Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қашықтан оқытудың қиындықтары

Қашықтан оқытудың қиындықтары

Коронавирус инфекциясы әлем елдеріне тарала бастағанда-ақ індеттің Қазақ елін де айналып өтпейтінін жақсы түсіндік. Күн өткен сайын жұртшылықтың жүрегінде қорқыныш үдей түсті. Неге десеңіз, білім беру мәселесінен бұрын адамзаттың алдында тіршіліктің тұрақтылығы турасында үлкен күмән қалыптасты. Ата-тегі белгісіз індеттің әліппесін түсіне бастағаннан кейін ғана ұлт үшін маңызды салалардың алтернативті жолдары іске қосылды. Мәселен, індет өршіген тұста білім беру мәселесі қашықтан оқыту арқылы шешілгендей болды. Бірақ бұның өзі бала білімінің төмендеуіне, ұстазбен жеке жұмыс жүргізілмегендіктен ізденістің тоқтауына түрткі болғаны жасырын емес. Сондықтан қашықтан оқыту барысында орын алған қиындықтарға тоқтала кеткен жөн.

Білім беру ошақтары онлайн оқытуға көшетінін естіген оқушылардың ойында алдымен «енді мектепке бармаймыз» деген балаға тән еліткіш сезім болғаны түсінікті. Бұл екінші ракурстан қарағанда үйден оқытудың тартымдылығы қалыптасып үлгермегенінің көрінісі десек те болады. Ал мұны көпшілік талаптың жеңілдеуі деп түсінді. Шын мәнінде онлайн оқу – жауапкершілік пен өз мүмкіндігін іске асыру, біліктілігін шыңдау деп ұғындырылуы тиіс еді. Алдымен ұстаздар қауымы күнделікті жоспар тапсыру, сынып жетекшілік мәселелерінен арылып, бұған жаңа педагогикалық ізденіске, оқытудың басқа да әдіс-тәсілдеріне машықтануға үлкен мүмкіндік ретінде қарауы керек болатын. Сол сияқты ата-аналар балалардың үлгерімін өз бақылауына алып, оқушылар өзіне артылған сенімнің салмағын сезінуі тиіс тұғын. Жұрттың бір бөлігі мұның барлығын солай қабылдаған болуы мүмкін. Онлайн оқыту жаппай осы бағытта түсіндірілгенде елдегі білім деңгейі төмен көрсеткішке түспейтін еді.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов «Дағдарыстан – дамуға» қағидасын ұтымды жүзеге асырып келе жатыр. Дегенмен әлемнің жетекші елдеріндегідей Қазақстанда да білім сапасының төмендеуі анық байқалады. Мәселен, аудандағы оқушылардың былтырғы Ұлттық бірыңғай тесттегі орташа ұпайы сексеннен асып жығылған. Биыл сынақ кезеңіндегі көрсеткіш жетпіс беске жетпей қалды. Әйтпесе бұған дейін қазалылық балалардың білім деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқанын бәрі біледі. Атауға келмейтін ауру тезірек ауыздықталса, оқу жылының соңына дейін балалар бұрынғы көрсеткіштен асып түсетініне сеніп отырғанымыз жасырын емес.
Оқытудың жаңа үлгісінде тағы бір күрмеуі қиын мәселе орын алды. Оның алдын алу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы мәлімдеме жасағанын кейбіріміз бүгін біліп отырмыз. Тұңғыш Президент сол тұста: «Электрондық үкімет платформасын дамыту арқылы біз азаматтарға, мемлекеттік органдар мен бизнеске қызмет пен ақпарат ұсынуды жолға қоямыз», – деген. Осы бастамадан кейін елдегі халыққа қызмет көрсету саласы қазіргі заманға едәуір бейімделді. Электронды үкіметтің лебімен цифрландыру жұмысы да іске қосылды. Бірақ барлық сала ішінара толық ақпарат базасын қалыптастырғанымен білім беру ісінде нақты мәліметтер базасы жасақталып үлгермеді. Ауру алқымнан алғанда теледидар мен ғаламтор арқылы онлайн сабақ беру мәселесі шешілгені рас. Дегенмен алыс-жақын ауылдардағы балаларға обал болды. Ғаламтордың әлсіздігі немесе мүлде жоқтығы елді мекендегі білім сапасын одан әрі құлдыратты. Билік 2018 жылы басталған Қазақстанды цифрландыру ісін 2022 жылға дейін аяқтауға уәде берген. Жоба сәтті аяқталса, ауыл-аймақтардағы интернетке қолжетімділік кедергісі жойылады.
Ақпараттық технологиялар саласындағы мұғалімдердің сауаттылығы да онлайн оқуға кедергі келтіргені рас. Жас мұғалімдерге қарағанда гаджеттер мен заманауи технологияларды қолдану телефонға үңіле бермейтін тәжірибелі мұғалімдерге қиынға соқты. Қашықтан оқытудың алғашқы күнінде Kundelik.kz білім беру порталында жүйені пайдаланушылардың көптігіне байланысты техникалық ақаулар орын алды. Десек те қазір мұғалімдердің барлығы дерлік құрылғыларды жетік меңгеретін дәрежеге жетті. Бұл қашықтан оқытудың үлкен ұстаздарға үйреткені десек артық айтпаймыз.
Сондай-ақ жаңа білім беру форматынан туындайтын психологиялық проблема сезілгенін айта кетейік. Өз ата-анасын оқытушы ретінде қабылдай алмаған бастауыш сынып балалары тәлімгердің көмегінсіз қашықтан оқытуға үйренісе алмады. Бұл жайында бастауыш мұғалімдері көп әңгімелейді. Өзін-өзі үй жағдайында еркінсіп, сыныптың аурасын сезінбеген бала оқу үдерісіне толық ене алмайды. Бұл аз десеңіз, осындай отбасында бірнеше бала тәрбиелеген ата-ананың жүйкесіне де аз салмақ түспегені анық.
Оқуға қажетті құрал-жабдықтың жетіспеушілігі де жанға қатты батты. Әсіресе шалғай ауылдағы мектеп оқушылары, аз қамтылған отбасылар абдырады. Бірақ Қазақстандағы барлық ауыл-аймақ, оның ішінде Қазалы ауданында да мұқтаж шәкірттерді компьютермен қамтамасыз ету ісі жүйелі жүрді. Оларға демеуші кәсіпкерлер тарапынан планшет пен оқуға арналған гаджеттер тегін таратылды. Бірақ алыстан оқыған студенттер интернет пен компьютер жетіспеушілігінен толыққанды білім ала алмады. Әрине барлығы емес.
Қашықтан оқытуға қатысты қиындық мұнымен де толастамады. Бірақ министрліктің жетекшілігімен өңірде де, ауданда да орын алған келеңсіздіктер бірден шешім тапқанын көз көрді. Есесіне қашықтан оқыту базасы қалыптасты. Жұрт айтып жүрген індеттің екінші толқыны орын алар болса оқушылар оқуын ойдағыдай жалғастыра беруіне мүмкіндік бар. Дегенмен мектептегілер бұрынғы мамыражай маусымды сағынып жүр. Оқушылар да, мұғалімдер де, әрі-беріден соң ата-аналарға дейін дәстүрлі оқытудың дұрыс екенін анық түсінген.

Жарқынгүл МАХСУТОВА,
№266 мектеп-лицейдің мұғалімі

23 ақпан 2021 ж. 2 404 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930