Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Гуррагча батыр

Гуррагча батыр

Жақында Астана қаласынан Байқоңыр ауданы ашылды. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы тойланатын жылы ашылып отырған бұл жаңа аудан бас қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосары анық. Иә, Байқоңыр атауы – қазақ елін әлемге танытқан қазақы атау, бәріміздің мақтанышымыз.
Бұдан тура елу жеті жыл бұрын әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің қазақ жерінен – Сыр бойындағы Байқоңырдан көкке көтерілгені ғажайып жаңалық болып тарих шежіресінде қалды. Содан бері талай елдің ғарышкерлері аспанға ұшты. Әлемнің қай түкпіріне барсаңызда Қазақ елінен келгеніңізді айтсаңыз – Байқоңыр деп бас бармағын көрсетері анық. Сондықтан Байқоңыр еліміздің басты брендісінің бірі, Байқоңырдан ұшқан әрбір ғарышкер біздің досымыз, Қазақ елін, қазақ жерін аузынан тас­тамайтын батыр-бағланы болып қала бермек.
Сарыбұлақ ауылы Байқоңырға жақын жатқан ауылдардың бірі. Сондықтан бізді ресми түрде ғарыш айлағына қаратпаса да, шындығында сол көкке ұшып жатқан зымырандардың артқа тастайтын қалдығы мен зиянды қоспаларынан құралған ауаны жұтып отырғанымыз рас. Ауылдың айлық алып жұмыс істейтіндерінің жалақысына қосылатын «экологиялық» дейтін пайыздың түп-тамыры сол өтемақылары шығар деп те ойлап қоямыз. Мына жағынан аңқасы кепкен Аралымыз да алыс емес. Әйтеуір, не де болса, аспанға бірдеңе ұшса жүрегіміз бірден сезеді. Табиғат та қатуланып, үш күн дауылын соғып, құмын боратады. Іле шала ана елдің ғарышкерін ұшырыпты, мына елдің ғарышкерін қондырыпты деген хабарды газеттен оқығанда барып, осы сәттің жүрегіміз ауырған күнге сай келетініне таңдана қоймайтынбыз. «Айттық қой, бірдеңе ұшырды» деп бір-бірімізге қараймыз да қоямыз.
1981 жылдың 22 наурызында, Ұлыстың ұлы күні, ауылдың үлкендері Наурыз дегеннің атын атаудан қорқып, аспаннан жаңбыр тілеп, тасаттық жасап жатырмыз, деп Көк Тәңірге ас беріп жатқанда, ғарышқа кеңес ғарышкері Владимир Жәнібеков пен моңғолдың қайсар ұлы Жугдэрдэмидийн Гуррагча деген ұшты. Көктемгі мерзімдік әскери борышымызды өтеуге шақыру қағазы келіп, әжемнің мені тура соғысқа алып кететіндей көріп, «құйттай баланы әскерге шақырғандары несі» деп уайымдап жүрген кезі. Жұбау көңілін көтермек болып, «әже, бүгін аспанға Жугдэрдэмидийн Гуррагча деген моңғол ұшыпты» деп, ол батырдың атын өзім де дұрыс айта алмай, әзілдемек болғаным есімде. «Жүгірмек құрақша дейсің бе, жүгірмек болса, жүгірмек шығар, аспанға ұшып несі бар екен» деген әжемнің сөзі әлі құлағымда тұрған сияқты.
Содан бері қаншама рет Наурыз өтті, қаншама зымыран ұшты десеңші, бақандай отыз жеті жыл. Бір жеті бойы аспан көгін шарлап келген Гуррагчаға Кеңес Одағының Батыры, Моңғол Халық Республикасының Батыры деген атақ, Сухэ-Батор ордені берілді. Генерал-майор шенінде Моңғолия әскери әуе күштерін басқарды, елінің тұңғыш ғарышкері, Қорғаныс министрі атанды. Атақты Шыңғыс ханнан кейін де моңғолдың талай ел басқарған, қол бастаған қолбасшылары болған, бірақ біз білетін дәуірдің қолбасшысы, моңғол батыры Гуррагча екені рас.
