Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Карантин көпті үйретті

Карантин көпті үйретті

Карантин режимі жарияланғалы халықтың мазасы кетіп, бірі үйге қамалғанына налыса, басқасы табыс көзінен айырылғанына ашынды. Расымен, бұл карантин бізге қалай әсер етті? Ендеше оң және теріс жақтарын санамалап көрейік.
Дубай халқындай жағдай болмаса да жиындарға көп шашылатын халқымыз карантин кезінде ретсіз үйден шықпай, сырт өмірдің арзан жаңалықтарынан құр қалса да, желге шашып жүрген қаржысын қалтасына жинады. Бұны бізге бұрыннан үйрену керек еді. Қазақ халқына берген басты оң әсері ысыраптан, ретсіз дарақылықтан шектеген сияқты. Жұрт санасы той, туған күндерге сый қылып алып баратын арнаулы күндер шектелген соң ешкімге қарыздар сезінбейді. Қайта аз да болса тиын-тебенін азық қылып, ертеңгі күннің қамын ойлады.
Сондай-ақ бұрындары “уақыт жоқ” деген сөзді көп айтатын жұмысбасты жандар енді анасына, бауырлары мен отбасына көңіл бөле бастады. Жақын адамдар бір-біріне қатталып қалған әңгімелерін айтып, жақындар арасындағы мәміле аз да болса қалыпқа келді. Бір қызығы, қазақтың байырғы отбасы институтының жемісі осындайда көрінді. Өйткені басқа елдерде карантин кезінде ажырасушылар саны көбейген. Бұл олардың жақындарына өте аз уақыт бөлетінінің кесірі. Кейбір қандастарымыз жанашырларының қадірін тереңінен ұғына білді.
Карантиннің әлемдік деңгейдегі пайдасы – экологияның жақсаруы. Фотографтардың “Дейін-кейін” атты туындыларынан табиғаттың түрлене түскенін байқауға болады. Ғалымдар әлем экологиясының 30%-ға жақсарғанын айтып отыр. Адам, көлік, зауыт жұмысының азаюы немесе тоқтауының әсерінен ауамен қоса арналар тазарып, суға дельфин мен балықтардың оралуы жабайы аңдардың көбеюі, әрине, экологтар мен біз үшін де керемет қуаныш.
Бұдан бөлек жұртшылық бос уақытын пайдалы өткізуді, өзін-өзі дамытуға ден қойды. Үйде отырғандар кітап оқып, интернеттегі ақпараттардың мүмкіндігін пайдаланып, қызықты контенттерді пайдасына жаратуда. Түрлі марафондарға қатысып, тігін тігу, торт пісіру сияқты жаңа дүниелерді үйреніп, психологтардың кеңесіне құлақ түре бастағандары, олардың өз өздерін жаңа қырынан танып жатқандарын көрсетеді.
Карантиннің басты пайдасының бірін санитария мен үлкен қамқорлық қорларының құрылуымен аяқтасақ болады. Халықтық ем шаралар туралы құнды мәліметтер жұртқа тарады. Дәрілердің жетіспеушілігінен синтетикалық емес, табиғи өнімдер дәрілік препарат рөлін сомдай алатынын түсіндік. Жеке гигиенаны сақтау туралы бұрын тек мектеп қабырғасында “тәрбие сағатынан” естісек, қазір оның маңыздылығын сезіндік. Тазалықтың денсаулық кепілі екеніне шындап көзіміз жеткендей болды. “Дәрі-дәрмек немесе тыныс алу аппараттары жетіспей жатыр” дегеннен-ақ халық бірауыздан қор жинап, аурудан сауыққан жандар өз кеңестерін бір-біріне жолдап, ауызбіршілікте болуды үйренді. Тіпті кей кездері келіспеушіліктен тіс қайрап отыратын елдер жақындарына жанашырлықтарын көрсетіп, гуманитарлық көмек жолдауда. Адамзаттың ауызбірлігі, олардың ештеңеге қарамастан біріге алатындығы көңілге қуаныш сыйлады.
Аталған мерзімде Қызылорда облысы көлемінде қылмыс деңгейі 43 процентке төмендеген. Ал жол көлік оқиғалары 25 процентке азайған. Әрине бұл қуанарлық жағдай. Өкініштісі, бұл оң өзгерістің барлығы бізге адам шығыны арқылы келіп жатыр.
Коронавирус – әлем елдері үшін трагедия. Қанша адамның өмірін қиған атыөшкір вирустың лебі 200-ден аса мемлекетке тарап, бүкіл әлем жұртын дүрліктірді. Миллиондаған адамның жанын алды. Бұл қасіреттің орны толмасы анық.
Көптеген мемлекеттің экономикасы құлдырап, кәсіпкерлер тіршілігі тоқтады. Сарапшылар әлсіз елдердің құлап тынуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұндай қиындықтардан жол таба білетін біздің мемлекет кез келген толқынды оңай көтеретініне сенемін. Бастысы ойымыз сергек, ауызбіршілігіміз мығым болғаны керек.
Әйгерім АМАНТАЕВА
№266 мектеп-лицейдің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
21 шілде 2020 ж. 564 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 95

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930