Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлекке салған әлеуметтік сақтандыру

Әлекке салған әлеуметтік сақтандыру

2016 жылы айтылған өзгеріс қазақстандықтар үшін жаңалық болды. Елдегі басты әлеуметтік саланың бірі медицинаға бұрын-соңды болмаған озық елдер тәжірибесін енгізу жайы көтерілді. Уақыт талабы, саладағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесіне саналған солбір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қолданысқа енгеніне де біршама уақыт өтті. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деуші еді. Бұл жолы көпшілік қаласын, қаламасын, қабылданған қарар, шешімдер нәтижесінде жүзеге асқан жаңа реформаны жатсынып, жатырқасақ та, жоба кері қайтарылмады.
Сақтандырудың жаңа түрі осы уақыт аралығында күтілген мақсат үдесінен шықты ма, әлде жұртшылықты қалың уайымға сұқты ма? Сараптауға бел будық.

Жер астынан шыққан жік
Бала күнімізде ақысын төлей алмаған емделушінің аурухана дәлізінде көз жұматын көрінісін көрсететін үнді киноларындағы жағдай бізге де жетті ме деген үрей сананы үдетеді кейде.
Қазақтың ауыз әдебиетіндегі «Жер астынан жік шықты, Қос құлағы тік шықты» дейтін мәтелді ойға оралтатын тәжірибенің әдеттегіше түп-төркінінің қайдан шыққанын білмекке ұмтылдық.
Халық алғашында қарсыласты, әлі дайын еместігімізді білдірді. Алайда «Басталды. Таяқ жерге тасталды» деп қашанғы қаңсықты таңсық көретін дағдымен бұл тағы бір шетелден көшірілген формат тұрмысымызға еркін еніп кетті. Мамандардың айтуынша, халықаралық тәжірибеде өз жақсылығын көрсеткен жобаны қолданып, қолдаушылар қатары қазір көп көрінеді. Әуелде 1971 жылы неміс елінде қолға алынған мұны 1980 жылдардың басында сол ел заңдастырған. Кейін біртіндеп әлемнің бірнеше елі пайдаланыпты. Біздегі ерекшелігі, Қазақстан міндетті медициналық сақтандыру үлгісін таңдау барысында 50-ден астам елдің тәжірибесін зерттеп, зерделеген.
Тағы бір анықтағанымыз, бүгінде әлем денсаулық сақтау саласын қаржыландыруда бюджеттік, сақтандыру және аралас деген үш негізгі үлгіні қолданады. Солардың қатарында өзін-өзі қаржыландыратын, мемлекет үшін де, емдеу мекемесі үшін де тиімдіге саналатын бюджеттік үлгімен Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция сияқты елдер жұмыс істесе, әлеуметтік сақтандыру үлгісі Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропаның 30-ға тарта елінде кездеседі екен. Ал жеке сақтандыру тек АҚШ-тың ғана қолданысында бар болып шықты.

Артқан ақша, өзгеріссіз сапа
Қазақ жерінде тұратын барлық адам бұл жүйенің барын біледі. Оған ай сайын ақша аударады. Алайда оның жай-жапсарына көп көңіл бөлмейді.
«Өзгелерге қарағанда Қазақстанда медициналық сақтандыру қоры аударымдарының көлемі бойынша ең қолайлы жағдай жасалған», – дейді Қазалы теміржол емханасының пациненттердің құқығын қорғау маманы Омарғалы Басымбеков.
Маман бұл медициналық сақтандырудың аралас моделі өз кезегінде денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын қалыптастырып, медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау саласындағы көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етуге қауқарлылығын айтады.
МӘМС – Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған» делінген ережесінде.
Белгіленген баға, бектілген тарифке бойласақ, медициналық сақтандыру бойынша жұмыс берушілер аударатын сома 2017 жылдың 1 шілдесінде айлық жалақының 1 проценті болса, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, сондай-ақ келісімшарт бойынша ақы алатын жеке тұлғалардың жарнасы 2017 жылдың 1 шілдесінде табысына қарай, ең төменгі 2 жалақының 5-тен кем емесі түсуі тиіс делінген.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтің келтірген мағлұматын негізге алсақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің аударымдары 2021 жылмен салыстырғанда 1 процентке ұлғайған. Енді жұмыскерлер үшін аударым 3 процентті құрайды. Түсініктірек етіп тарқатсақ, ең жоғары сомасы 18 000 теңгеден аспауы тиіс. Бұл 10 айлық есептік көрсеткіштің 3 проценті. 2022 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 60 000 теңгені көрсететіні белгілі.
Биылғы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкермен жеке тұлғалардың жарналары үшін табыстарының 2 процентін алады. Егер жалақы мөлшері 10 айлық есептік көрсеткіш яғни 600 000 теңгеден жоғары болса, онда жарналарға тек осы сома ғана төленеді және жарнаның ең жоғары сомасы 12 000 теңге болады.
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 2022 жылға 4 200 теңге делінген. Бұл 1,4 айлық есептік көрсеткіштің 5 проценті.
Басталған жылдың тағы бір жаңалығы – дербес төлеушілер үшін жарна сомасының өзгерісі болып отыр. Ол 3 000 теңгені яки 1 айлық есептік көрсеткіш 5 процентті құраған.

Не ұттық, неден ұтылдық?

Әрбір азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзі, жұмыс берушісі және мемлекетке жүктеледі деген ұстанымдағы жүйе бойынша қаржы шығындары да ортақ жауапкершілік, ал «мұқтаждығы аз адамдар көмекке зәру жандарға төлейді» қағидатымен бөлінеді.
Барлық сақтандырылған азаматтарға табыс пен төлем көлеміне қарамастан, сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету көзделген. Ол әрбір азаматқа өзі емделетін медициналық ұйымды таңдауға мүмкіндік береді, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жарналық төлемдер есебінен өсіп, медициналық көмектің ұлғайып келе жатқан шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.
Білгеніміз, МӘМС енгізілгеннен кейін жалпы практикалық дәрігерлерінің саны артып, олардың жүктемесін төмендеуіне мүмкіндік берген. Сонымен қатар, амбулаторялық дәрілік қамтамасыз етуге мұқтаждар ауқымы мен жиі кездесетін ауруларға бөлінетін дәрілік заттар тізімі артқан. Бірлі-жарым емделуші МӘМС пакеті шеңберінде қымбат оталарға жолдамаға қол жеткізген. Бұл көз көріп, құлақ естіген санаулы жетістіктер тізбесі. Одан өзге жарна аударушылар нені біледі? Нені білуі тиіс?
Тақырып туралы ізденіс барысында тұрғындар талап-тілектеріне ден қойдық.
Ұлбала Ақбаева: «Өзгерген ештеңе де жоқ. Қазақстанда емделушілердің құқығы дұрыс қорғалмаған. Ай сайын аузымыздан жырып, қанша ақы төлесек те, қан талдамаларын анықтауға «Олимп», «Инвиво» сынды орталықтарға ақылы түрде тексертуге тура келеді», – дейді. Аудандағы екі бірдей емдеу ұйымы да аты аталған орталықтарға тегін талдама жасату бүгінде МӘМС арқылы жүзеге асатынын, бұл жағдайдан көпшілік жұртшылықтың бейхабар екенін ескертеді.
«Жақында ауруханаға барғанмын. Жұмыссызбын. Скрингтік тексерілу тегін болатын еді ғой бұрын. Маған 9 айға ақы төлетті», – деген Айбибі Ескеннің пікірін зерттегенімізде, тұрғын жұмыссыз деп танылуы үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тізімінде болуы тиістігін, одан өзге скрингтік тескеру тегін, ал онда анықталған диагнозды емдетуде пакеттің екінші яғни өз салымы іске қосылатынын анықтадық.
«Жеті жылдан бері жоғары қан қысымына байланысты есепте тұрамын. Тегін дәрі алу мүмкіндігім бар. Жақында суық тигізіп ауырып, бір апта бойы үйде жаттым. Суықтау салдарынан денем шаншулап, бүйрек, белім қозғалуға келмей, жағдайым ауырлай берді. Осы кезде кей күндері екі рет жедел жәрдем қызметіне жүгінген жағдайым болды. Сонда менің мен қаралатын емханаға қоңырау түсіп тұрады. Ал учаскелік дәрігерім хабарласқан да, келген де жоқ. Болмаған соң, қан қысымым тұрақтамай, жедел жәрдем арқылы ауруханаға түстім. Ол сақтандыруымның ақысы төленбегеннен бе?» – дейді Гүлжанар Досанова есімді емделуші. Мұндай жағдайда алғашқы медициналық көмек, амбулаториялық тескеру ақысы мемлекет тарапынан бөлінетін пакет арқылы жүзеге асатынын әрбіріміз білуіміз тиіс.
Тақырып аясында мұнан өзге де тоғысқан түрлі түйінді мәселелелер бар. Мәселен Асылзат Мұхтарова: «Меніңше тиімсіз. Ай сайын босқа ақша төлегенше, ауырған кезде бір рет ақы шығындап, ем алу құқығы бізге берілуі керек», – десе, Айбек Ешманов: «Қазір ешкімнің шекесі шылқып отырған жоқ. Сақтандыруда шикілік көп. Ұзақ уақыт алады. Сондай-ақ күнкөріс қамы да қиын тұста неге біреу аударған жарна келесі адам еміне берілуі тиіс. «Мүмкіндігіңе қарай төле, медициналық көмекті қажетіңе қарай ал» дейді. Сонда вип төлеушілер ғана шетелдегі қызметті пайдалана ала ма? Қордағы ақша сақталуы, ол келер жылға өтуі тиіс. Немесе жақындары пайдалануға мүмкіндік тудыру керек», – дейді.
Ал Есен Жұмажанұлы: «Басталғалы бері қаржы аударып тұрған бір мекеменің тұрақты қызметкерімін. Бірақ бірде-бір рет пайдаланып көрмедім. Жаңа жүйеге қарсылығым жоқ. Бірақ демократиялы қоғамда таңдау еркіндігі болуы керек. Мәселен, маған әлеуметтік сақтандыру қажет емес. Ал қажетсінгендер болса, тұтынсын», – дейді сөзінде. Өзін Нәбира деп таныстырған келіншек 1406 қызметіне қанша рет қоңырау шалғанын, ешбірінде жауап ала алмағанын айтып шағымданады.
МӘМС азаматтар мен жұмыс берушілер арасында денсаулық сақтаудағы ортақ жауапкершілікті арттырып, жүйедегі қаржылық тұрақсыздықты түзеуге айтарлықтай атсалысты. Алайда «Аузы күйген үріп ішеді» деп өткен ғасырдың соңында сәтсіздікке ұшыраған жоба әлі ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Тәжірибеден шаршаған жерлестер бәсекелестікке бастайды деген бастаманың әлі де толықтыруы, қарауы тиіс тұстарын байқап үлгерді. Мәселен, жыл сайын үдей беретін төлемді тұрақтандыру қазіргі уақытта басты мәселенің біріне айналуы тиіс. Бастау алғанына бірнеше жылдың жүзі өтсе де, қолжетімділік пен оңтайлылығын онша көрсете қоймаған жүйеден жұртшылық әлі де үмітті. Ұлт жоспарындағы ұтымды жоба деп қолға алынған МӘМС – қазақстандықтар үшін тек қаржы құю орталығы ғана емес, қал-жағдайын қадағалап, өмір сүру сапасын жақсартуға бастайтын амалдардың алғышарты болса игі.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
23 қаңтар 2022 ж. 549 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031