Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенттегі келелі өзгерістер

Кенттегі келелі өзгерістер

Қаңтар басталса ауылдағы ағайын кеңес құрып, округтың, ауданның әкімдері жыл бойы атқарған шараларды електен өткізетіні бар-тын. Бұл басшы-қосшылардың елдің алдында есеп беруге дайындығын пысықтап, жұртпен етене жақындастыра түсетін. Биыл әлемдік пандемия кесірінен, сақтық шараларын сақтау мәжбүрлігінен әкімдер есебі онлайн форматта өтіп жатыр. Есесіне елдегі кейбір келеңсіздік жайын жасырмай айтатын ағайынның аузын аңдып, барынша сөйлетпеуге тырысатындардың міндеті кеміді. Zoom платформасында өтетін есептің артықшылығы да осында жатыр: кез келген тұрғынға сөйлеуге кезек беріледі. Ал кеше кент әкімінің қоғамдастық алдындағы кешегі өткен есепті кездесуінде былтыр атқарылған ақжолтай жаңалықтар жайы айтылып, биылғы жылдың жоспары таныстырылды.

Ел тілегі ескерілді ме?
Өткен жылы әкімдердің есеп беруі дәстүрлі түрде өткенін білеміз. Кент әкімінің қоғамдастық мүшелерімен кездесуі де барлық санитарлық талапты сақтай отырып, оффлайн өткенін алдымен айтайық. Бүгінге дейін ел тізгінін ұстаған азаматтар елді мекендерді түгел аралап, халықты алаңдатқан мәселелерді, ұсыныс-пікірді қойын кітапшаларына түртіп алған. Кезек кенттегі жиынға келгенде ұсыныс білдірген тұрғындар саны еселене түскен. Бірнеше сағатқа созылған пікіралмасудан кейін хаттамаға 28 азаматтың айтқандары тіркелген. Кеше кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров осы мәселе жайын тарқатып айтып берді.
– 2020 жылы өткізілген есепті кездесуде тұрғындардан түскен отызға жуық ұсыныс-пікірдің бүгінде сегізі орындалды. Көбіне кент тұрғындары өздері тұратын аумақтағы жол, жарық, көшелерді жөндеу, жаяу жүргінші жолдарын салу мәселелерін көтереді. Бюджеттің жылдық мүмкіншілігі бұлардың барлығын орындай алмағанымен, жоспарға сай жұмыстар жүйелі атқарылуда. Сонымен бірге былтыр ұсынылған 20 ұсыныс бойынша тиісті жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржының бөлінуіне кезекке қойылғанын айта кетейін, – деп сөз бағытын кенттегі жаңа кәсіпкерлік нысандарға бұрды.

Іскерлердің ілкімді жобалары
Ауылшаруашылық саласында тер төгіп жүрген еңбек адамдарының тұрғындар сұранысын өтеудегі рөлі ерек екені түсінікті. Биыл да азық-түлік қауіпсіздігін қамту және кәсіпкерлік бағытында Әйтеке би кентінде 10 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, халыққа қол жетімді бағада бау-бақша өнімдері ұсынылған. Әсіресе Covid-19-ға байланысты Қазалыда карантин режимі енгізілгенде басқа аймақтардағыдай тапшылық байқала қоймады. Бұл саладағы үйлесімді жұмыстың жемісі екені анық.
Тышқан жылында бір тиынын екеу қылуға ниеттенген азаматтар саны артқаны көңіл қуанатады. Бүгінде кентте тіркелген 3289 кәсіпкердің 2953-і белсенді жұмыс істеп тұрғанын еске салайық. Оған былтыр тура 748 кәсіпкерлік нысанының жаңадан ашылғанын қосыңыз. Ал ойға алған ісіне сай ғимарат салу үшін әкімдікке 31 кәсіпкер өтініш тастаған да, жылдың соңына дейін барлығының сұранысы қанағаттандырылған. Жалпы алғанда статистиктер Әйтеке би кентіндегі іскер азаматтардың белсенділік үлесін 90 процентке жуықтатқаны кәсіпкерлікке қолдаудың деңгейін әспеттеп тұрғандай.
Бұдан бөлек «Бизнес-Бастау, «Бизнес-Кеңесші» жобасының жайы жұртшылықты қызықтыратыны анық. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 182 адамның 160-ы оқу курсын аяқтап, жобаларын қорғады. Әкім баяндамасында «Бизнес-Мектеп» жобасымен 44 адам оқуды аяқтағаны да айтылды. Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен 20, кепілсіз түрде 48 тұлғаға бір жыл мерзімге несие үлестірілді. Қазір олардың талаптары тіршілікке айналып, өздерін қамтамасыз етіп отыр.
Былтыр қазалылықтарға жаңадан қызметін ұсынған «Zeta Qazaly» дүкені, көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма, автокөліктерге арналған «Автодом Қазалы» цехы, «KIWI» маркет сауда орны, «Орамалды ханшайым» дүкені, «Arzan», «LUX», «KEREMET» көлік жуу орталықтарын ерекше атап өтуге болады. Өйткені олар аудан бюджетін еселеп ғана қоймай, кент келбетін көріктендіруге септігін тигізуде.