Онымен бірге ұшқан Владимир Жәнібековті әуелде қазақ екен деп ойлап, бөркімізді аспанға да атқан едік. Сөйтсек, ол өзінің Крысин деп аталатын ата-тегі қолайсыз естілетін болғандықтан, әйелі Лилия Жәнібекованың ата-тегін алған орыс азаматы болып шықты. Дегенмен Владимирдің Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келгенін ескерсек, оны жерлесіміз деп толық айта аламыз. Ал әйелі Лилия Жәнібекова белгілі этнограф, ноғай халқының көрнекті өкілі Әбділхамит Жәнібековтің немересі болып келеді. Бұл ғалым ноғай әліппесі мен грамматикасын көп зерттеген, ноғай халқының алғашқы жазуын қалпына келтіруге орасан үлес қосқан білімдінің білімдісі. Қазақша айтқанда, Владимир сол ғалым ноғайға күйеу бала болып келеді. Қулығына құрық бойламайтын кеңестік саясаттың Владимирдің ноғайдың күйеу баласы болғанын білмеуі мүмкін емес. Әскери қызметке қабылданатындардың, оның ішінде ғарышкер сапына тұратын үміткерлердің өмірбаяндары түп-тұқияндарына дейін тексерілетіні, зерттелетіні белгілі. Сонда ноғайдың күйеу баласы мен моңғол азаматының бір ғарыштық кемеге отырғызылуын кездейсоқ деп пайымдаймыз ба, әлде... Ресейге төрт жүз жыл бойы өз ықпалын жүргізген Алтын Орда хандарының көпшілігі моңғол-татар, ноғай болып келетінін ескерсек, Владимир мен Гуррагчаның бірлесе ұшуында, жоғарыда айтқандай, бір «гәп» бар сияқты. Демек, мұны Алтын Орда хан ұрпақтарына деген құрмет деп те түсінуге болады.
Сонымен бәрін айт та бірін айт, текті жердің қызын алған Владимирге қосылып Жугдэрдэмидийн Гуррагча ғарышқа ұшты. Жугдэрдэмидийн оның ата-тегі екен. Айтуға қиын болғасын тегінен гөрі оның есімі Гуррагчаны көбірек атайды. Гуррагчаны моңғолдар кейде оған жақын атаумен Сансар дейді. Сансарды қазақшаласақ, «басқар» дегенге келеді. Қалай айтсақта Сансар көкті басқаруға ұшты.
Әрине, қазақ қашан ғарышқа ұшады деп жүргенде моңғол ұлының көкке ұмтылғаны бауырымызды бүлк еткізгені рас. Дегенмен, кейін қазаққа да кезек келді, бір емес бірнеше қазақ ұшты. Тоқтар, Талғат, Айдын есімді нағыз қазақы аттарды иеленген батыр-ғарышкерлер шықты. Былай қарасаң, талай ғасыр қол бастаған Шыңғыс хан ұрпағының ғарышқа бірінші жол бастауында да заңдылық бар секілді. Гуррагча батыр Алтын Ордада қазақтардың да еншісі болғанын жақсы біледі, қазақ еліне қиындық туған шақтарда батырға лайық қолдау көрсетті, Мұхтар Шаханов сияқты ұлтжанды перзентіміздің жан досы болды. Арал, желтоқсан мәселелері сияқты елдік мұраттарымызды түсінді. Батырды батыр ғана таниды деген осындайда айтылса керек.
Міне, сол Жугдэрдэмидийн Гуррагча батырмен күндердің күнінде бір жүздесем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген шығар. Бірақ, әжем айтатындай «моңғолдың жүгірмегінің» атын бұдан отыз жеті жыл бұрын бекер жаттамаған болсам керек. Оның үстіне Наурыз күні тек ақ тілектер орындалады дегенге сенбей көріңіз...
Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Наурыз парасаты» атты шығармашылық кеші өтеді дегелі осы күнді асыға күтіп жүргенмін. Әдетте ақын-жазушылармен кездесу өткізілетін орынға ертерек келмесең көп қызықтан құр қалатының анық. Халық қашанда өзінің сүйікті жазушысымен қауышуға, оның жазған кітаптарына авторлық қолтаңба алып қалуға асығады. Сондай көп оқырманның бірі ретінде ақынмен жүздесем деп келгенде, Мұхтар ағаның жанынан кеудесінде қос елдің қос алтын жұлдызы жарқыраған Гуррагча батырды көріп қалдым. Ескі танысымды көргендей қуанышымды жасырмасам керек, қос қолымды ала ұмтылыппын. Батыр да бұл кім еді деп жатырқамай, жадырай күліп амандасты. Орыс тілін жетік білетін Гуррагчаға ешқандай тілмәштің керегі жоқ. Қазаққа деген ақ тілегі жүзінен де, күлкісінен де, сөзінен де ақтарылып тұр. «Мені ғана емес, менің Гуррагча досымды да ұмытпаңдар» деп жатқан Мұхтар ақынды да, Гуррагча батырды да халық көпке дейін босатпады. Шығармашылық кеш сәл кешігіп басталды.
Ән мен жыр кешінің қызған шағында жүргізушінің «сахнаға осы кешке арнайы келген Мұхтар ағаның досы – Гуррагча батыр шақырылады» деген хабарландыруы естілгенде, көрермендер орындарынан тік тұрып құрмет көрсетті, батыр микрофонға жеткенше дуылдатып қол соқты.
