Ышқынған ырық , ертеңім күдік
«... Атамнан қаштым, апамнан қаштым...» деп бір орында, бағытсыз дөңгелей беретін ертегідегі бауырсақты еріксіз еске түсіретін баға бағамы бала қызықтайтын қиял-ғажайып сюжеті емес, бүгінгінің болмысы. Елде тұрмыс түзеле бастағанымен, одан бұрын өсіп отырған баға беталысы өзгелерге Менделеев кестесіндегі кереметтен де артық танымылдыққа ие қылып отырған айнымас атрибутқа айналғаны қашан... Не істемек керек? Байыбына үңілдік.
Әлқисса не әліппе
Баға қою қайдан басталды? Тарихты зерделесек, «Тауар мен көрсетілетін қызметке төленетін ақша не өзге қызмет түрлері» деген экономикалық анықтамаға лайық термин төркіні тым әріде. Жаугершілік заманда балама, барымтадан басқа, алғашқы қауымдық қоғамның өзінде қолындағысын беріп, орнына айырбас сұрайтын істен бастау алған.
Ал тұтас дәуір көкжиегін көруді көксеген кеңестік кезеңдегі ортақ отандастар «Капиталистік өндірістік процесс баға өнімі мен арақатынасы арқылы реттеліп отырады» деген марксизм мазмұнын терең біледі.
Нарықтық қоғам бағаның түр-түрін танытып үлгерді. Мемлекет нақты көлемін бекіте алатын немесе бекітілген ережеге сәйкес өзгеріп отыратын, кесімді баға, реттелетін баға, көтерме сауда бағасы, аймақтық баға, базистік баға сынды ұғымдар бүгінге тән.
Нарықтың негізі, мүмкіндік межесі
Нарықтың негізі, тауар түрлерінің өндіруін өрістететін не өшіретін күшке ие қоғамдық жүйе уақытына сай өзгеріп отырады. Экономиканың негізгі күретамырына баланатын күрделі саясатпен санаспау мүмкін емес.
«Баға қай кезде құлдырайды?» деген сұраққа экономист маман Сапар Өмірбайұлы былай деп жауап берді.
«Баға құны екі факторға байланысты реттеледі. Олардың алғашқысы, ұсынылған өнімге жарнама жасау. Қазір білесіз, нарықта жарнамасы жарған, бәсі жоғары бұйымға сұраныс қашан да бар. Бұл орайда тауар өндірушінің жеткізу ұзақтығы, сервис ұйымдастыру, нарықтағы имиджі басты рөлге ие.
Ал негізгісі, құнның ауытқуына әсер ететін сыртқы фактор. Оған өнім шығатын елдегі саяси ахуал, экономикалық саясат, қажетті ресурстардың туындамауы, инфляция көрсетікіштері негізге алынады», – дейді.
Шетелге шектеу қою
Тақырыпты талдау барысында журналистік анкета арқылы тұрғындар пікірін білдік. Нәтижесінде ұғынғанымыз, азық-түлік, күнделікті тұтынатын әлеуметтік тауарлар, коммуналдық қызмет кезек күттірмейді.
Қазақстанның экономикалық өсімі көршілес елдермен салыстырғанда көш ілгері. Жалақы, өзге де ақылы қолдаулар үлесі жыл сайын артса да, жоғарыда аты аталған қажетті заттардың ақысы артқан үстіне арта түседі.
Бағаны тұрақтандыруға арналған арнайы шаралар, арнайы қорлар жұмыстарын жоққа шығаруға болмайды. Соңғы жылдары әлеуметтік азық-түлік тауарларын маусымда сатып алып, жеткіліксіздік кезінде нарыққа ұсыну үшін мемлекет қаржысының көлемі көбейіп келеді. Алайда барлық тауарды бақылауға, жеткізуге билік қауқарсыз. Оған қоймалардың аздығын қосыңыз.
Баға жоғарылауының негізгі себебінің бірі – өнімдердің өзге елдерден тасымалдануы. Импортқа тәуелді мемлекеттің ұтылып отырған негізгі қиындығы да осы. Сапалы өнімді алуға қызығушылық жоғары болса да, ел тұрғындарының басым бөлігіне қолжетімсіз. Тасымал көлемі жоғарыласа, әрбір тауарға кететін шығын аз болатыны анық.
Алдардың ала шапанындай, жырым-жырым болған жалақы былай тартса өгіз, былай тартса арба сынатын көріністі көз алдыңа келтіреді.
«Бау бақша егіп, жемісі мен дақылын сатып күн көретіндердің бірімін. Маусымында шетелден заңсыз кірген, химиялық жолмен егілген өнімдер жаулайды. Ойлап көріңізші, сабағынан үзілген қияр айлап өзгеріссіз тұрады. Жәшіктегі алмалардың ешбіріне құрт түспейді. Кепкен өріктің сақталу мерзімін айтпай-ақ қояйын. Қызғанғаным емес, кімді алдаймыз? Уды сатып, ұрпақты денсаулығынан айыруға барлық мүмкіндікті ашып беріп отыр. Бұлай болмайды, қадағалауы керек», – дейді кәсіпкер Кеңес Өтеген.
Шетелге шектеу қою ұстанымын өзге шаруалар да қолдайды. Қарыз алып, егін егіп, өнімін тиынға пұлдаған олардың жанайқайы назар аудартпай қоймайды.
Несиені несіне аламыз?
Өрісті өсім үстіне отырған көрсеткіштің бірі – кредит алу. Бүгінде бөлшек кредит алуды жатырқамайтын жағдайға жеттік. Не керек болса, бұрынғыдай ағайынды ағалап, араламай, банк, заем беру орталықтарын жағалаймыз.
Қазақстандағы 87,6 процент тұрғынның кредиті бар. Олардың 67 процентінің басында бірнеше банктік берешек бар. 26,8 проценті мүлде қауқарсыз, не іздеуде жүргендер.
Тұрғындардың неге несие алатыны туралы сұрағанымызда, банк қызметкері Бану Аймағанбетқызы төмендегідей көп жауап қатты.
«Кредит алудан қашудың қажеті жоқ. Ол – уақыт туғызған мүмкіндік. Дамыған елдердің бәрінде жолға қойылған.
Жеке тұлғалар тұтынатын кредит – бөлшек кредит. Қазір не көп, мерзімдік акциялар көп. Сондайда тұрғындар тұрмыстық техникалар алады. Мәселен, жаңадан шыққан телефонға қол жеткізуге жастар құмар. Тікелей сатып алуға көбінің жағдайлары жеткіліксіз. Автокредиттер, жылжымайтын мүлік сатып алуға арналған ипотекалар да бар.
Сонымен бірге тауар сатып алуға, шетелге қыдыруға, білім алу, той жасауға байланысты тұтынушылық кредитке жүгінетіндерге тілек тілдірушілер де толастамайды», – дейді ол. Маман маңызды іске мүмкіндік берген жағдайды тез ұмытып, берешектерін беруде берекетсіздік танытатындар көбейіп келе жатқанын қынжыла жеткізді.
Мақаланы жазу барысында нысанаға бір отбасын алдық.
Отағасының айлық жалақысы – 119 мың, жұбайыныкі 141 мың теңге, баласы 77 мың теңге алса, келіні 100 мың көлемінде табыс кіргізеді. Барлығы 437 мың. Үйдегілердің ай сайын төлейтін кредиттік көлемі 281 мың теңге. Одан ауысатын 156 мыңды отбасындағы 8 адамға шақсақ, күнкөріс көлемі 19 мың теңгеден келеді. Әрбірінің үлесіне тиетін ақыға азық-түлік, коммуналдық өтем, жол ақысы, киім-кешек, бензин, жөргек, балабақша шығындарын қосқанда, жан бағуға жеткіліксіздігін көреміз.
Сауда орталығына барып, бір реттік тамақты есептелік.
Дайын тұшпара, картоп, екі бөлке нан, шайға сүт, балаларға тәтті. 6-10 мың аралығындағы шығынды талап етеді. Орташа 8 мың деп алсақ, азық-түліктің өзіне 8 адамға айына орташа 192 мың теңге қажет. Тәжірибе «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген тәмсілді түйіндетеді.
Экономика өсу үшін инфляция, баға деңгейі, ұлттық табыс, жалпы ішкі өнім және жұмыссыздықты жоюға маңыз беру қажет дегені халық қалаулыларының мінберде көтергеніне көп өтсе де, жағдай өзгерді деу қиын.
Пайызы – кредиттер де дамуға кедергі келтіріп отырғанын атап өту керек.
