұл нейробиология, психология және даму психологиясының көптеген зерттеулерімен дәлелденген.
АҚШ-тың Ұлттық ғылым академиясының және нейробиологтардың зерттеулері көрсеткендей, ерте жастағы тәжірибе мидың құрылымын физикалық өзгертеді, белгілі бір дағдылар мен құндылықтар белгілі бір жас аралығында ең оңай сіңеді.
Мысалы, әділеттілік, заңға құрмет, жауапкершілік сынды моральдық және әлеуметтік құндылықтар 4–10 жас аралығында ең терең сіңеді», – дейді.
Бала күннен бастап берілген құқықтық және азаматтық тәрбие нейробиологиялық тұрғыдан ең тиімді кезеңде берілетінін ескерсек, Қазақстанда мектепте «Конституция негіздері» пәнін 5-сыныптан бастап енгізу — дұрыс және ғылыми негізделген шешім екендігін ұғындырады.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан құқықтық және азаматтық білім берудің үздік үлгілерін негізге алған.
Ел мектептерінде Конституцияны оқыту жүйесін жаңарту реформасы халықаралық үздік тәжірибеге сүйенуде. Себебі әлемнің дамыған елдерінде құқықтық және азаматтық білім беру – ұлттық білім жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл тәжірибелерді зерттеу біздің ел үшін де маңызды сабақтар береді.
Францияда азаматтық және моральдық білім беру мектептің барлық деңгейлерінде міндетті пән. Оқушылар тек теорияны ғана емес, пікірталас, модельдік сот процестері және қоғамдық жобалар арқылы практикалық дағдыларды меңгереді. Бұл пән орта мектептегі емтихандарда да бағаланады.
Федералдық жүйеге қарамастан, Германияда азаматтық білім барлық жерде жоғары деңгейде дамыған. Оқу материалдарын, семинарлар мен ресурстарды қамтамасыз етеді. Оқушылар парламент жұмысының моделін жасап, саяси шешім қабылдау процестерін тікелей зерттейді. Бавария сияқты жерлерде мұғалімдер арнайы университеттік дайындықтан өтіп, үздіксіз біліктіліктерін арттырады.
Құқықтық тәрбиені барлық пәндермен ықпалдастырған елдердің көшбасшысы –Финляндия елінде оқушылар нақты өмірлік жағдайларды талдайды, топтық жобалар жасайды және демократиялық шешім қабылдауды үйренеді. Бұл тәсіл теориялық білімді тәжірибемен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жапония – моральдық білім және қоғамтану пәндері Конституцияның қағидаттары, азаматтық міндеттер мен қоғамдық келісім мәселелеріне жіті назар аударатын ел.
АҚШ-тың Civics немесе Government пәндері көптеген штаттарда міндетті. Оқушылар АҚШ Конституциясының тарихын, билік тармақтарының жұмысын және азаматтық құқықтарды терең зерттейді. Кейбір штаттарда оқушылар азаматтық білім емтиханын тапсырады. Белсенді азаматтықты дамыту үшін мектептерде студенттік өзін-өзі басқару органдары, пікірсайыстар және қоғамдық жобалар кеңінен қолданылады.
UNESCO GCED, IEA ICCS зерттеулері, Халықаралық ұйымдардың ұсыныстары көрсеткендей, құқықтық білім берудің сапасы оқушылардың сыни ойлау қабілеті мен демократиялық құндылықтарға деген көзқарасын айтарлықтай арттырады.
Жоғарыда аты аталған мемлекеттерге ортақ құбылыс – адамдардың заңды табиғи нәрсе ретінде қабылдауы. Мәселен, Сингапур – қатаң заңдар мен жоғары құқықтық тәртіптің арқасында әлемдегі ең таза және қауіпсіз елдердің біріне айналса, жапондықтар қоғамдық келісім мен заңға құрмет өте күшті мемлекет.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАДАМ
Қазақстан Президенті мен Үкіметі алға қойып отырған мақсат – құқықтық мемлекет құру. Ол үшін мектепте Конституцияны оқыту, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құқықтық сауатты ел – бұл заңға сүйенетін, әділеттілікке негізделген, азаматтары белсенді және жауапкершілігі мол қоғам. Мұндай елде адамдар заңды «жау» емес, «қалқан» және «тірек» деп көреді.
Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның барлық жалпы білім беретін мектептерінде құқықтық білім берудің мазмұны түбегейлі жаңғыртылады. 5–11-сынып оқушыларына Конституцияның негізгі қағидаттары мен нормаларын жүйелі түрде оқыту қолға алынып, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығына айналды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай мектеп бағдарламасына екі жаңа оқу курсы енгізіледі. Атап айтқанда, 5–7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» пәнін, ал 8–11-сыныптар «Заң мен тәртіп» курсын міндетті түрде оқитын болады. Сондай-ақ, «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны толықтай жаңартылып, оқулықтар Конституцияның жаңа нормаларына сәйкестендіріледі.
Үкімет отырысында баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл реформаның стратегиялық маңызын атап өтті:
«Жаңа Конституцияның күшіне енуі ұлттық білім беру жүйесін дамытудың жаңа кезеңін айқындады. Біздің міндетіміз – мектеп қабырғасынан бастап заңға құрметі жоғары, азаматтық жауапкершілігі қалыптасқан, құқықтық сауаты мол ұрпақ тәрбиелеу. 5–7-сыныптарға арналған «Конституция негіздері» және 8–11-сыныптарға арналған «Заң мен тәртіп» курстары осы мақсатқа қызмет етеді. Бұл өзгерістер оқушыларға қосымша жүктеме бермейді, керісінше, қолданыстағы пәндердің мазмұнын байытады», — деді министр.
ЗАҢДЫ БІЛУ — АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕТАСЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып отырған бұл бастама құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, құқықтық сауаттылық қазіргі заманда әрбір азамат үшін қажетті құзыретке айналған.
«Құқықтық білім – бұл жай ғана заңдарды жаттау емес. Бұл – өз құқықтары мен міндеттерін терең түсіну, заңның үстемдігін құрметтеу және қоғамдық өмірдің барлық саласында заң аясында әрекет ете білу. Мектептегі құқықтық тәрбие осы істің негізін қалайды», – деп атап өтті Ж.Сүлейменова.
«Көпшілік көкейіндегі неліктен мұндай реформа қабыдау қажет болды?» деген сұраққа да салалық министрлік жауап берді.
Соңғы жылдары қоғамдық қатынастардың күрделенуі, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және жаһандық сын-қатерлердің артуы құқықтық тәрбиенің маңызын еселей түсті. Киберқауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, интернет-алаяқтық, әлеуметтік желілердегі құқық бұзушылықтар сияқты мәселелер бүгінгі жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бастама азаматтардың цифрлық ортадағы дербес деректерін қорғау құқығына мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, мектеп жасынан басталатын құқықтық тәрбие заң бұзушылықтардың алдын алуға, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға зор ықпал етеді.
АТА-АНАЛАР АЛАҢЫ
Мектеп бағдарламасына жаңа құқықтық курстардың енгізілуіне қатысты ата-аналардың көзқарасы екіге жарылуда. Бірі мұндай өзгерісті уақыт талабы деп есептесе, енді бірі оқу жүктемесінің артуына және қолданыстағы пәндердің қайталануына алаңдайды.
Көпбалалы ана Гүлшаһра Ахметжанова жаңа пәннің қажеттілігіне күмәнмен қарайды.
«Мектепте онсыз да «Құқық негіздері», «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» сияқты пәндер бар. Егер жаңа курс сол тақырыптарды қайталайтын болса, онда оның қаншалықты тиімді болатыны түсініксіз. Балалардың сабақ жүктемесі онсыз да аз емес. Сондықтан жаңа пән енгізгеннен гөрі, бар пәндердің мазмұнын күшейткен дұрыс сияқты», – дейді ол.
Ал үш баланың әкесі Ерлан Нұрпейісов бұл бастаманы қолдайтынын айтады.
«Қазір балалар интернетте көп уақыт өткізеді, түрлі құқықтық мәселелерге тап болады. Олар өз құқықтарын ғана емес, жауапкершілігін де білуі керек. Егер сабақтар құрғақ теория емес, өмірлік мысалдармен, нақты жағдайларды талдау арқылы өтсе, мұның пайдасы зор болады. Конституцияны білу – тек заңгерлерге емес, әр азаматқа қажет білім», – дейді ол.
Нұреділ Мәди бұл бастаманың тиімділігі пәннің атауына емес, оның қалай оқытылатынына байланысты болатынын айтады. Егер бағдарлама бұрыннан бар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұнын қайталаумен шектелсе, күтілетін нәтиже болмауы мүмкін. Ал тәжірибелік бағыт күшейтіліп, оқушылардың күнделікті өмірінде кездесетін құқықтық жағдайлар талданса, жаңа курстардың құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі едәуір арта түспек.
