Су тасқыны қаупі бар аймақтардың тізімі жарияланды
Ал орташа қауіпті аймақтарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары кіреді. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны қаупі бар аймақтарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амриннің айтуынша, мамандар қардағы су қорының мөлшері, қар астындағы мұздың қабығы, топырақтың күзгі ылғалдануы мен қату тереңдігін талдаған.
"Тәуекелі жоғары өңірлерге Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары жатады", - деді Амрин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Ал орташа қауіпті аймақтарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары кіреді. Сондай-ақ, бірқатар облыстарда ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәндерден жоғары жерлер анықталды. Олар:
Ақмола облысындағы Сілеті өзені бассейні (25%-ға артық);
Қостанай облысындағы Торғай және Қараторғай өзендерінің бассейндері (12 және 57%-ға артық);
Батыс Қазақстан облысындағы Шежін-2 және Утва өзендерінің бассейндері (20 және 22% - ға артық);
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы аймағының тау өзендері мен Шүлбі су қоймасына құйылатын өзендердің бассейндері (20 және 20-22% артық).
Қар қорларынан басқа топырақтың күзгі ылғалдану деңгейі де су тасқынына әсер етеді.
Топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері Қарағанды облысының Тоқырау өзені бассейнінде (24% - ға), Ақтөбе облысының Ойыл өзені бассейнінде (25% - ға) орташа көпжылдық мәндерден жоғары.
"Сонымен қатар, топырақтың қату тереңдігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарында өткен жылғы көрсеткіштерден орташа есеппен 6-68 см-ге төмен. Бұл қардың баяу еруі жағдайында су тасқыны кезеңінің өтуіне оң әсер етеді", - деп атап көрсетті Амрин.
Ал Қарағанды облысының Нұра (Самарқанд су қоймасына құйылу) және Шерубайнұра (Шерубайнұра су қоймасына құйылу) өзендерінің бассейндерінде, Ақмола облысының Есіл өзенінің бассейнінде (Астана су қоймасына құйылу) және Қостанай облысының Тобыл өзенінің бассейнінде қар астында қалыңдығы 1-5 см мұз қабығы байқалады.
Ауа температурасы күрт жоғарылап, ақпан мен наурыз айларында қатты жаңбыр болса, жауын-шашын су тасқынының пайда болуына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Осы орайда құтқарушылар халыққа бірнеше кеңес берді:
аулалар мен аула аумақтарын қардан тазалау бойынша уақтылы жұмыстар жүргізу;
үйлерге жақын орналасқан арықтар мен су өткізу құбырларын ластамау, оларды уақтылы тазалау;
мүмкіндігінше инертті материал және үй маңындағы аумақты қоршауға арналған қаптарды дайындау.