Сайлентблокты сырттан іздеме
Қазалылық кәсіпкер көліктерге қажетті автобөлшектерді шығаруды қолға алды. Бірнеше жыл бұрын өз кәсібін бастаған Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Оңталап Іскендіров жақында мемлекеттік грантқа қол жеткізді.
Алғашында жерлесіміз автокөліктерге қажетті сайлентблок шығарады дегенді естігенімізде таң қалғанбыз. Себебі, арнайы станок, аппараттармен жасалатын бұл дүниені үйдің гаражында жасап жатыр десе Сіздің де сене қоюыңыз екіталай. Алайда, Оңталаптың “К-700”, “Т-150”-дің алып дөңгелектерінен жасап жатқанын көргенде сенбеске амалымыз қалмады.
Жанқожа батыр ауылында туып, еңбекке ерте араласқан Оңталап Орынбасарұлының негізгі мамандығы есепші. Кеңес үкіметінің тұсында әкесі ауылда автокөлік жүргізушісі болғандықтан кез келген техниканы жөндей беретін дәрежеге жетті. Ауылдастарының, арнайы іздеп келген жүргізушілердің де көліктерін жөндеп жүрді. Бірде Оңталаптың Алматы қаласындағы сайлентблок шығаратын цехтағы мамандармен сөйлесуінің сәті түседі. Қаржысына келіскен соң, біршама уақыт бұл бөлшекті жасаудың қыр-сырына қанығып, лезде үйреніп алады.
Енді Қазалыға келген соң тәуекелге бел буып, өз бетімен сайлентблок шығаруға бекінді. Алайда, ойға алған мақсатқа жету үшін көптеген қиындықтарға төтеп беріп, тығырықтан шыға білу керек. Оңталап та алдымен өзіне қажетті 380 вольттық ток шығаратын матор, қиюға, тесуге қажетті аппараттарды сатып алады. Сосын өзіне қажетті шикізат “К-700”, “Т-150” тракторларының дөңгелектерін іздестіре бастайды. Оны табу біздің ауданда еш қиындық тудырмады. Осылайша өнертапқыш кәсіпкер өз ісін бастап кетеді. Қазіргі күні жағдайы жаман емес. Жақында “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа ие болып, 1 млн теңгеге қол жеткізді. Амандық болса, ол қаржыға өзінің жұмысын жеңілдететін тағы да 1-2 шетелдік аппарат сатып алмақ. Сол кезде жұмыстың өнімділігі артып, бір адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Оңталаптың сапалы сайлентблоктарын көліктеріне орнатқан жүргізушілердің шеберге айтар алғысы шексіз. Олардың айтуынша, базардағы толып тұрған автобөлшектерге қарағанда қолдан жасалған заттың сапасы әлдеқайда жоғары және ұзақ мерзімге жарайды.
– Бүгінгі күні базардан іздеген зәру мүлкіңді табуға болады. Дүкен сөрелеріндегі самсаған автобөлшектердің ішінен қалағаныңды аласың. Бірақ барлығын сапалы дей алмаймыз. Бірде көлігіме қажетті сайлентблоктарды сатып алып, тиісті ақшасын төлеп мамандарға салдырғанмын. Көп уақыт өтпей-ақ оны ауыстыруыма тура келді. Содан таныстарымнан Оңталаптың осындай бөлшекті қолдан жасап жатқанын естіп, арнайы іздеп бардым. Сапасы жоғары сайлентблоктар көңілімнен шықты. Бағасы да қолжетімді әрі өзі ауыстырып береді, – дейді автокөлік тізгіндеген Серікбай Әкімжанұлы.
Шындығында да бұл азаматтың сөзінің жаны бар. Себебі, дәл осындай пікірлерді бірнеше жүргізушілерден естідік. Шаруа жайын тілге тиек еткен Оңталап:
– Жасыратыны жоқ, менің қызметімді пайдаланатындардың қарасы қалың. Тіпті, көршілес Байқоңыр қаласынан арнайы іздеп келетіндер де бар. Себебі, ондағы көліктердің автобөлшектері жақын жерден табыла бермейді. Берісі Алматыдан, әрісін шетелдерден әкелуге тура келеді. Әрі бағасы да қымбат. Сондықтан маған келіп сайлентблоктар жасатып, машиналарына орнатып жатады. Бір жағынан мен де қатып қалған баға жоқ. Мысалы, көлеміне қарай кішкентайлары 1000 теңге болса, одан үлкендерін 2000 мың теңгеден деп ескертемін. Алайда, 20-30 мыңның жұмысына келісуімізге қарай ақы аламын. Кейбір таныстарыма тегін істеп берген күндерім де болды, – дейді ағынан жарылып.
Алдағы уақытта Оңталап бұл кәсібін кеңейткісі келеді. Себебі, бүгінгі күні ол белгілі бір мөлшердегі сайлентблоктарды ғана жасайды. Ал, үлкен көлемдегі сайлентблоктарға тапсырыс берушілердің саны күннен-күнге артуда. Тұтынушылардың қажеттілігін өтеу үшін полиуретандық сайлентблок жасайтын аппарат сатып алу қажет. Оған қаржының жоқтығы қол байлау болып отыр. Оңталаптың айтуынша, мұндай аппараттар елімізде санаулы ғана екен. Тек Алматы мен Ақтөбе қаласында бар.
Иә, бүгінгі таңда техниканың тілін білген адам жұмыссыз қалмайды. Оны Оңталап өз ісімен де, шеберлігімен де дәлелдеп жүр.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