Келісті келбет – кентте
Әйтеке би кенті аудан орталығы болғандықтан сырттан келген қонақтар аудан әлеуетін, келбетін кент көшелеріне қарап бағалайды. Әсіресе теміржол вокзалынан бері қарайғы аумақ қонаққа жағымды әсер қалдыруы керек. Осы үшін жыл сайын бюджеттен «Абаттандыру және көркейту-көгалдандыру» деген желеумен қомақты қаржы қаралады. Былтыр бұл сомма 111 миллион теңгеден асып жығылған. Қайрақбай Орынбасаров жұрт алдындағы есебінде қаржының ­басым бөлігін кент әкімдігінің ғимаратын жөндеуге, Әйтеке би ескерткішінің айналасын көркейту-көгалдандыруға, Әйтеке би, Т.Бөріқұлақов көшелерінің қиылысына қос бірдей электронды табло орнатуға және 5 қабатты үйлер ауласындағы балалар ойын алаңын жөндеуге бағыттығандарын айтты. Сондай-ақ М.Дулатов, Г.Ельховиков көшелеріне жасанды футбол алаңын салып, аялдамаларды жаңартуға, Әйтеке би ескерткіші аумағына жаяу жүргінші жолын төсеуге де біраз тер төгуге тура келген. Ал көзге жауыр, миға салмақ салған Жанқожа батыр көшесіндегі көпқабатты үйлер мен Қ.Ерімбет, Я.Михайлюк көшесіндегі пәтер ауласы қалыпқа келтірілді.
Кент аумағында көлік пен жүргіншілер көп қатынайтын, алайда жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмаған көшелер көптеп саналады. Мұны әкімдер де жасырмайды. Өткен жылы О.Жанәділов көшесіне жаяу жүргінші жолы салынғанын білеміз. Бірақ ауқымды мәселе туралы сөз осымен тәмәмдалады.
Қоғамдық орын мен адамдар көп жүретін аумақтағы қауіпсіздік пен қылмыстың алдын алу мақсатында орнатылған бейнебақылау камераларына былтыр жақсы көңіл бөлінді. Елуге жуық камера жыл аяғына дейін жөндеу көріп үлгерді. Қалған қаржы аяқсу арықтары тазаланып, орталық алаңдағы LED экранды ауыстыруға, Әйтеке би көшесін жаңа жылдық безендіруге жұмсалған.

Жөндеу жұмыстарының жайы
Өткен жылы кенттегі бірқатар көше тегістеліп қалғанын айттық. Оның ішінде Ж.Молдағалиев, Жанқожа батыр, Абай тұйығы, С.Нұрқатов, Кішкене ата, Құланбике ана, С.Тәжібаева, Нұрила ана, Жәмет-жырау, Райымбек батыр көшелері бар.
Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы бөлінген қаржыға Т.Әубәкіров, С.Сейфуллин, Ж.Шеріпов, Ә.Молдағұлова, Н.Жәлімбетов, Сырым батыр, Біржан сал, Ә.Нұрпейісов, Желтоқсан, Төле би, Ә.Тыныбаев, Қ.Сәтбаев, М.Ғабдуллин, Р.Бағланова көшелері асфальтталды. Жолшылар Жанқожа 3 км, Т.Жұмабаев көшесіне де орташа жөндеу жүргізді. Бірер айдан кейін ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Жолдар жөнделгеннен кейін оны жарықтандыру мәселесі кезекте тұратыны түсінікті. Биыл шамдар бұйырған көшелердің тізіміндегі Жанқожа батыр, Әйтеке би, Р.Бағланова мен кентке кіреберіс жолдар ерекше аталды. Өйкені сондағы 200 дана жарықшам істен шығып, жаңасына ауыстырылған. Бұған қосымша Е.Көшербаев көшесінің Т.Бөріқұлақов пен Қ.Пірімов аралығына жаңа бағаналар тұрғызылды.
Кент әкімі «Жұмыспен қамтудың Жол картасы бағдарламасы» аясында іске асқан жобалар жайыннан да хабар берді. Ауқымды жоба іске асырылғанда «Ақбота» бөбекжай-балабақшасының ғимараты жөнделіп, Жалаңтөс батыр көшесіне түнгі жарықшамдар орнату жұмыстары мәресіне жетіп, «Қазалы-Су сервис» мекемесіне қарасты Р.Бағланова көшесіндегі кәріз жүйесі жөндеу көріп қалған.

