Менің тоным
Кейде бір адамды жақын танымай жатып-ақ сыртынан жақтырмай қаласың ғой. Мектеп асханасында көмекші болып істейтін Айзада деген әйелді осында жас мұғалім болып келген кезде-ақ ұнатпай қалғам. Өзі толық, қараторы әйел. Түріне қарасаң ешқашан күлмейтін сияқты, түнеріп жүреді. Оны ұнамсыз еткен қылығы – күнде асхана жұмысы аяқталғанда екі пакет көтеріп әкетеді. Маған ол мемлекет дүниесін қанап жатқан секілді көрінетін. Адамдардың мемлекет дүниесінен басып қалсам, пайда көріп қалсам деген әрекеттерін бұрыннан ұнатпайтынмын, барлық кезде өз білгенімше адал болуға тырыстым.
Анау асханадағы Айзада күнде тамақ тасиды да жүреді екен, – деп бірде әңгіме қозғалып кетті мұғалімдер бөлмесінде.
– Иә, мен осында келгелі тамақ тасуын қойған емес, – дедім оны жақтырмайтын басқалардың барына қуанып.
– Жуынды таситын шығар...
– Жоға, жуындыны ДШ ағай алып кетеді екен ғой күнде. Дәу екі алабай иті бар екен. Директормен келісіп алған.
– Мәссаған, сонда әлгі әйел таза тамақты тасып жүр ме?
– Солай болғаны ғой.
– Байғұс, үйінде бала-шағасы көп шығар...
– Кім біледі...
– Әйтеуір мемлекет мүлкінен пайда көріп көріп қалсақ деген адамдар көбейіп кетті ғой бұл күнде. Соны айтам.
Сабаққа қоңырау соғылды. Мұғалімдер бөлмесінде Айзаданы әңгіме еткен біраз жас мұғалім сыныбымызға тарап кеттік. Мен де алтыншы сыныптағы сабағыма кірдім. «Әдебиеттік оқу» сабағы. Бүгін шығарма жаздыруым керек. Әдеттегідей балалармен амандасып, түгендеп болғаннан кейін білімді адамның болашағы жарқын болатыны туралы бір-екі ауыз ақылымды айттым.
Қазір білімдінің заманы, балалар. Сондықтан оқыңдар. Әйтпесе анау Айзада ұқсап күнде пакетпен тамақ тасып жүресіңдер.
– Соңғы сөйлемді ішімнен айттым әрине. Балаларға ешкімді жамандауға болмайды деп үйретіп жүрмін ғой өйткені.
– Бүгін «Ең мейірімді жан» деген тақырыпқа шығарма жазамыз. Өздерің кімді мейірімді деп ойлайсыңдар, сол жайында шынайы ойларыңды, сол адамға деген алғыстарыңды айтып әдемі бір шығарма жазыңдар. Ал, қане, кірісіңдер.
Балалар тапсырманы орындауға кірісіп кетті. Біреуі қаламын тістелеп ойланып отыр. Біреуі жазуға бар ынтасымен кірісіп кетіпті. Бір бала парталасы не жазып жатыр екен деп мойнын созып қарап жатыр. Ол парталасы «көшірме» дегендей қабағын шытып бір қарап дәптерін қолымен көлегейлеп алды. Қоңырау соғылуға бес минут қалғанда балалар дәптерлерін жинап берді. Мен үй тапсырмасын беріп, түсіндіріп болғанша қоңырау да соғылды. Келесі бір сағат «терезе», сонша дәптерді үйге көтеріп апармай-ақ мұғалімдер бөлмесіне апарып тексеріп тастап кетейін деп ойладым.
«Менің анам ең мейірімді жан...» деп басталыпты шығарманың көбі. Әрине, әлемдегі ең мейірімді жан – ана. Оған ешкімнің таласы жоқ. Біреулері қалаға барып жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген әкелерін ең мейірімді жан депті. Әжесі мен атасын, ағасы мен әпкесін ең мейірімді дегендері де бар. Мұның бәрі табиғи нәрсе. Адам өзі үлгі тұтқан, өзін шын жақсы көретін, өзі шын сүйетін жанның бойынан мейірім көреді.
