Қансорғыш қапы қалдырмасын
«Шаруа жазда жазылады, қыста қысылады» демекші, көктем шығып, жаз келісімен көк шыққан соң ауыл-аймақтарда егіншілер мен мал шаруашылығындағылар қызу тіршілікке енеді. Алайда бұл көпке кеселі келер кене қаптай түсетін уақытпен тұспа-тұс келеді. Бүгінде қансорғыш жәндіктің залалы жалғыз төрт түлікке емес адам баласын да айналып өтпеді. Нақтырақ айтсақ, кененің шағуынан пайда болатын Конго-Қырым қызбасынан облыста 29 жағдай тіркелсе, соның ішінде 3 адам жан тапсырған. Әзірге кенеден келер кесірдің жолын кесу мүмкін болмауда. Мұны мамандарымыз да жасырмайды.
Жыл басынан бері облыстың медициналық мекемелеріне кене шағуына байланысты 600-ден астам адам шағымданған. Шиелі мен Жаңақорған аудандарында кене айрықша көп. Өлім-жітімге әкелген екі жағдай да сол оңтүстік аудандарда тіркеліп отыр. Кене шаққан 51 және 77 жастағы ер азаматтар бастапқыда өз бетімен ем қабылдап, қауіпті ауру дендеп кеткен соң медициналық көмекке жүгінген. Ауыр хәлде ауруханаға түскен науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, дейді дәрігерлер. Жалпы Конго-Қырым қанды безгегіне шалдыққан тағы 8 тұрғын өмір мен өлім арасында жатыр. Мамандар ауру тасымалдағыш зиянкестерден зардап шеккен адамдар 2-3 күн ішінде дәрігерге қаралмаса, соңы қайғылы жағдайға әкеп соғатынын айтады.
Эпидемиологтар көктемде облыс бойынша Конго-Қырым қанды безгегінің таралу қаупі жоғары 106 елді мекенді белгілеген. Қазіргі таңда кенеден келетін кесел Қызылорда қаласында және Сырдария, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған ауданында жалпы 10 дерек нақтыланып отыр.
– Бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 29 науқас тіркелді. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, өкінішке орай 3 адам қаза тапты. Қазіргі сәтте қолайсыз деп танылған елді мекендерден бөлек, басқа аумақтарда да қауіпті аурудың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Адамның ауруды жұқтыруы кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, ластанған медициналық құралдар арқылы да жұғуы мүмкін. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша сақтануға шақырамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Қансорғыш жәндік жайлы не білеміз?
Жалпы кене десек есімізге тек ауыл қорасындағы төрт түлікке ғана тыныштық бермейтін көзгі ілінбес жәндік ғана елестейді. Алайда оның да қауіпті ауру тасымалдайтыны, қауіпсізі тағы бар екен.
Яғни, қауіпті аурудың аурудың туындауы, тіркелуі, таралуы «иксод» кенелерінің табиғатқа шығуы мен белсенділігіне тікелей байланысты екен. Нақтыласақ, аталған ауруды тудыратын «иксод» кенелері жылы қанды организмнің қанымен қоректенетін болғандықтан, адамдар мен жануарларға аса қауіпті жұқпалы ауру жұқтырып, зиянын тигізуде.
– Дене адам ағзасының температурасын 100 метр қашықтықта сезеді, жүру жылдамдығы 5-7 сантиметр секнуд, қоректенуі тәулігіне – 200 милиграм қан, ал қорексіз кене бірнеше жыл тіршілік етеді. Кенелер қора-жайларда, қи қоқыста, құс ұясында, тышқан інінде, өсімдік түбінде болады. Аналығы 5-18 мыңға жуық жұмыртқалайды. Кенелер жұқпалы індет вирустарын 25 ай сақтайтын көрінеді, – дейді мамандар.
Ауданда ахуал қандай?
Қазалы ауданы – Сырдарияны жағалай жатқан, мал шаруашылығында өзіндік орны бар аумақ болған соң, мұнда да көк кесел жыл сайын шопан менен төрт түліктің ығырын шығарып, әуре-сарсаңға салады. Осы орайда Конго-Қырым қызбасы мен жалпы мал біткеннің жайын білмек болып Қазалы аудандық ветеренариялық станциясының басшысына қоңырау шалған едік.
