Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарыққа шықпаған жаратылыс

Жарыққа шықпаған жаратылыс

Бала – болашақ. Қазақтың демографиялық көрсеткішінің артуы ел дамуының сапалық көрсеткіші ғана емес, ұлттың сақталуын көрсететін бір белгі. Алайда жыл сайын Қазақстанның әр аумағынан баланың шетінеуі жайлы түрлі оқиғаларды естіп жатамыз. Статистикасынан бейхабар болғанымыз әлемнің жарығын көруге шарасы жетпейтін шақалақтардың өлімін азайтпайды. Шығысында Байқоңыр, батысында Аралға жақын тұрған Қазалы жұрты экологиялық мәселенің ауылынан да алыс емес. Теңіздің тұзы мен гептилді қоса жұтқан ананың, одан дүниеге келер баланың жағдайы қандай болмақ? Болашақ сәбидің денінің саулығы әйел денсаулығына тікелей байланысты десек, гинекологиялық сауатсыздығымыз бен дәрігердің салғырттығы да бір себеп. Күнделікті айтылып жүргенмен, түйіні табылмаған ұлттық мәселені қозғаймыз.

Себеп көп, шешім аз
2008 жылдан бері еліміз сәбилерге күтім жасаудың жаңа әдісіне көшкен. Бұрын дәрігерлер 22 аптада өмірге келген салмағы 500 грам ғана болатын шақалақтардың өмірі үшін күреспейтін. Алайда соңғы 10 жылда мұндай нәрестелерге де кепілдендірілген медициналық көмек көрсетіліп келеді. Дегенмен баланың шетінеуіне себеп баршылық.
Бір жасқа дейінгі балалардың шеті¬неуінде Қазақстанда да перинаталды кезеңдегі жағдай мен дамудың туабітті қатерлері деп аталатын осы екі эндо¬генді себеп тізімді бастап тұр. Үшін¬ші орында оқыс жағдайлар кезінде балалар көз жұмады. Ал осы мәселенің шешімі денсаулық сақтау қызметіне ғана байланысты емес, бұл жерде білім беру мекемелері, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, әкімдіктермен жүйелі қарым-қатынас орнату факторлары да жоғары. Бұл топта балалардың ана сүтінен қақалуы, анасы ұйықтап кетіп баласын абайсызда тұншықтыруы, сәбилерге ауыр заттардың құлауы (теледидар, көрпелер) немесе қараусыз қалып, арықтар мен өзендерге батып кетуі салдарынан дені сау балаларды жоғалтып оқиғалары жиі кездеседі. Қазіргі таңдағы ел медицинасындағы, педиатрия саласындағы жағдай осындай.
Сәбидің өмірге аман-есен келуі жүктілік кезіндегі медициналық дұрыс тексерілуге, анаың жас ерекшелігіне де байланысты екен. Гинекологтар бұл талаптар туралы айтып та жүр. Жүктіліктің 12-ші аптасында іштегі сәбиді УЗИ-ге түсіріп, генетикалық тексерістер жасау басталады. Өкінішке орай, жүкті аналар мұндай тексерілулерге уақытында келмейді екен. Қолының бос еместігін сылтауратады.
Дүниеге дені сау нәресте келуі үшін ата-анасының денсаулығы мен бала көтерудегі жас ерекшеліктер маңызды. Мәселен 40 жаста босанған әйел мен 25 жаста босанған әйелдің арасында үлкен айырмашылық болады. Себебі 35-40 жасқа келгенде денсаулықтың өзі сыр бере бастайды. Ол кезеңде жүктіліктің ауыр дәрежеде өту қаупі бар. Сол үшін 25 жасқа дейін 1 жүктілік болған дұрыс екенін ескеру керек.
Сонымен қатар адам ағзасы үшін витаминдердің маңызы зор. Ағзаға витамин жетпесе, өмір сүрудің өзі қиын. Витамин грек тілінен аударғанда "өмір" деген мағынаны білдіреді. Ет пен сүтте, жеміс-жидек пен балықта, бауырда витамин көп болады.
