Төрт түліктің төресі
Қазақ үшін ерекше қастерлеген және жанына серік еткен қасиетті төрт түліктің бірі – жылқы. Халық ұғымында «қазақ, дала және жылқы» деген сөздер бір-біріне етене жақын, әрі тамырлас та тағдырлас айтылады. Жылқы ең алдымен, өте ерте басталған жаугершілік талабына сай құнды көлік малы ретінде қолға үйретілген. Өйткені, сол замандарда жауды қуып жетуге немесе онан қашып құтылуға жылқыдан қолайлы мал болмаған. Тарих деректері бойынша, адам баласы жылқыны біздің жыл санауымыздан 3-4 мың жыл бұрын білген. Жылқының ең алғашқы үйретілген негізгі Отаны, яғни, мәдени орталығы, Орталық Азия және Қазақстан алқабы деп саналады. Ал қолға үйретілген жылқы малының арғы тегі жабайы жылқылар – тарпан мен керқұлан деп есептеледі. Бұлар ерте заманда Еуропаның Оңтүстігіндегі далалы аймақтарда, Орталық Азия мен Қазақстанның кең байтақ далаларында мың-мыңдап, үйір-үйірімен жайылған.
Қазақ баласының жылқыға деген сүйіспеншілігі ешқашан кеміген емес. Керісінше жылқы шаруашылығы бұрынғыдан да жетілдіріле түсті. Сондай-ақ оның пайдалы қасиеттерін жіті түсінген ата-бабамыз мінсе – көлік етіп, сүтін қасиетті диеталық сусын ретінде, етінен дәмді тағам дайындаған. Осы қасиеттерін былай қойғанда ертедегі диқандар оны жер өңдеуге пайдаланып, еңбек өнімділігін арттырған.
Қазақ жылқыны «Ер қанаты – ат» деп нақылдап, жеті қазынаның біріне қосады. Ал осы жануармен байланысты қаншама салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз астасып жатыр. Соның ішінде ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлі ат ойындарының түрлері бар.
Мәселен, аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін, бір сөзбен айтқанда, нағыз ер жігіттің қатысатын ойыны. Оған шығатын ат та, адам да жарысқа әдіс-тәсіл жағынан өте мұқият дайындалады. Жылқыны жақсы меңгерген, тақымы мықты шабандоз аударысумен қатар, күшін, шыдамдылығын жетілдіру үшін жан-жақты шынығады. Аударысу кезінде қарсыласына ауырту әдістерін қолданбайды, атты ұрмайды, денесінде ат әбзелдері мен ер-тұрманда үшкір, қатты заттар болмауы керек. Шабандоздар етік киіп, шалбарланып, кеудесін жалаңаштап, айқасқа қамшыны тістеп немесе қонышына тығып шығады. Сайысқа қатысушылар үш салмақ жағынан бөлінеді. Мысалы, 65 келіге дейін – жеңіл, 65-80 келінің арасы – орта, 80 келіден жоғары ауыр салмақты болып есептеледі. Ал жарысқа түсу кезегі жеребе тарту бойынша анықталады.
Жалпы, аударыспақ Кеңестер Одағы кезінде Бүкілодақтық ат ойындарының бағдарламасына енген. Кейін 1997 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен дүниежүзілік ат спорты фестивалінде осы мерекеге Қазақстаннан барған жігіттер барлық салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, ел мерейін үстем еткен болатын.
Одан соң топ бәйге. Ол аттың бабын қажет ете бермейтін атшабыс түрі. Жарысқа белгіленген қашықтық та орташа деңгейде және аты бар ниет білдірушілердің барлығы да қатыса береді. Көбіне наурыз мерекесінде, шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, үйлену тойларда, аста ұйымдастырылатын болған. Бұрындары бәйгеге қатысқан аттар мәреге жақындағанда онымен қатарласа шауып, жанынан қамшылап, ноқтадан тартып көтермеге шығуға рұқсат етілетін. Қазіргі ережеде бұлай жасауға болмайды. Топ бәйгеге балалар да, ересек шабандоздар да қатыса береді.
Кейбір деректерде, XV ғасырдың 70 жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда, Шу өзенінің жағасында, Тұлпарсаз деген жерде топ бәйге ұйымдастырғандығы айтылады. Осы кезден бері қазақтың алқалы жиындарының ажырамас, құрамдас бөлігіне айналып келеді.
Ал жамбы ату – қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып, жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып түсіру керек болған. Ереже бойынша, жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен, олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуға тиісті. Төрешілердің ұйғарымы бойынша, нысаналар бірнешеу болады. Жамбы атуды биатлон ережесіне ұқсататындар кездеседі, тек айырмашылығы – аттың орнын шаңғы басып тұр.
Теңге ілу – бозбалалар ойнайтын қазақтың ұлттық ат спортына жататын ертеден келе жатқан ойындарының бірі. Теңге ілу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Желіп келе жатқан аттың үстіне отырып желісін баяулатпастан төменге тез иіліп сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отыруы керек. Әрбір сәтсіз талпыныстың артына айыптық уақыт белгіленеді. Теңгені көп ілген салт атты жеңімпаз аталады. Теңге ілу алаңының ұзындығы 120 метр. Теңгені іліп алуға дейінгі ұзындық 30 метр. Теңге саны бесеу болуы керек. Теңгелердің ара қашықтығы 10 метрден. Теңге ілушілер теңгені орнынан іліп лақтырып тастауы керек. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының уақыты, ілген теңгесінің санына бөліп қорытындысы шығарылады.
Сонымен қатар жорға жарысы – төрт аяғын тең басқан, бүлкілі майда, бір келкі, ырғақты шабысты жылқымен өнер көрсететін ойын. Шабыс кезінде шабандоздың астындағы ат алдыңғы және артқы оң аяқтарын бірдей тастап жарысады. Жылқының осы жүрісінің майдалығы соншама, қазақ халқы осындай аттарды «үстінде су шайқалмас жорға» деп айтады. Жорға жарысқа жасына қарамастан ер де, әйел де қатыса береді. Егер жарыс кезінде аттың жорғасы бұзылса, шабандозға айып ұпай салынады. Жарыстың бұл түрінде әйелдер үшін қашықтық 6-8, ер адамдар үшін 10-16 шақырым болады.
Жігіт сыны. Қазақ жастарының әскери дайындығының бір түрі болып есептелетін бұл жарыс түрі ықылым заманнан-ақ белгілі. Ереже бойынша, жандарында сәйгүліктері бар жігіттер төрешілер белгі берісімен, аттарын тез ерттеп, жерде жатқан бес қаруын асынып, шаба жөнеледі. Қашықтық 500-800 метр. Жол бойында шабандоз төрешілер тапсырған жаттығуларды орындауға тиісті. Бұлардың әрқайсысына ұпай беріледі және қашықтықты өту уақыты есептелінеді. Жеңімпаздар осы көрсеткіштер бойынша анықталады. Осы талаптарды мүлтіксіз орындағандарды қазақ «аттың құлағында ойнаған жігіт» деп атаған.
Шыны керек, қазір бұл ойындардың барлығы ақырындап шеттетіліп келеді. Тек бірен-сараң естігеніміз болмаса, болып жатқанын көз көре бермейді. Сайып келгенде ұлттық спорт түрін дамыту, соның ішінде, ат ойындарын жандандыру жекелеген адамдар үшін ғана емес, тұтас қазақ халқы үшін қажет. Өйткені, онда жастарды елді, тарихты, ұлттық дәстүрді қадірлеуге баулитын тәрбиелік мән бар.
Нұр БАҚЫТ