«Ауданға, қалаға жақын ауылдар бомаса, шалғай жатқан елді мекендерде өрлеу, өсу бар деп айту қиын. Жол қиындығы өз алдына. Ауыл халқы қартайып барады. Кінәлай алмайсың. Шаруашылықтан берекет кетті. Мал өсіру көк шығын. Жем-шөбін табудың өзі салмақ түсіріп тұр. Ал егін, бау-бақша егуге су жеткіліксіздігі қолбайлау», – дейді ардагер Ақтәңір Ешмағамбет. Бұл әупірімдеп күй кешіп жатқан ауылдың қазіргі келбеті. Осы беталыс әрмен қарай жалғаса берсе, азық-түлік тапшылығы одан әрі қиындай түспек.
Өршіген өсім
Статистикалық мәліметтерге зер салсақ, өткен жылы жеміс пен көкөніс бір жылда 9,5 процентке өскен. Жаңа піскен көкөніс 9,8 процентке артса, балғын жеміс 15,7 процентке аспандаған.
Алма бағасы 600 теңгеге жоғарыласа, бананның арзаны 900 теңге. Апельсин 1000 теңгеден, лимон 1300 теңгеден басталады. Кептірілген жеміс-жидек 71 процент, яғни 4500-7000 теңгеге дейін қымбаттағаны анықталып отыр.
Қазақстандықтар жыл ішінде қырыққабатты 147-220 теңгеден, сәбізді 168-200 теңгеден, қызанақты 853-1000 теңгеден, пиязды 106-120 теңгеден алған.
Халық көп тұтынатын ет пен құс өнімдері 9, жұмыртқа 14,2, ұн және ұн өнімдері 12,7 процентке көтерілген. Жарма түрлерінде де өсім бар.
Инфляция динамикасы су ақысы, қоқыс, электр энергиясы, демалыстарды ұйымдастыру, қызмет көрсету орындары жұмысы, ұялы байланыс, теміржол, қалааралық автобустағы жол ақысының да өскенін көрсетіп отыр.
Фармацевтикалық өнімдер 10, жиһаз 11,9, құрылыс материалдары 7,2, дизель отыны 15,23, бензин 14,8, сұйытылған газ 13,7 процентке артқан.
Қуанарлығы, пияз 12,9, картоп 11,3, қияр 0,1 процентке арзандаған. Түркия, Қырғызстаннан жететін киім, Қытай елінен тасымалданатын тұрмыстық бұйымдар мен техникалар, жөргек бағасы айтарлықтай төмендеген.
Қазақстан өндірістік қуаттылығы жоғары болмаса, жыл санап өрістеп келе жатқан мемлекет. Шикізаттық сұранысқа ие ел бірте-бірте импорттық тәуелділіктен арылуға қадам басу қажет. Өздерінде өндірілген өнімнің жалпақ жұртқа жетпеуінде, шикізаттың, мамандардың, құрал-қондырғылардың шетелден келуі кедергі. Баға асқақтаса, сұраныс азаяры экономиканың өзгеріссіз аксиомасы. Нәтижесінде жаңа жұмысын бастаған кәсіптердің жабылып қалу, қысқару қаупі орын алады.
Қымбатшылық пен баға өзгерісі дамыған елдерге де тән. Олар осы мәселеге жан-жақты жол іздеуде. Француз жұрты көлемі шағын мәшине мінетіні көпке таныс. Қытайлықтар автокөліктерден бас тартып, қос дөңгелекті көліктерді көбейтсе, Жапондықтар жаппай үнемдеуге көшкен. Өзбекстан мемлекеті көлемді, шетелдік көліктерге өте жоғары сомада салық салады. Біздегі бейжайлық су, жарық, қалдықтардың өзінен байқалып жатады. Дәстүріміз деп, дарақыланып той жасап, дүние-мүлікпен жарысу тағы бар. Қолындағы барын ұқсатуға ұмтылмай, «Үкімет асырауы тиіс» деген сыңаржақ ұстаныммен өмір сүретіндер қатары қалың. Бұлайша бәсекелестік пен баға бұйдасын ұстатпаса, алтын балықты аңсап, «Баға, қайда барасың?» деп теңізге үмітпен қараған қайраңдағы қариядан қандай айырмамыз болады?..
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА