Сыр суы неге сарқылды?
Жыл сайын көлемі кішірейіп бара жатқан Сырдария өзенінің бүгінгі күйі көңіл жабырқатады. Су тапшылығы аймақтың эко-жүйесіне және ауыл шаруашылығына да әсерін тигізуде. Салдарынан облыстағы ең үлкен Қамбаш көлі жағалаудан 600 метрге алыстаған. Мәселе талай көтерілсе де, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бүгінгі журналистік зерттеу осы тақырыпты қаузамақ.
Сырдың суы сирақтан келмей тұр
Өткен жылы Сыр өңірінде дария суының азаюы салдарынан суармалы егісте су тапшылығы қатты байқалды, жергілікті өнім күрішке қатысты мәселелер туындады. Өзен табаны жоғарыдан ағызып әкелінген құмға толып, әр жерде қайраңдап қалған. Бұл жағдайға әсер еткен түрлі себеп бар. Бірі, су басында отырған қырғыз бен өзбек ағайындар суға сараңдық танытып, қажет уақытында босатпағандығынан туындаса, енді бірі өзенді жолшыбай егістік пен өнеркәсіптер шектен тыс пайдалануынан болып отыр.
Деректерге зер салсақ, әлемде ірі өзендердің барлығы дерлік трансшекаралық саналады. Сондықтан да олардың жағдайы сол мемлекеттердің шешіміне байланысты.
Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы – 2219 болса, ал Қазақстан жеріндегі ұзындығы – 1400 шақырым. Ол Түркістан мен Қызылорда аумағы. Су ағынын реттеп, суын егістік пен шабындықтарға суаруға және суландыруға тиімді пайдалану үшін оның бойында бірнеше бөген мен канал салынған. Бұл Қырғызстандағы Тоқтағұл, Тәжікстандағы Қайраққұм, Өзбекстандағы Айдаркөл мен біздің елдегі Шардара қоймалары дарияны реттеуге арналып салынғанымен, өзеннің суы азаюына кедергісін тигізген. Ал дарияның Түркістан тұсынан салынған Көксарай суқоймасы салдарынан Қызылорда өңіріне үлкен су тапшылығын туындатқан. Жағдай өз кезегінде реттелмесе, Кіші теңізден де айрылып қалуымыз ғажап емес. Оған қоса экологиялық-экономикалық қана емес, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, халықаралық деңгейдегі мәселе ушығары сөзсіз.
Күші жоқ келісім
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның Су шаруашылығы министрлігін басқарған Нариман Қыпшақпаев:
– Жалпы Сырдария алабының жылдық су қоры орта есеппен 37 миллиард шамасында. Ал қазір 4 мемлекеттің су тұтыну шығыны 50 миллиардтан асып кеткен. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан жалпы көлемі 3,5 миллион гектар алқапты Сырдария бассейнінен суарады. Оның сыртында халықтың ауызсуы, өндірісі, коммуналдық шаруашылығы бар. Коллектор мен кәрізден, егістен шығатын 12-13 миллиард лас суды қайта кәдеге жаратудамыз. Осылайша Сырдарияның табиғат ресурсының 150 процентін пайдалануға мәжбүрміз. Соның салдарынан Аралға бір қасық су да құйылмай жатыр, – дейді. Сол салада алпыс жылдан астам уақыт қызмет еткен азаматтың әңгімесінен төмендегідей жайларға қанығуға болады.
Дариядан су алу жүйесі шартты түрде 3 ағысқа бөлінген. Төменгі ағыстан Шардара қоймасы арқылы реттелетін су түгел Қазақстанға тиесілі болуы шарт. Оның жылдық көлемі – 12 миллиард текше метр. Бұдан төменде 3 миллиард текше метр суы бар Арыс-Түркістан суармалы зонасы орналасқан.
Ортаңғы ағысқа Мақтарал ауданы кіреді. «Достық» каналы Өзбекстан мен Қазақстанға ортақ. Яғни біз жыл сайын 1,3 миллиард м3 су алынуы межеленген. Дәл осынша суды өзбектер де тұтынады. Одан кейінгі Шыршық өзенінің жылдық су қоры – 8 миллиард м3. Өзеннің 5 миллиард текше метрі Шардарадағы 12 миллиардта. Қалған 3 миллиард судың 1,1 миллиарды біздің меншігімізге тиесілі. Ал Келес, Жызақ, Ханым сияқты Ташкенттің іргесінен ағып жатқан бірнеше канал арқылы Сарыағаш, Қазығұрт аудандары Шыршықтың суымен егістерін суарады. Шыршықтың қалған 2 миллиард текше метрі Өзбекстанға еншілі.