Оның айтуынша, биыл облыстық жұмылдыру басқармасы тарапынан өткізілген конкурс жеңімпазы «Дезифекция ИК» ТС мекемесі жеңіп алған. «Дезифекция ИК» толық серіктестігі Қазалы ауданы көлеміндегі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошақтарында 2023 жылғы көктемгі залалсыздандыру жұмыстарын жоспарға сәйкес 13 елді мекен бойынша жүргізген. Атап айтанда, Қ.Пірімов ауылы мен Басықара, Водокачка, Үйрек, Аранды, Қожабахы, Сарбұлақ, №102 бекет, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Ғ.Мұратбаев, Ойынды бекеті және Майлыбас ауылдары.
– Көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының тиімділігі 98,7% құрады. Облыстық ветеринария басқармасының келісімімен бекітілген ақылы ветеринариялық қызмет көрсету прейскурантына сәйкес ауданымыз бойынша 2 объектіге (325 шаршы метр) кенеге қарсы «Креолин-Х» 2,5% – препараты арқылы залалсыздандыру (дезинсекция) жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан бойынша тұрғындардың қаражаты есебі мен өтініштеріне сәйкес 4000 бас мүйізді ірі қараға, 6300 бас уақ малға, 600 бас жылқыға, 55 бас түйеге эндопаразиттер мен эктопаразиттердің алдын алу мақсатында Айвен, Ивермектин, Аверсект және тағы басқа. ветпрепараттары егілді.
Аудан бойынша Шәкен мен Аранды, Тасарық, Майлыбас, Құмжиек, Арықбалық сынды алты ауылдық округте мал тоғыту ванналары салынып, ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне берілген. Алайда, қазіргі таңда Құмжиек пен Арықбалық ауылдық округтерінде мал тоғыту ванналары су ұстамай тесіліп қалған. Бұл жайында ауылдық округ әкімдіктеріне хат жолданған болатынбыз. Сонымен бірге мал тоғыту ванналары ауылдық округ әкімдіктерінің теңгерімінде болғандықтан ауылдық округтің ветеринариялық пункт меңгерушілерімен бірлесе отырып, мал тоғыту жұмыстарын ұйымдастыру қажет деп ойлаймын, – дейді Қазалы аудандық ветеренариялық станциясының басшысы Болатбек Амреев.
Ауруханаға түскендер саны артқан ба?
Өткен жылы ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене шағу дерегімен 50-ге жуық азамат тіркеліп, барлығы тиісті ем-домын алып шыққан. Ал бүгін ше? Ауданда ауырғандар саны артқан ба? Ақхалаттылар қандай шара жүргізуде? Осы сынды көпті алаңдатып отырған сауалдардың жауабын білмек болып аудандық ауруханаға жол тарттық.
– Қазалы көп бейінді орталық ауруханасына кене шағу дерегі бойынша бүгінде 19 жан тіркеліп, ауруханаға түскен. Қазіргі таңда ол азаматтарды медициналық қызметкерлер 14 күндік қатаң бақылауға алған.
Әр аймаққа тұрғындар арасында эпидемиологиялық ахуал тұрақтағанша аурудың алдын алу мақсатында үй аралау жұмыстар жандануда. Тұрғындар арасында КГЛ инфекциясының алдын алуда үгіт-насихат, сан ағарту жұмыстары тағы күшейтілуде.
Одан бөлек, әрбір кене шағу дерегі бойынша тіркелгендерге жоғарыда атап өткендей мамандар 2 мезгіл бойынша, 14 күн бойы бақылау жұмыстарын жүргізуде, – дейді Күншығар Әбілов.
Бір қуантарлығы адам шығыны жоқ. Аталған кеселмен нақты ауырған жандар жағы да жоқтың қасы. Десек те, статистикаға қарап, саябырсып қалғанымыз болмас-ты. Себебі кеселі көп кенемен арпалыс күн қысқарып, түн ұзарамға дейін, яғни күз мезгілі түспейінше бәсеңсімесі анық.
Серік АҚМЫРЗА