«Сақ болыңыздар». БЖЗҚ алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларды алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырды. БЖЗҚ салымшылары өздерін Қор қызметкері ретінде таныстырған алаяқтарға алданып жатқанын мәлім етуде.
«Олар ақшасын төлесеңіз, зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге алып беруге көмектесеміз деп уәдені үйіп төккен. Қордың 30-ға жуық салымшысы осы заңсыз әрекеттердің құрбаны болды. Бұдан басқа, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жылжымайтын мүлікті зейнетақы жинақтары есебінен тұтыну кооперативтері немесе өзге де компаниялар арқылы сатып алу туралы жалған ақпарат таратылуда», - деп жазады қордың баспасөз қызметі. БЖЗҚ мамандары зейнетақы жинағындағы жеткіліктілік мөлшерінен артылған ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін де, емделу үшін де тек ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген уәкілетті операторлар арқылы ғана электрондық форматта рәсімдеуге болатынын ескертеді. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану үшін «Отбасы банк», «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ сияқты операторлар арқылы өтініш рәсімдеуге болады. Ал зейнетақы жинақтарын емдеуге пайдалану үшін «Отбасы банкке» ғана жүгіну керек. «БЖЗҚ тұрғындарға зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін үшінші тұлғаларға жүгінбеуге, күдікті сілтемелер арқылы бейтаныс сайттарға өтпеуге кеңес береді. Әрі ақпаратты тек enpf.kz сайтынан немесе БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан ғана тексеру керектігін ескертеді», -деп жазылған қордың ресми мәліметінде.