Кәсіби журналист пен әуесқойды ажырата білейік
Жылда қаламгерлердің төл мерекесі тұсында әр мекеме өз деңгейінде журналистерді құттықтап, марапаттап жатады. Осы жылдың сүйінші жаңалығы – Үкіметтің 28 маусымды кәсіби мереке етіп бекітуі болса керек.
Тың жерді игеру оңай емес. Ал тың тағдырлар мен құбылыстарға түрен салу – журналист мойнындағы іс. Өйткені қалам ұстаған ағайын күнде, тәулік бойы халық тағдырын хаттап, жариялап жатады. Әрине, олар мұндай маңызды миссияны орындап жатқанын дабырайтпауы да мүмкін. Таңның атысы мен күннің батысы алуан ақпарат таратып, әлемге жар салу немесе ел санасына сіңіру – қазіргі технологиялар үшін түк те емес.
«Ақпарат – ең қымбат тауар» деген тұжырым бар. Расында, ол – әрі байлық, әрі қор. Ал байлықтың үстінде отырып, кедейшілікке тап болатын журналистердің еңбегі лайықты бағаланып отыр ма? Қоғамның барлық саласының жай-күйін танып, тынысын сезіп, тамырын ұстауға олар қаншалықты қабілетті? Қысқаша айтқанда, журналистердің әрдайым елдің алдыңғы шебінен көрінуге білімі мен білігі сәйкес пе? Әрине, оны таразылайтын – оқырман мен көрермен.
Құдайға шүкір, тәуелсіздік таңы атқалы бері цензура келмеске кетті. БАҚ еліміздің қазақстандық үлгіде қол жеткізген табыстарын, кездескен кедергілері мен орын алған кемшіліктерін қал-қадерінше айтып келеді. Әлі де болса соның баршасын талдап-таразылауға журналист қауымының елшіл дәрмені мен мемлекетшіл ой-өрісі қаншалықты жетіп жатыр? Жұрт үшін жасалған жұмысты, тындырылған тірлікті әсіре мадақтан ада, тағылымды етіп жазуды – профессионализмге балаудың негізінде қандай өлшем тұр? Осы сұрақтардың жауабын іздесек, әуелі кәсіби маман даярлау мәселесіне барып тірелеміз. Екіншіден, кәсіби журналистерді әуесқой (яғни, кәсіби емес) журналистерден ажырату нарықтық қатынастар
болуға тиіс.
Бүгінде салалық мамандану үрдісінен ауып немесе адасып кеткендейміз. Оның маңызды бір мысалы – озық 30 елдің қатарына ену мақсатын алға қойған тұста халықаралық журналистика тынысын аша алмай отырғандығымыз. Бұл жерде барлық мәселені қаражатқа тіреп қою – жауаптан жалтарудың кері. Көрермен көзін жаттың ақпаратына сүзгізіп, бөгденің хабарына телмірткенше, өз ақпараттық өнімдерімізді неге өзіміз түзіп, өзіміз екшеп, өзіміз таратпаймыз? Дүниеге көрші мен қоңсының көзімен қараудан жалығатын кез келді емес пе? Оң аяқпен аттап, «әп-бәрекелді!» басталған рухани жаңғыруды жақсы істермен жалғастыру барысында санамызда ақпараттық қалқан болмаса да ақпараттық сүзгі бекемдене түсті. Қайсыбір кездегідей, көлденең көк аттының көрсеткенін ғана көретін, айтқанына ғана еретін заманнан ұзап кеттік. Бұған тағы бір тәуба!
Журналист – ел мен елдік мінбер арасындағы алтын көпір. Дана халқымыздың, еңселі еліміздің бірлігіне, білімі мен білігіне өмірін арнаған, алайда бай тәжірибесін, есті сөзін жұртқа жеткізуге аса ұмтыла қоймайтын адал азаматтарды табатыны да сондықтан. Әрине, журналистикаға да кемел білім, биік парасат пен терең байыптылық керек.
Сонымен бірге, біз өмір сүріп жатқан қоғамда, өкінішке қарай, журналисті жарылқау – аз, жатырқау – көбірек екенін де айтпауға болмайды. Бұл қасаңдықты өзгерту қажет деп ойлаймыз. Жалпы, кез келген кәсіптің мәртебесін көтеру заңның еншісі емес, сол кәсіп иелерінің жұмысына, беделіне, яғни өздеріне тікелей байланысты екені ақиқат. Мәселен, әрбір журналист «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, оның барлық баптарын жетік білсе, мемлекеттің қамқорлығын сезіп қана қоймай, өзінің кәсіби міндетін кедергісіз, тосқауылсыз атқару мүмкіндіктерін кеңейте алатынына көз жеткізер еді.
Күн тәртібінде тұрған тағы бір мәселе – БАҚ үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, оны орындау критерийлерін өзгерту болса керек. БАҚ саласындағы мемлекеттік тапсырыс – облыс, қала әкімдерінің жеке-дара тапсырысы емес, ол мемлекеттік саясатты жүзеге асыру механизмі болуға тиіс. Кәсіби ортада «журналисті аяғы асырайды» деген қағытпа бар. Расында да, өзге маман иелерімен салыстырғанда оның өмірі де, жұмысы да көбіне жолда, іссапарларда өтетіні – шындық. Кейбір өркениетті елдерде қолында арнайы құжаты бар журналистің жолаушы билетін алуға, көлігін кез келген тұраққа қоюға, төтенше оқиғаны журналистік әдеп кодексіне сәйкес жазып-көрсетуіне мүмкіндік берілген. Мұндай халықаралық тәжірибені неге оқып-үйренбеске, зерттеп-зерделемеске? Қолайлы үлгісін елімізде де енгізуге болатын еді.
Соңғы кезде ақпараттық құралдардың желі мен буына арқа сүйеген әсіре айғайшылар, сусылдап-зуылдағандар пайда болды. Мықтап ойласақ, бұл үрдістің де тек тамырын табу қиынға соқпас. Оқырман мен көрермен айы оңынан, жұлдызы солынан туған ондай пысықайлардың жетегінде кетсе, әйтеуір саланың обалын кәсіби журналистикадан іздемесе екен деп тілейміз. Әлбетте, бәріне уақыт – төреші.
Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Ендеше ол қазір де, келешекте де тоқтамы мен тәубесінен жаңылыспас деп ойлаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
журналист