Бұдан шығатын қорытынды 17,4 миллиард текше метрді жыл сайын Сырдария бассейнінен алуды міндеттейді. Бұл 37 миллиардтың 38 проценті Өзбекстандікі, 52 проценті Қазақстандікі екендігін ұқтырады. Сондай-ақ Солтүстік Аралдың жеке үлесі бар. Қалған 10 проценті Қырғызстан мен Тәжікстанға тиесілі. Бөліске тек таза су тұрса, қайта кәдеге жарататын 12 миллиард текше метрі тыс қалған. Бұл ластаған су да өз керегіне жаратылуды қажет етеді.
Өкпе өзбекте ме, қырғызда ма?
Қазіргі басты мәселе қажетті мөлшердегі суды дарияға жібермеген Тоқтағұл қоймасында. Бұл орайда да сұңғыла сарапшы Н.Қыпшақбаев ұсынған жолды атап кетпеске болмайды.
Бір кездері елімізде Сырдария мен Әмудария бассейндік шаруашылық бірлестіктері жұмыс істеген. Осы кезде бірлестікті өзбек, қазақпен бірге тәжіктермен түзу жайы қаузалған. Бұл су бөлінісінің әділдігіне әсерін тигізері сөзсіз.
Осы тұста қағазда бар судың есепте дұрыс шықпауына Қырғызстанды айыптайтындар осы күмәнді алға тартады. Яғни Қырғызстан Сырдарияның басынан суды жеткілікті мөлшерде босатпай отыруы мүмкін. Қазақстанның негізгі үлесі етектегі Шардара су қоймасына келеді. Жол ортада Тәжікстан мен Өзбекстан өздеріне тиесілі суды жеткілікті мөлшерде алады да, Шардараға нақты 12 миллиард текше метр су толық жетпейді. Әр тораптағы су бөлінісін ғарыштан бақылап, Өзбекстан аумағындағы ғылыми-ақпараттық орталық пен бассейн бірлестіктерінің мониторинг мәліметтерін жалпыға қолжетімді етпесе, Өзбекстан мен Қырғызстанның қайсысы қонышына басып отырғанын ашып айту қиын. Тіпті Қырғызстанның кінәсі дәлелденген күннің өзінде олардың уәжі дайын.
1982 жылы Мәскеудің пәрменімен жасалған келісімде Қырғызстан Сырдарияның суын етектегі елдерге жеткілікті мөлшерде бөлуге міндетелген. Есесіне қыс кезінде Қазақстан Бішкекке көмір, Өзбекстаннан газ жеткізіледі. Осылайша қыста көршілері берген отын мен жылу электр стансасын қосып, жазда өздеріндегі СЭС-тен қуат алады.
1992 жылы келісім қайта ратификацияланған кезде энергетикаға жауапты министрліктер келіссөзден тыс қалды да, шарттың бұл тарауы ескерілмеді. Қазір Сыр бойындағы жұрттың жазда су тапшылығынан, қыс пен көктемде тасқыннан зардап шегетіні осыдан.
Қамбаш көлі көзден ғайып бола ма?
Кезінде айдынында балығы тулап, құстары шулаған бұрынғы Қамбаштың соңғы үш жылда аңқасы кеуіп, құрып барады. Ұшы-қиыры көрінбейтін үлкен айдынның суы бірнеше бөлікке ыдырап, ұсақталып барады. Көлмен бірге маңындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі де тарылып, тұрғындардың жағдайы қиындай түскен.
Жалпы Сырдария Аралға сарқылып әрең жетеді. Салдарынан Тоқбай, Тасарық, Қаязды сынды шағын көлдер бүгінде кеуіп қалған. Енді «Қамбаш пен Ақшатау көлдер жүйесін сақтап қалу үшін дарияны бөгейтін тоспа салудың маңызы зор», – дейді эколог Сайлаубай Жұбатыров.
– Аманөткелдегі тоспаның салынуы күн тәртібіне қойылуы қажет. Әзір бұл тек жоба күйінде тұр. Енді осыны тездетіп жүзеге асыру керек. Өйткені Қамбаштан айрылып қалу бізге үлкен өкініш әкеледі. Дарияның өзінде су мөлшері өте төмен.