Келесі бір дәптерді ашсам, «Ең мейірімді жан ол Әшен тәтем» деп басталыпты. Оқушым әкпесін жазған сияқты. «Әшен тәтем әкесі қайтыс болып кеткен, анасы ауырып жүрген, бес бауыры бар Ермектің үйіне тамақ апарып береді. Біздің көшенің басында жалғыз өзі тұратын Бақтыбай атаға да тамақ береді. Ажар әженің үйін жинап, тамақ берген. Әкемде жұмыс болмай қалғанда бізге де тамақ әкелген. Әшен тәтені көшедегі барлық бала жақсы көреді. Ол сондай мейірімді, бәріне көмектеседі. Үнемі күліп жүреді. Әшен тәтемнің күйеуі де жақсы кісі, бәріне көмектеседі. Балалары да тәтем сияқты мейірімді. Қаладан келгенде бәрімізге сыйлық әкеледі. Анам оны әпкем, Әшен тәтем деп жақсы көреді. Біз де Әшен тәте дейміз. Мен үшін әлемдегі ең мейірімді жан – асханада жұмыс істейтін Әшен тәте.» Шынымен мейірімді кісі екен. Әйтпесе асханадағы талай тамақ жуындыға кетеді ғой кейде. Сөйтеді де анау Айзада секілді қап-қара әйелдер үйіне тасиды. Шығарманың соңы келесі бетте екен. «Әшен тәте біздің асханада жұмыс істейді, шын аты Айзада. Кейбір апайлар оны толық, қап-қара деп менсінбейді. Бірақ ол әлемдегі ең мейірімді жан.» Біреу арқамнан қамшымен осып жібергендей болды. Қамшының ұшы бетіме де, көзіме де тиіп дуылдатып жіберді. Жоқ, маған ешкім қамшы тұрмақ қол көтерген емес. Таяқ жеп көрмеппін. Анамнан да шапалақ жеген жоқпын. Қамшының қалай тиетінін білмейтінмін. Қазір білдім. Оңдыртпайды екен ғой. Тырп ете алмай қаласың. Тамағыма доп-домалақ бірнәрсе келді де, не ары өтпей, не бері шықпай тұрды да қалды. Жан дүнием қопарылып жатты. Мен қабылдаған, дұрыс деген құндылықтың көбі шыңырауға шыңғырып құлап жатты...
Асханаға келдім. Айзада балалардан қалған тамақты жинап жүр екен. Кейбір балалардың қасық салмай қалдырып кеткен тамақтарын әйнек құтыға құйып жатты. Бір тістеп тастап кеткен самса, бәліштерінің тістелген жерін жұқалап кесіп тастап, қалғанын пакетке салды. Менің есіктің алдында состиып тұрғанымды байқамады.
Айзада, кешір. Дүниедегі ең мейірімді жан туралы жаман ойым үшін кешір.
– Осылай айтам деп келгем, айта алмадым.
– Айзада, самса мен шай бересің бе?
– А?
– Айзада қылмысының үстінен ұсталғандай ыңғайсызданып қалды.
– Иә, иә, қазір берем. Мына балалар жемей тастап кеткен тамақ құры босқа ысырап болмасын деп...қазір...қазір...
Қысқатолқынды пешке дайын самсаның бірін сала салып, шай демдеп кетті. Шеткі үстелдің біріне барып жайғастым. Қамшы тиген арқам әлі ауырып тұр. Бір кезде Айзада табаққа салған ыстық самса мен шайымды әкеп берді.
Рахмет!
– Айзаданың жүзіне қарадым. Құдайым-ау, шынымен мына келіншектің жүзінен мейірім төгіліп тұр ғой. Қасы қалың болғандықтан ғана қабағы түксиген сияқты көрінеді екен. Күлкісі де жып-жылы екен. Толықтығы да өзіне жарасып тұр.
Әлемдегі ең мейірімді жан екеніне күмәнданудың өзі күнә секілді. Кейде біреудің сыртына қарап пішкен тонымыз не кең, не тар, я болмаса түкке жарамай қалады екен ғой. Ол тонды өзіміз де кигіміз келмес еді. Бірақ біреуге кигізіп қойып, өз олақтығымызға өзіміз саусақ шошайтып күлеміз, табалаймыз. Ал шын мәнінде ол тонның иесі өзіміз екенін білмейміз-ау.
Мира СЕМБАЙҚЫЗЫ