Тазалық – табалдырықтан басталады
Осыдан бірер жыл бұрын кенттегі тазалық сын көтермейтін. Оған кент айналысындағы заңсыз қоқыстар алаңы қосылып, бағытты жұмысты жоққа шығаратын. Соңғы кездері санитарлық сақтыққа көңіл бөлініп, «табалдырықтан» бастап тазалау жүйелі жүргізіліп келеді. Кент әкімінің сөзіне сенсек, жыл көлемінде 7250 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар қоқыс жинау алаңына шығарылған. Бұл тұста мердігер мекеме «Эко-Сервис-Строй-Консалтингтің» абыройы биік. Өйткені серіктестік тарапынан күнделікті 38 қызметші тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуде.
Аталған мекеменің теңгеріміндегі камаз, погрузчик, тіркемелі трактор техникаларымен Әйтеке би кенті көшелеріндегі тұрмыстық қалдықтар тазаланып, шөптері шабылып, қоршаулары мен бордюрлары әрленді. Атап айтқанда, Әйтеке би, В.Счастнов, Қ.Пірімов, Жанқожа батыр көшелерінің бордюрлары тазартылып, жол жиектерінің қоқыстары алынған.

Елді еңбекке тарту – күн тәртібінде
Жыл өткен сайын кенттегі жұмыссыздық мәселесі сұйықтанып келеді. Десек те әкімдік тарапынан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, әлеуметтік көмек көрсету тоқмейлісіген емес. Мәселен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасымен жұмыссыз азаматтарды техникалық және кәсіптік білімге оқыту жолға қойылған. Сәйкесінше, түрлі мамандықтарға жиырма адам бір айға оқуға жіберіліп, куәліктерін алды. Жыл көлемінде жұмыссыздық есебіндегі жеті жүзге жуық тұрғын мекеме, кәсіпорындарға уақытша қоғамдық жұмысқа жіберілсе, мемлекеттік «Жастар тәжірбиесімен» 105 адам қызметке келген. Әлеуметтік жұмыс саласына 44 азамат тартылғаны тағы бар. Мұның бәрі өткен жылы жаңадан ашылған 900-ге жуық жұмыс орындарының есебінен жүргізілгенін айта кетейік. Қ.Орынбасаров жұмыссыздық есебіндегі 1414 адамның 708-і тұрақты, 84-і уақытша жұмыстарға орналасқанын мәлімдеді.Тура 222 тұрмысы төмен отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Әкім қандай уәде берді?
Жылдық есептік кездесуде әкімдердің алдағы жылы қандай жобаларды іске қосатыны сөз болатыны үйреншікті жағдайға айналды. Мұны ел басқарып отырғандардың өзі жұрт алдында айтқандықтан, жауапкершілік жүгін арқалайтыны анық. Биыл кент әкімі көшелерді кезегімен жөндеуден өткізуге, түнгі жарықтандыруды ұйымдастыруға, оның ішінде кенттің шет аймағындағы жаңадан ашылған кварталдардың өзекті мәселелерін шешуге күш салатынын айтып қалды. Сонымен бірге жаяу жүргінші жолдарын салуды көздеп отыр.
Әйтеке би кентіндегі бесінші кварталдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде мәдени, спорттық нысандар салу және қорымдарды қоршау күн тәртібінде тұр. Бұдан бөлек әкім тұрмыстық қызмет көрсету орындарын көбейтіп, кәсіпкерлік бағытындағы жаңа жобалардың іске асуына қолдау білдіретінін, жұмыс орындарын ашуға ден қоятынын айтты.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
02 ақпан 2021 ж. 2 315 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031