Майнинг туралы не білеміз?
2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан криптовалюта өндіруден АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленген. Қазақстанда криптовалютаға қызығушылар қатары көбейді. Бұрындары адамдар криптовалютадан пайда табуды көздесе, енді азаматтардың назары электр энергиясының сөнуіне әсер еткен «майнинг миграциясына» ауды. Майнинг деген не? Онымен заңды түрде қалай айналысуға болады? Неге шетелдік майнерлер Қазақстанға көшіп жатыр? Осы және өзге сауалдар жауабын білгіңіз келсе, мақаланы толық оқып шығуға кеңес береміз.
Майнинг қалай жұмыс істейді?
Майнинг деген Bitcoin немесе басқа криптовалюталарды өндіру немесе іздеп табу болып табылады. Майнингті басқа ақша өндіретін құралдармен шатастыруға болмайды. Себебі криптовалютаны іздеп табудың өзіндік ерекше функциясы бар. Майнинг негізі ағылшын тілінен аударғанда «mine» – өндіру деген мағынаны білдіреді. Биткоин немесе басқа криптовалютаны табу үшін майнингті қолданамыз. Майнинг негізі Блокчейн технологиясы арқылы жұмыс істейді. Блокчейн дегеніміз – кез келген операцияларды белгілі блоктарға бөліп жұмыс істеу. Ал майнингтің өзін кез келген компьютер арқылы жасауға болады. Майнер (криптовалюта табушы адам) биткоин немесе криптовалютаны табу үшін өте мықты компьютер немесе процессор керек. Себебі барлық блокчейн операциясы процессор арқылы өтеді. Блокчейн технологиясы әлемдегі кез келген процессор арқылы жүреді. Майнер электронды цифрлық қолтаңбаны (хэш) табу үшін арнайы есептеулерді орындау үшін процессор қуатын пайдаланады. Сол цифрлық қолтаңбаны «тапқан» үшін майнерге криптовалюта сыйақы түрінде беріледі. Майнинг арқылы қауіпсіз транзакция жүргізе алуға мүмкіндік болады. Bitcoin және басқа да көптеген криптовалюталар үшін бұл – эмиссияны ұлғайтудың жалғыз жолы. Майнингтің басты мақсаты – осы. Алғашқы сатыларда кез келген адам процессордың қуатын пайдаланып майнингпен айналыса алатын. Бірақ қазір ол жеткіліксіз, кем дегенде мықты процессор керек. Сатоши Накамото 2009 жылы Bitcoin-ды ойлап тапты. Және оған белгілі сан эмиссия белгіледі. Ол максималды 21 000 000 BTC (биткоин) болды. Қазір сол бар биткоиндарды әлемде барлық майнерлер іздеп өндіруде. Болжам бойынша, барлық биткоиндар ХХІІ ғасырдың ортасында өндіріліп болады.
Майнингтің түрлері де бар
Майнинг жұмыстарын қолданылатын құралына байланысты ажыратуға болады. Негізгі түрлерінің алғашқысы – компьютерлік процессорлардағы өндіру (CPU). Криптовалютаны өндірудегі тиімсіз тәсілі болып табылады. Monero сияқты криптовалюталарды ғана өндіруге болады. Бірақ тіпті қуатты компьютерлер де нақты табыс әкелмейді.
Ал екіншісі – видеокарта арқылы өндіру (GPU). Көптеген криптовалюталарды осы арқылы өндіруге болады. Соның ішінде эфир, dash-ты өндіруге болады. Radeon немесе GeForce видеокарталарын қолданған тиімді. Тұрақты режим арқылы криптовалюталарды өндіруге мүмкіндік бар.
Үшіншісі – ASIC арқылы. Криптовалютаны шығарудың тиімді тәсілі болып табылады. ASIC – арнайы архитектурамен жасалған процессорлар. Мұндай құрылғыларда өтемақы жоғары деңгейі бар және оларды сақтау оңай. Бірақ бір жаманы – тез арада істен шығып қалады.