Бала шетінеуі мен мүгедек балалардың көбеюі экологияға да тікелей байланысты. Себебі, экология бұрыннан күрмеуі терең мәселелердің қатарында. Оның үстіне, гептил мен Аралдың тұзын қатар жұтып отырған Қазалы халқына келетін қауіп көзге көрінбей де білініп жатыр. Түрлі аурулардың көбеюі – соған дәлел.Заң бойынша облыста еңбек етіп жатқан адамдардың барлығының жалақысына экологиялық коэфициент қосылады. Ол Арал және Қазалы аудандарында 50 пайыз болса, қалған бөлігінде 30 пайыз. Аталған екі аудан экологиялық апат аймағының орталығы саналғандықтан, мұны мемлекеттің адам денсаулығына бей-жай қарамауы деп түсінсек болар. Бірақ айлыққа қосылатын экологиялық үстемені аудан тұрғындары өзінің немесе сәбиінің денсаулығына жұмсап, витаминдік, емдік кешенді қабылдамайтыны айдан анық.
Өткен жылы Семейлік келіншек 9 айлық баласының өліміне дәрігердің салғырттығын кінәлап, теледидар мен БАҚ-қа тікелей шығып, жанайқайын жеткізген болатын. Яғни, шетінеудің шеріне дәрігердің да қатысы жоқ емес. Іші өтіп, жағдайы нашарлаған сәбиін ауруханаға апарған ана оны 15 минут бойы ешкім қарамағанын, сонымен қатар, баланы тексеруге хирург, педиатр, невропатологқа жібергенімен, мамандар ауруханаға жатқызудан бас тартқанқанын айтып, жаға ұстатқан еді.
Ақ халат киіп, адам жанын аман алып қалады деп сенетін абзал жандардың салғырттығы мен бейқамдығы да сәбилер өліміне әкелуде. Жақсы кадрға тапшымыз ба, жауапкершілікке жоқшымыз ба, кей мамандар дәрігер деген адал атқа деген құрметті кемітіп те жүр.
Статистика сөйлесін
Үкіметтің сәби шетінеуі туралы толық ақпарат бермеуі – қауіпті құбылыс. Дегенмен қолда бар статистикаға сүйенсек, 2017 жылы елімізде сәбилердің шетінеуі – 10,8%-ға, қатерлі ісіктен қайтыс болу – 5,6, ал жүрек талмасынан көз жұму – 5,5%-ға азайған. Бірақ сол жылдары ана өлімі көбейген еді.
Ал 2019 жылы қаңтар-наурыз айларында республикада 1 жасқа толмаған 856 сәбидің шетінеуі тіркелген. 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі сәбилердің өлім-жітімі 4,4 пайызға артып отыр. 2019 жылдың қаңтар-наурызында сәби өлімінің коэффициенті 1000 дүниеге келген балаға шаққанда 9,31 оқиға болды.
Сәби өлім-жітімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде пайда болған жағдай саналады. Оның салдарынан 2019 жылы қаңтарда 447 бала шетінеген. Туа біткен ауытқудан 164, тыныс алу мүшелері ауруынан 72, төтенше жағдайлардан 24 бала көз жұмды.
Статистика заңдылықтары бойынша егер нәрестелер өлімінің көрсеткіші рес¬пуб-лика бойынша төмендесе де, кейбір өңірлерде жоғары болуы мүмкін. Көп жағ¬дайда дені сау баланың дүниеге келуі ата-аналардың денсаулығына, жүктілік ке¬зінде талаптарды дұрыс орындауына бай¬ланысты. Нәрестелердің өлім-жітімін сөз еткенде ең алдымен негізгі себеп-сал¬дар¬ға назар аудару қажеттігі көрінеді. Мә¬¬се¬лен, Атырау облысында нәрестелер өлі¬¬міне жасалған талдау шетінегендердің 40%-ы шала туудан және 16%-ы жаңа ту¬ған ба¬ла¬лардың туабітті аурулардан көз жұм¬ғанын көрсетті.
