Амнистия ахуалы
Несие жағдайы – қазақстандықтар үшін өзекті мәселе. Соңғы уақытта ел ішіндегі әңгіменің дені несие амнистиясы туралы өрбіп жүргені рас. Әлеуметтік желіні бақыласаңыз да пікірі екіге айырылған ел белсенділерін байқауға болады. Осы тақырыпта ой қозғап, соңғы жаңалықтарды сараптап көрдік.
Жұртшылықты қуантқан Жарлық
2019 жылдың 26 маусымында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Жарлығы шықты. Ізін ала Жарлық негізінде 500 мың азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Бұл тізімге атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы, асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар, жетім балалар кірді. Бюджеттен бұл үшін 105 миллиард теңге бөлінген. Осы бағытта елдің бар түкпірінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары, enbek.gov.kz, egov.kz сайттары, 111 жедел байланыс нөмірі несие өтеушілер үшін жұмыс істеді. Жыл соңында ел тұрғындарын тағы бір қуантқан жаңалық осы Жарлық негізінде қосымша 57 мың адамның несиесі кешірілетіні белгілі болды. Қай нәрсенің де екі ұшы болатыны іспетті бұл процесстің кезінде де тізімге ілінбей қалған тараптың наразылығы мен мойнындағы қарыз жүгі жеңілдеген азаматтардың алғысын теледидар экраны мен әлеуметтік желі лентасынан байқай алдық.
Карантин кезіндегі кредит
2020 жылы басталған бүкіл әлемді әбігерге салған covid-19 салдары барлық салаға әсер етті. Мұнай бағасы тарихи рекордтық деңгейге төмендеп, нарықта нағыз нәубет туды. Экономиканың барлық саласындағы жетекші топтың салы суға кетіп, іргетасы ілгері қаланып, қазір алпауыт империялық бизнеске айналған бірнеше компания банкрот жариялады. Ауру жасаған ауыр соққы Қазақстанды да айналып өтпегені айдан анық. Ел аумағында коронавирус жағдайына байланысты 15 наурызда төтенше жағдай режимі мен карантин енгізілгені белгілі.
Жұмыс орындары онлайн жүйеде істеп, қызметкерлерін қысқарту жағдайы да орын алды. Мемлекет тарапынан бөлінетін 42,500 теңге әлеуметтік жәрдемақыны алуға 8 млн 29 мың адам өтініш берді. Бұл елдегі 9 млн 200 мың құрайтын экономикалық белсенді халықтың 87 проценті мемлекеттен көмек алуға мәжбүр болғанының айғағы. Бір қуантарлығы, карантин жариялағалы өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны айтарлықтай өсіп жатыр. Біздегі ресми жұмыссыздық деңгейінің төмен болуын көп жағдайда елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың көп болуымен түсіндіруге болады. Соңғы мәліметтер бойынша, осы категорияға жататын азаматтардың саны 2 миллионға жеткен.
Карантиндегі халықтың қалтасына ең ауыр түскені несие мәселесі еді. Үкіметтен жеңілдік қарастырылып, Президент қаржылай қиындыққа тап болған азаматтарды кредит төлеуден үш айға босатуды тапсырма берді. Алайда үш айдан кейін төлемнің мөлшері артатыны айтылған.Себебі кредиттің сыйақысы есептеледі. Тәртіп бойынша төтенше жағдайға дейін, яғни 16 наурызға дейін берілген кредиттер ғана үш айға шегеріліп, ол үшін қарыз алушының өтініші ғана қажет болды.
Шағын және орта бизнестің кредитін шегеру үшін өтініштен бөлек қаржылық жағдайдың нашарланғанын растайтын құжаттары талап етілді. Соның негізінде қарыздың төлемдерін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Банктердің барлығы дерлік кредитті үш айға шегеруге келісті. Алайда онымен бірге барлық процент пен сыйақы да шегерілді. Осылайша кредиттің мерзімі ұзарып, үш айдың төлемін кейін өтеуге тура келетіні де айтылған. Кредит үш айға шегерілгенде қарыздың сомасы өзгермей, проценттер де қалады. Бірақ кредиттің мерзімі ұзарады. Азаматтардың кейбірі дұрыс түсінбей қалған артық төлем осы қағидадан шығады. Себебі кредиттің мерзіміне банктің сыйақысы жүрді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықты және бизнесті қолдау жөніндегі шаралардың орындалуын мониторингтеуіндегі маусым айындағы мәліметке сәйкес, екінші деңгейлі банктер және өзге кредиттік ұйымдар төлемді тоқтата тұруға 265,8 млрд теңгеге 1 883 111 жеке тұлғаның өтінішін мақұлдады. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан 345 мыңнан астам адам 42 млрд теңгенің несие төлемін кейінге шегерді. Бұл арызданушы жеке тұлғалардың жалпы санының 34 процентін құрады. Сондай-ақ 12 411 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі 164,6 млрд теңгеге немесе шағын және орта бизнес субъектілерінің 41,6% төлеу мерзімін кейінге қалдырды.
Амнистияның екінші кезеңі бола ма?
Қоғам белсендісі, Демократиялық партия құру бойынша ынталы топ жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары 4 тамызда бір реттік несие амнистиясын жариялау бастамасын қолдаған 100 мыңға тарта адамның қолын президент әкімшілігінің канцеляриясына өткізген. Белсенділердің бастамасына 15 қыркүйекте қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен жауап келді.
Жолданған хатта кредиттеу көлемінің шамадан тыс өсіп кетпеуі үшін агенттік тарапынан жасалған, жасалып жатқан шаралар тізімі ұсынылып, жауап берілген.
Жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несиелік амнистия жариялау қажеттігін Мәжіліс депутаты Айдын Қоңыров та көтеріп Премьер-министрге сауал жолдады. Бірақ мұнда іріктеу жүргізіп, арнайы құрылған комиссия тексеру жүргізуі шарт. Яғни несиелік жеңілдікке азаматтардың барлығы ілікпейді. Тек карантинге дейін тұрақты түрде жұмыс істеп, еңбек орнын ұсынып, үзбей салықтық төлем жасап келгендері ғана амнистияға құқық алады. Айдын Қоңыровтың есебінше, қазір жеке тұлғалар арасында уақытылы төлей алмаған несие 238%-ке артып, шағын бизнестің банк алдындағы қарызы 850%-ке өсіп кеткен.
А.ҚАЛДЫБАЙ