Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚЫЛЫ АҚЫЛ жолды аша ма, барды шаша ма?

АҚЫЛЫ АҚЫЛ жолды аша ма, барды шаша ма?

«Өміріңді түбегейлі өзгерткің келсе, бізге жазыл!», «Сен әлемді құрушысың!», «Ойыңды ойлантсаң, мол қаржы қолыңда!» Осыған ұқсайтын жарнамалы аффирмацияға толы афиша мен әлемжелідегі жазбадан көз сүрінеді. Бизнеске баулу, кәсіби біліктілікті артыруға арналған бағыт берушілердің жайы бір басқа. Өздерін отбасылық үйлесімділікті түзіп, түпсананы түрлендіріп, қоғамды өзгертуші саналатын коучингтер кімдер? Адамдардың басына сенімсіздік, қиындық туғанда жүгінетін жері дәл осы. Олар көпке қалай әсер етуде? Расымен ақшаға алған ақыл үйімізді ғажайыптар ғибадатханасына айналдырып жүр ме, әлде соқыр сеніммен сананы сөндіріп келе ме? Бұл туралы сауалды ортаға тастадық.

Шамшагүл Меңдібаева:
Әркімнің бағы өз қолында
– Соңғы уақыт мен үшін үлкен қиындықтармен сынады. Отбасылық мәселе, басқа да түрлі қиындықтар шырмауына шырмалдым. Мұндай жағдай көптеген отбасындағы ошақ қасында отырған нәзікжандылардың басында кездесетіні жасырын емес. Осы жолдан өзімді-өзім қолға алу арқылы шығып, биігімді бағындырдым. Кешегі ой – бүгінгі тұрған жеріміз, ал бүгінгі ой – ертеңіміз. Жадымызды жандандыру, үміт үдесінен көріну өз қолымызда екенін білдім. Осы жолда «жеңімпаз күнделігі» аталатын дәптерім арқылы 90 күн үзіліссіз жұмыс істеп, барымды бағалап, бұрынғыдан да көп жетістікке сөз, ой, өзімді өзгерту арқылы қол жеткізіп, өмірімді жақсы арнаға бағыттадым. Өзімнің жаңа қырымды ашу арқылы армандарымның жүзеге асқанын мен ғана емес, айналамдағылар да айқын аңғарды. Әйелі дұрыс емес үйдің үйі де, балалары да дұрыс болуы мүмкін емес. Қиындықтардан құтқарушы коучтар қызметі қоғамға қажет деп білемін.

Құралай Ошақбаева:
Бір әйелдің бағы жанса, менің жетістігім
– «Коучинг» сөзінің мағынасы coaching – оқыту, жаттықтыру дегенге саяды. Оның классикалық консалтинг пен тренингтен өзгешелігі кеңес және қатаң ұсыныстарға бағынбай, шешімді келушімен бірлесе отырып шешеді. Коучингте адамның жеке, отбасылық немесе бизнестегі, өміріндегі мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу көзделеді. Қазақ қоғамына енді ғана енген жаңа ұғымды жатырқамай, керісінше, тиімді тұсын алып, қажетімізге жаратуымыз керек. Мақсатым, ұяң қазақ қызының өзінің қоғамдағы орнын табуына жәрдемдесіп, бір отбасының болса да бұзылуынан алып қалсам, мен үшін үлкен жетістік. Менің ерекшелігім, қолжетімділігім. Маған хабарласқан мыңдаған қазақ әйелінің жұлдызы жанып, жарының бабын тауып, балаларына үлгілі ана болса, оның несі айып?!
Бұл «Молданың жасағанын жасама, айтқанын жаса» дегендей жалаң, жаңсақ терминдерді насихаттау емес, өзімнің жүріп өткен жолым. Ізденісім мен біліміме ақы алу лайықты деп ойлаймын.

Қадіркүл Жұбатқанова:
Қазақтың аффирмациясы – ата-тегі, мотивациясы – бала-шағасы
– Ұзақ жыл ұстаз болып қызмет атқарғандықтан, жаңалықтардың қай-қайсысына да ден қойып, оны сараптап, санамалауды дағдыға айналдырғанбыз. Соңғы жылдары бір-екі рет коучтардың алдын көріп, ақылды болып, оңай байлық пен мол айлыққа қол жеткіземін деушілер қатары көбейді. Бұл жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге дағдыланған бүгінгі буынның әрекеті, болашақтың қасіреті. Адамға ақыл-парасат атаның қанымен, ананың тәлімімен, оқу, іздену, тәжірибемен келмеуші ме еді?!
Қазақтың халықтық педагогикасында ешқандай мін жоқ. Бір ауыз сөзге бүкіл ойын сыйдырған данышпан халықтың ұрпағы бір кездері өзі дамып, гүлдеген кезеңінде ізі жоқ, аты тарихта болмаған құрандалы мемлекеттің қаңсығын тансық көргені қалай? Салтымыз бен ғұрпымыздағы әке, әже, ене иституты, балаларды даналыққа жетелейтін үлкендер амалының барлығы тұнып тұрған философия мен психология емес пе?!
Қанда бар қасиет бәрібір көрінбей тұрмайды, ал осындай асыл текті жұртты сырттан өзге тәжірибе келіп тәрбиелейді дегені ақылға сыйымсыз түсінік. Жүсіп Баласағұн бабамыз:
«Кімде-кім халқынан алмаса тәлім,
Оны үйрете алмас ешбір мұғалім», – деген. Айтарым, қазақтың аффирмациясы – ата-тегі, мотивациясы – бала-шағасы. Осы пікірді санасына терең сіңірген адамның өмірі өзгерісті қажет етпейді деген ойдамын.

Әділжан Піржанов:
Керегіңді білуің керек
– Бұл тақырып туралы сөз қаузалғанда, не нәрсенің де екі жағы барын қаперге алуымыз керек. Коуч-тренигтер деген жаңашыл ұғым түсінікке еніп жатса, неге жатырқаймыз. Демек қоғамға қажеттілігі бар. Одан да көмек көретін, күтетін аудитория болғаны. Алайда бұны да екшеп, ескеруіміз қажет. Әрбір адамда отбасынан, жүрген ортасынан алатын әсері, одан бойына қалыптастыратын дағдысы болады. Бұл өз кезегінде жақсы мен жаманды сараптауға септігін тигізеді.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық сөз бар. Шет елдерде баланың жауапкершілігі, абыройының ата-анаға қатысты болмауы мүмкін. Бірақ бізді ұлт ретінде ұйыстыратын ұрпақ тәрбиесінен арылмасақ, психологтың да, басқа маманның да қажеті болмайды деп ойлаймын. Біздегі жас буын өз ата-анасын ескішіл көзқарасаты адам деп ойлап, шатасып жүр. Тренингке қатысып, жөнделген жандар да бар. Алайда қазақы ұғымға сыймайтын «қызыл әмиян», «алтын ат», «стакандағы су» деген сияқты ­технологиялар арқылы адасып, ақылынан ажырап жүрген замандастарымызды көргенде, бұл қадамға бару үшін алдын ала жан-жақты ойланып, оны ой елегінен өткізу керектігін ұғынасың. Оның асыл дінімізден алшақтығы бар ма, алаяқтыққа арбалып, көп қаржыдан қағылғанда қайда барып жүгінген жөн? Міне осыны білгеннен кейін барып, қызметке жүгінемін десе жөн болар деген ­ойдамын.

Дайындаған Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ


02 маусым 2021 ж. 5 193 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031