Жайық аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Сүйеуғалиев : «Отан отбасынан басталады десек, өмірге келетін әр сәбидің денінің саулығына ең алдымен оның ата-анасы, қала берді ата-әжесі, ағайын-тума барлығы жауапты. Өйткені, дүние есігін ашқалы отырған сәби сол әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Сондықтан сол сәбиді өмірге әкелетін ананың денсаулығына барлығы да жауапкершілікпен қарауы керек. Дамыған елдерде ер мен әйел ең алдымен отбасын құруды жоспарлайды. Отау көтерместен 5-6 ай бұрын екеуі де дәрігерлік тексеруден өтеді. Денсаулықтарында ақау болса емделеді. Содан соң ғана жүктілікті жоспарлайды. Соңғы кезде ауданымызда кемтар балалардың өмірге көптеп келуі және сәбилердің шетінеп кетуінің ең басты себебі де осы жүктілікті жоспарламағаннан болып отыр.
Әйелдер жүктілікке дайындалып, алдын ала жыныстық жұқпалы және басқа аурулардың бар-жоғына тексерілуі керек. Әдетте ерлі-зайыптылар генетикалық патологиясы бар сәбиді дүниеге келтірмес үшін генетика маманына бірге барғаны жөн. Алайда біздің ер-азаматтар, дәрігерлік тексерілуден ат-тонын ала қашады. «Менің денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Мен не деп тексерістен өтемін» деген жаңсақ пікір бар», – дейді.
Түйін
Біріккен Ұлтар Ұйымының балалар қоры ЮНИСЕФ таратқан мәлімет бойынша Орта Азия аймағында сәбилердің шетінеуі жергілікті өкімет берген ресми деректерден әлдеқайда жоғары. ЮНИСЕФ тексерген елдер қатарына Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Румыния, Тәжікістан, Түркменстан, Украина және Өзбекстан мемлекеттері енеді. Бұл мәселеге жауапты өкіл Роберт Коэннің айтуынша ұйым аталмыш елдерде бірнеше мың әйелмен сауалнама өткізу арқылы жоғарыда айтылған қорытындыға келген. "Бұл – сәбилерді аман алып қалудағы дағдарыс.Балалардың дені сәби кезінде шетінейді.Орта Азия мен Кавказдағы сәбилердің өлімі батыстың индустриялы елдеріндегі бала өлімінен шамамен 12 есе жоғары" , - дейді бір сұқбатында Коэен. Мысалға жүгінер болсақ, Румыния мен Өзбекстанның сәбилер өлімі жөнінен берген ресми дерегімен ЮНИСЕФ дерегінің арасында 50 пайыздай алшақтық бар. Әзірбайжан берген ресми деректердің де ауылы ақиқаттан алыс. Бұл ел әрбір туылған 1000 сәбидің 17-сі шетінейді деп дерек берген. Ал ұйымның жеке зерттеулері Әзірбайжанда әрбір туылған 1000 сәбидің 74 –і шетінейді деп отыр.
Бұл көрсеткіштер дабыл қағуға лайық.
Ал мәселенің шешімі мемлекет тарапынан қолға алынып, ауылдық, аудандық, облыстық ауруханаларда бала мен ана денсаулығына қатысты сапалы кадрмен қамтылған жеке орталықтар ашылса дейміз. Мүмкін, Қазалы ауданы аналары мен балаларына экологиялық үстеменің орнына тегін витаминдік кешен берілуі керек шығар. Ата заңымыз бойынша «ең басты құндылық – адам мен оның денсаулығы» екенін ескерсек, медициналық, экологиялық тұрғыдан, кадр мәселесі жағынан мемлекеттік жобалар қарастырылса екен.
Дина БӨКЕБАЙ
15 маусым 2021 ж. 306 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031