ЖАҢА ПӘНДЕРДІҢ МАЗМҰНЫ ҚАНДАЙ?
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми ақпараты, Үкімет отырысының материалдары, мемлекеттік БАҚ хабарламалары «Конституция негіздері» пәні 5–7-сынып оқушыларына Конституцияның преамбуласынан бастап, мемлекеттік құрылым, билік тармақтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, заңның үстемдігі сияқты негізгі ұғымдарды жас ерекшелігіне сай түсіндіретінін келтірген.
«Заң мен тәртіп» курсы жоғары сыныптарда оқушылардың құқықтық сауатын одан әрі арттырады. Бағдарламада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, еңбек құқығы, цифрлық қауіпсіздік, авторлық құқық, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен қарастырылмақ.
Сонымен қатар, бастауыш сыныптар үшін «Конституция әлеміне саяхат» атты арнайы иллюстрациялық оқу құралы әзірленген. Бұл – құқықтық білім берудің сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды құрал.
Талапқа сай оқулықтар жаңартылады. Жаңа Конституцияның талаптарына лайықталған мектеп оқулықтары кезең-кезеңмен қайта әзірленеді. 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптардың оқулықтары жаңартылады. Келесі жылдары қалған сыныптардың оқу құралдары да Конституцияның рухымен толықтырылады.
Президент пәрменімен, Қазақстанның бұл бағыттағы реформасы әлемнің дамыған елдерінде құқықтық және азаматтық білім беру мектеп бағдарламасы, халықаралық үздік тәжірибені ескере отырып, ұлттық ерекшеліктерімізге сәйкес жүргізіліп әзірленген.
Бұл орайда оқушыларды құқықтық сауатандыратын мұғалімдер жайы да туындайды.
Жаңа пәндердің енгізілуі педагогтердің даярлығына қатысты мәселені де күн тәртібіне шығарып отыр. Білім және ғылым саласы сарапшыларының пікірінше, құқықтық білімнің сапасы ең алдымен оны жүргізетін мұғалімдердің кәсіби дайындығына байланысты болады. Егер жаңа курстар тек оқулықтағы теориямен шектелсе, күтілетін нәтиже толық болмауы мүмкін.
Оқу-ағарту министрлігі жаңа пәндер мұғалімдерге қосымша жүктеме әкелмейтінін мәлімдегенімен, олардың мазмұнын сапалы оқыту үшін педагогтердің біліктілігін арттыру қажеттігі туындайды. Бұл бағытта оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу, арнайы курстар ұйымдастыру және құқық саласындағы мамандарды тарту маңызды.
Белгілі болғанындай, «Конституция негіздері» мен «Заң мен тәртіп» курстарын көбіне тарих, құқық негіздері және қоғамтану пәндерінің мұғалімдері жүргізуі ықтимал. Сондықтан олардың Конституциядағы өзгерістерді, қолданыстағы заңнаманы және құқықтық білім берудің заманауи әдістерін меңгеруі ерекше мәнге ие.
ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесін мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде бірнеше рет көтерді.
«Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған. Басқаша айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр», – деген мемлекет басшысы қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету ең алдымен азаматтардың құқықтық сауаттылығына байланыстылығын баса айтуда.
Осыған байланысты ол мектептер мен жоғары оқу орындарында құқықтық ағарту жұмыстарын күшейтудің маңызын атап өткен болатын.
Конституцияны мектеп бағдарламасына тереңірек енгізу Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатымен де үндеседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық мәдениет отбасында ғана емес, ең алдымен мектеп қабырғасында қалыптасуы қажет екенін бірнеше рет айтқан. «Қоғамда жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыруда Оқу-ағарту министрлігі мен педагогтер айрықша рөл атқарады. Себебі әділдік, заң және тәртіп қағидаттары мектеп партасынан бастап орнығуы қажет», – деген болатын Президент.
Жүзеге асқалы отырған реформа – құқықтық мемлекет құру жолындағы кешенді мемлекеттік саясаттың жалғасы. Жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру арқылы елдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайту, азаматтық қоғамды дамыту және «Адал азамат» құндылықтарын іс жүзінде орнықтыру көзделіп отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асып отырған өзгерістер еліміздің болашағы – жас ұрпақтың құқықтық мемлекеттің лайықты азаматтары болып қалыптасуына зор үлес қосады деп күтілуде
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА











