Аманатқа қиянат жүрмейді
Ертеректе бір жігіт анасын асырау мақсатында жұмыс іздеп жолға шығыпты. Жолай бір ақсақал кезігеді. Жөн сұраса келе мән-жайға қаныққан ақсақал жігітке өзінің үйінде бір жыл қызмет етсе, ақысына өмірлік азық болар нақыл сөз айтатынын жеткізеді. Бұл ұсыныс жігіт көңілінен шыққандықтан келісе кетеді. Содан біршама уақыт өтеді. Бір жыл тынымсыз еңбектенген жігіт мерзімі жетіп, қайтуға жиналады. Көкірегін ерекше сезім билеп, керемет сөз естірмін деген үміт жүрегін өрекпітеді. Сонда ақсақал:
– Балам, ешқашан өтірік айтпа, – дейді. Бұл сөзді естіген жігіт жатып кеп ашуланады.
– Бір жылдық еңбегімнің құны осы сөз бе еді, мұны өзім де білемін ғой, – дейді.
– Онда тағы бір жылға қал, келесі жылы мен саған мұнан да жақсы нақыл сөз айтамын, – дейді.
Онсыз да бір жылым текке кетті ғой, қалсам қалайын деген оймен жігіт жұмыс мерзімін жалғастырады. Ай өтіп, жыл толады. Уәделі уақытта ақсақал:
– Құран оқылып жатқан жерде міндетті түрде отырып тыңда, – дейді.
– Бұл сөзді де бұрыннан білетін едім, зая кеткен уақытым-ай, – деп жігіттің өзегі өкініштен өртенеді. Ақсақал және бір жылға қалуын өтінеді. Амалы таусылған жігіт келіспеске болмайды. Қарт үшінші жылы тәмамдалған жігітке:
– Ешқашан аманатқа қиянат етпе! – дейді. Бұл сөз де жігітті қанағаттандырмайды. Қайтуға бел буған жігітке ақсақал қоштасарда үйдегі апаңа апарып берерсің деп нан береді. Жол бойы іштей қатулы жігітті бір топ ұры қолға түсіреді.
– Не мақсатпен, қайда барасың? – деп қыспаққа алады. Қалтасындағы азын-аулақ ақшаны шығарып, шындықты айтады. Шынайы жауапқа риза болған ұрылардың бейбаққа мейірімі түсіп, анасына алып бара жатқан нанын қайтарады. Өзін бостандыққа жібереді. Үйіне бет алған ол сапар барысында ойда жоқта адам етімен қоректенетін қарақшыларға тап болады. Олардың тұтқынында мұнан өзге бірнеше адам бар екен. Адамжегіш жауыздың алдында тұтқындарды кезегімен бауыздап беріп отыратын жандайшап болатын. Кезек әлгі жігітке келеді. Амалсыз жандайшаптың алдына қадамын санап басып келе жатқан сәтте алыстан талып жеткен құран даусы құлағына шалынады. Сол-ақ екен жігіт отыра кетеді. Аштықтан өзегі талған адамжегіш жауыз жеңсік асының кешеуілдегеніне тағатсызданып, себебін білмекке шыға бергенде аңдаусызда жандайшаптың қолынан жан тапсырады. Басшылары мерт болып, абдыраған қарақшылар өзара керілдесіп, берекесі кеткен сәтін пайдаланып бірнеше тұтқын бас сауғалап қаша жөнеледі. Біршама уақыт өткенде әлгі қашқындар аштыққа душар болады. Арып-ашып келе жатса да, жігіт өзіне аманат етіп тапсырылған қойнындағы анасына арналған нанды қайтсе де аман-есен жеткізбек. Көп қиындықтан соң жігіт анасымен қауышады. Аманат нанды анасына тапсырады. Наннан ауыз тимекке ниеттенген анасы нанды үзсе, арасы алтын теңгелермен толтырылған екен. Сонда анасы бұл табысқа риза болып ақ батасын береді.
– Үлкен кісі, жақын дос, туысың немесе кез келген адам саған сенім артып, бір затты мұра не өсиеттеп табыстаса, болмаса аманат етсе, аманатты міндетті түрде өз басыңа қауіп-қатер төнсе де орындауға тиіссің, – дейді ақжаулықты ана. Ол аманатқа немқұрайлы қарап, біреуге табысталатын затты қаралықпен жымқырып қойсаң, әйтеуір аманатқа қиянат жасасаң, сенің ар-намысыңа үлкен сын, аманат алдында опасыз болғаның деген ойын ашып айтады. Бәлкім “Аманатқа қиянат жасама” деген осыдан шыққан болар.
Ел аузынан