Өткенге көз жүгіртсек, жарты ғасыр бұрын Сыр өңірінде 3 мыңнан астам ірілі-ұсақты көл болған. Содан бері сақталып қалғаны 200-дей ғана. Соның ішінде, небәрі 55 айдында балық шаруашылығы қолға алынған. Қалғанының жай-күйі белгісіз. Жалпы соңғы жылдың бедерінде мамандар 17 көлдің тартылғанын айтады. Егер дария деңгейі көтерілмесе аймақтың көлдер жүйесі үлкен апатқа ұшырауы мүмкін, – дейді эколог.
Расымен әр жазда жағалауынан жұрт арылмайтын Қамбаш көліне баратындар сап тыйылды. Көлемі жағынан кіші Аралдан кейінгі ірі көлге асығып жеткендер жағалауы кемірілген бұрынғы айдынды көре алмағаны анық. Сырдария өзеніндегі су тапшылығынан бір жазда көл жағалауынан шегінген. Мамандар жыл сайын бірнеше тонналап балық ауланатын ондағы тіршілік иелерінің жайын айтып, мәселе көтерген. Сондай-ақ ауыл тұрғындары да тартылған су табанынан шыққан күлімсі иіске тұншығып отыр.
Осы жылы су тапшылығының боларын мамандар ертеден болжаған. «Қазсушар» РМК облыстық филиалы, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы 2020 жылдың желтоқсанынан алда егілер күріш көлемін 78 500 гектардан асырмау керектігі жөнінде ұсыныс берген. Оны облыстық әкімдік шаруашылықтарға егіс науқанынан бұрын ескерткен. Бірақ соған қарамастан биыл 90 мың гектардан астам күріш егілді.
– Қазір екінің бірі күріш егуге құмар. Мемлекеттің осы салаға қолдауын пайдаланып қалғысы келетіндер көп. Бірақ оның қоршаған ортаға әсерін де ойлауымыз керек. Биыл барлық жерде су тапшы. Тіпті өзбектер мақтаны 50 процентке дейін азайтты деген-ді. Ал бізде керісінше күріш алқабы өсті. Осының салдарынан биыл Қамбаш қатты тартылуда. Кезінде мақта мен күрішке су алып, Арал кепкен-ді. Енді сол шекпенді Қамбашқа кигізсек, айдынды орнына келтіру қиын болады, – дейді Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жұмахан Нұрсейітов.
Егіннің жайы не болмақ?
Бүгінгі күні Қызылорда өңірінде суармалы жер көлемі 185 мың гектарды құрайды. Әрине мұның бәрі Сырдария өзеніне тәуелді. Бүгінде Қызылорда су торабы эксплуатациялық мерзімінің келуіне байланысты күрделі жөндеуді қажет етуде. Түркістан облысының суармалы жер көлемі – 530 мың гектар. Қызылорда облысында 241 мың гектардың инженерлік жүйеге келтірілгені – 185 мың гектар. Бұл арнайы күріш ауыспалы егісіне бейімделіп жасалған. Су тапшылығын жою мақсатында облыс басшылығы тиісті мамандармен бірлесе отырып көптеген жобаны іске асыруда. Жаңақорған, Шиелі аудандарының суармалы егіншілік жерлері теңіз деңгейінен биік. Осыған орай екі ауданда Сырдария өзеніне үрлемелі тоспа қойылды.
Соңғы жылдары өңірде күріш көлемін азайту туралы үлкен сұрақ туындатты. Өңірдің егіндік жер жағдайы негізінен шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан. Күріштің экологиялық дақыл екендігін ғалымдар да жан-жақты түсіндіруде.
Мемлекетаралық Сырдария өзенінің суын реттеуде үш мемлекет президенттерінің өзара келісімшарттық негізінде шешіледі. Қыс мезгілінде Сырдария өзеніне жоғарыдан түсетін су елді мекендерге тасқын қаупін төндіреді. Бұған тосқауыл қойып, Тоқтағұлдан суды қыс мезгілінде аз жіберу үшін, Қазақстан тарапынан өтінім берілген. Сондай-ақ Шардара су қоймасындағы артық суды Арнасайға жіберуге Өзбекстанға өтініш жасауға тура келеді. Шардара су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіліп, суды сақтау деңгейі артқан жағдайда, екі облыстың да суармалы егіншілігіндегі су тапшылығын жою мүмкіндігі артады.
Қазіргі кезде облыстағы суармалы алқаптардың жағдайы өте төмен. Күріш атыздарының тегістігі талаптарға сай емес, суару және қашыртқы-кәріз желісі көміліп, жақтаулары құлап, қамыс басып, гидротехникалық құрылыстар істен шыққан. Бұндай жағдайда егін алқаптарында суды үнемді пайдаланып, өсірілетін дақылдардан жоғары өнім алу мүмкін емес. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қ.Бегалиев пікір білдірді.
– Институт ғалымдары күрішті суаруда қажетті су реттегіш құрылғыларын жасап, өндірістік жағдайда көрсетіліп, Сырдария ауданының «Шаған-Жер» және Жалағаш ауданының «Ер-Әлі» шаруашылықтарының күріш атыздарына орнатып, сынақтан өткізді. Бұл автоматтандырылған құрылғылар күріш атыздарына су беруді, есепке алуды және қашыртқылауды тәулік бойы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сушының жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттырады және құрастырылуы мен басқарылуы оңай құрылғының бағасы да қолжетімді, – дейді ол.
Облыс әкімдігі де мәселенің қаншалықты күрделі екенін жақсы түсінген. Бірақ түйін жеке шаруашылықтарға байланысты. Олардың қанша алқапқа күріш егіп отырғанын да анықтау қиын. Тексеру үшін тиісті орындардың рұқсатын алуға уақыт кетеді. Барғанның өзінде шаруа қожалықтарының басшылары бизнесті тексеруге жарияланған үшжылдық мораторийді көлденең тартуда.
Келесі жылы да су көбейе қояды деген үміт аз. Былтыр осы уақытта қырғыздардың «Тоқтағұл» су қоймасында 17 миллиард текшеметр су тұрған, қазір ондағы көлем 15 миллиард текше метр ғана. Өзіміздің Шардарада өткен жылы осы мезгілде 1,5 миллиард текше метр су сақталса, қазіргі мөлшері 850 миллион төңірегінде.
Арал амандығы Сырдарияға байланысты
Арал теңізінің кебу себебі белгілі. Суаруға арналған суды талдаудан теңізге құятын екі өзен, Сырдария мен Әмудария оны толтыруды тоқтатты, ал ыстық, шөлді климат жағдайында Арал теңізі біртіндеп буланып, қысқара бастады. Құмды, тұзды батпақтар мен балық аулайтын кемелердің тот басқан қаңқаларын қалдырды.
Еуропалықтардың көбі үшін Орта Азия әлі күнге дейін толық зерттелмеген аймақ. Бұл аумақтағы ірі өзендер ежелгі мемлекеттердің бесігіне айналды және мыңдаған жыл бойы жерді тасымалдау, балық аулау және суару үшін пайдаланылды. Сырдария мен Әмудария Арал теңізінің толық кебуіне жол бермейтін негізгі өзен. Орналасқан жері бойынша, әлем картасында байқалғандай, Әмудария Сырдарияның оңтүстігінде орналасқан Арал теңізі. Тұзсыз Арал теңізі Өзбекстан мен Қазақстан мемлекеттерінің шекарасында орналасқан.
1960 жылдан бастап ағып жатқан өзендерден көп мөлшерде су алу салдарынан оның деңгейі тез төмендей бастады. Таяздау басталғанға дейін Арал әлемдегі төртінші үлкен теңіз болып саналды. Бүгінгі таңда теңіз бастапқы жағалау сызығынан 100 км қашықтықта орналасқан.
Өткен ғасырдың ортасынан бері жүргізілген статистикаға сәйкес, теңіздегі су деңгейі әрдайым дерлік ауытқуларға ұшырады. Алайда ең жоғарғысы 1980 жылдардың аяғында, теңіз 2 бөлікке бөлінген кезде келді. 2003 жылға қарай Теңіз ауданы бастапқы көлемнің төрттен бір бөлігін құрады, ал су деңгейінің абсолютті көрсеткіштерінің төмендеуі 31 метрге жетті.
Аралдықтар теңіздің қайта толатынынан үмітті. Дегенмен оны аман алып қалудың өзі Сыр суына байланысты.
P.S: Дәл осындай тапшылық 2008, 2014 жылдары байқалыпты. Ал 2017 жылдың көктемінде секундына түскен 800-1400 текше метр су арнаға сыймай абыржытқаны бар. Сыр ананың сағасын мекендеген қазекең су мол жылдары әр көктемде әбігерге түсіретін Сырдың долы мінезін сағынғандай. Өңірдегі әрбір тұрғынның жүрегі күннен-күнге құмға толған дарияны көргенде қан жылайды. Ендеше Сырдария жағалауын қоныстаған жұртшылыққа өзеннің арнасы қайта толғанын көруді жазсын.
Абзал ЖОЛТЕРЕК