Төртіншісі – ферма. Ферма ол қуатты графикалық видеокарталарды (GPU) біріктіру арқылы жұмыс істейді. Бір немесе бірнеше компьютерге қосылу арқылы. Бұл жоғары тиімділікті көрсетеді. Ал жабдықтар шынымен қайталама нарықта сатылады. Майнерлер санының артуы видеокартаға деген сұраныстың артуына әкелді. Сондай-ақ оның тағы бір түрі – бұлтты (облачный) майнинг. Бұл дегеніміз кез келген фермадағы процессорға жалға алу арқылы жүзеге асады. Мысалы, айы белгілі бір процессорге ақша төлеп отырса болғаны. Ал қалған процессордың тапқан пайдасы тікелей өзіне түседі. Бұл әдіс тиімділігі бұлтты майнинг жұмыстарының тарифтеріне, ағымдағы тарифке және желі күрделілігіне байланысты. Майнингтің телефон, браузер, HDD деген түрлері де бар. Бірақ олардан ешқандай пайда болмайды. Оны көбінесе хакерлер қолданады. Адамдардың компьютерлеріне немесе телефондарына белгісіз майнингті орнатып, криптовалюта тауып жатады. Сондықтан ондай жағдай болмау үшін белгісіз сайттардан ештеңе жүктемеңіз.
Виртуалды валютаның уақыты келді
Ал криптовалюта – криптографикалық әдіспен жасалған, нақты бір жүйемен бақылауға келмейтін виртуалды валюта. Негізін криптографиядан алатын блокчейн, ацикликалық графика, консенусты реестр іспетті технологиялық жүйелермен жұмыс істейді. Криптовалюталардың айналымы ашық жүргізіліп, электронды цифрлы қолтаңбаның ашық кілті, яғни криптографиямен реттеледі. Цифрлық қаржы биткоиннан бастау алады. Одан кейін блокчейн, Р2Р, Cash іспетті басқа да түрлері пайда болды. Жаңбырдан соңғы жауқазындай қаптаған криптовалютаны кім, қалай атаса да, оның негізі бір – криптография. Жалпы криптовалюта термині алғаш рет атақты «Forbes» журналында 2011 жылы аталғанымен, тарихы 90-шы жылдардан бастау алған деседі. DigiCash деген атауға ие болған қаржы жүйесі жекелей өтемақы есебінде 1990 жылдан бастап кәдеге жаратыла бастаған. Ағылшын кәсіпкері Дэвид Чом негізін қалаған электронды қаржы орталықтандырылғандықтан өрісі кеңеймей, 1998 жылы банкрот болады.
2009 жылы өздерін «Сатоси Накамото тобы» деп атаған азаматтар аяқсыз қалған істі қайтадан қолға алып, Bitcoin жүйесін құрады. Одан кейін Namecoin, Litecoin, PPCoin, Novacoin іспетті бірнеше тармақтары пайда болады.
2013 жылы халықаралық биржа мен саудаға араласып, дүкен, мессенджер іспетті инфрақұрылымдық жүйелердің жұмысына қатысуға қауқарлы криптовалюталар қалыптасты. Виртуалды ақшаны көшіріп алуға да, ұрлап алуға да болмайды. Қазіргі уақытта валютаның 8 мыңнан астам түрі бар. Ең танымалдары: Bitcoin, Ethereum, Ripple, Bitcoin Cash, Litecoin, Dash. Әлемде кең таралған түрі биткоин 2015 жылы Еуропа Жоғарғы сотының шешімімен баламалы төлем құралы есебінде мойындалған.
Бүгінгі таңда елімізде виртуалды ақшаны қолданудың үрдісі қалыптасты. «Kaspi.kz» қосымшасын қолданбайтын адам бүгінде жоқтың қасы. Тіпті жол жүру ақысын да QR-код арқылы төлеп, арнайы карта арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысып жүрміз.
Қазір ел электронды үкіметті дамыту индексі бойынша БҰҰ-ның әлемдік рейтингінде 33-ші орында тұр. Ол адами капиталды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылым және онлайн қызметтер индикаторларынан тұрады. Алдағы уақытта технологиялық прогресте көшбасшы елдердің қатарына қосыламыз деп сенеміз.
Дайындаған
Асылым ӘЛИ
Асылым ӘЛИ