– Ғарышқа алғаш ұшқандай болып толқып тұрмын. Сіздер Мұхтар ақынды қалай құрметтесіңіздер, моңғол халқы да оны сондай қатты құрметтейді. Оның өлеңдері мен жырлары ғарыштың өзінен түскендей. Осындай ұлы бар қазақ халқы – бақытты халық, батыр халық. Мен осы қазақ жерінен көкке көтеріліп, ғарышқа самғағанымды мақтан тұтамын. Байқоңыр жері, қазақ елі әлі күнге дейін түсіме кіреді. Аспанға қазақ жерінен ұшып, қазақ жеріне қондым. Байқоңыр және Жезқазған қалаларының құрметті азаматы деген атақ бердіңіздер. Қазақ еліне, қазақ жеріне айтар алғысым шексіз. Ұлыстың ұлы күні үлкен ақындарыңыздың жанында тұрып, Наурыз мерекелеріңізбен шын жүрегіммен құттықтаймын! – деді Гуррагча.
Гуррагча батыр, ғарышкер ғана емес сөзге де шешен екен. Төгілтіп айтқан, жүрегімен жеткізіп айтқан лебізін тыңдай бергің келеді. Бір жағынан сөз қадірін түсіне алатын осындай адам ғана нағыз ақындардың досы болу керек қой деп ойлайсың.
Гуррагча ғарышқа өзімен бірге ұшқан ғарышкер Владимир Жәнібековті де өмірлік досы санайды. Оның да әзілге, достыққа сай мінездерін еске алады. «Жеті күн аспанда ұшып жүргенде ғарыштық кеменің иллюминаторынан жерге қарай бергім келетін, – дейді Гуррагча өзінің бір естелігінде. – Бұрын ұшып жүрген ғарышкерлерді қайдам, мен өзім жұдырықтай жердің көктен қарағандағы көркіне тоймайтынмын. Өзімнің туған жерім Моңғолияны көре бергім келетін. Оны тауып алу түкте қиынға соқпайтын. Әне, анау шұбатылып жатқан Байкал көлі, оның оңтүстік жағында Атамбұлақ пен Халкин-Гөл. Бұл менің Моңғолиям. Туған жер деген қандай ыстық, ғарыштан қарағанда, тіптен толқып кетесің. Оны көрген кезде иллюминаторға жабысып қаламын. «Иллюминаторға жабыса беретінің не, жұмыс істесейші», – деп әзілдейтін Владимир».
Ал шынында Гуррагча да ғарышкер әріптесі сияқты көп жұмыс жасады, ғылыми тәжірибелер жүргізді. Мәселен, көл жағасында өсетін бүргеннің (кейде оны кәріқыз деп те атайды) жемісі, бұтағы мен жапырағынан жасалған дәрілік емдік қасиетін, оның қалай әсер ететінін зерттеген. Ол бәрінен бұрын ғарыш көгіне моңғол туын, елінің Ата заңы жазылған мәтінді, Сухэ-Батордың суретін, халық ісмерлерінің қолдан жасалған кілемшесін, моңғол жастарына – кейінгі ұрпаққа аманат хатын және XVI ғасырдағы Алтын Орда ғалымдары жасаған жұлдызды аспан картасын, өзінің ата-бабаларынан қалған мұрасы – мүйіз шақшасын алып ұшқанын мақтаныш етеді.
Сөйтіп, шақша алып көкке ұшқан Гуррагча өз ұлтының мақтанышына айналды. Өз халқын, өз жерін жан-тәнімен сүйе алатын ұл ғана өзгені құрметтей алады. Монғолияның Ұлы халық хуралының депутаты болып жүргенде, Гуррагча батыр Қазақ еліндегі Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Шахановпен талай кездесіп, достық, елдік мәселелерді көтерді.Сол уақыттардан бері екі дос – екі елдің ғасырлар бойғы достығының жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Міне, осындай батырмен, Шыңғыс ханды дүниеге әкелген елдің ерімен кездестірген Наурызға алғысымызды айтып сыртқа беттедік. Гуррагча батырмен қимай қоштасқан сәтте қазақтың батыры, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен жүздескен күнді еске алдым. Батырлар бір-біріне ұқсайды деген рас қой. Тоқтар ағам сияқты Гуррагча батырдың да құшағы да, көңілі де кең екен.
«Аман болыңыз, батыр. Алтын Ордадан енші алған қазақ, шүкір, Сарыарқаға өз Ақ Ордасын тікті, Ел Ордасын тұрғызды, Көк Тәңірдей көк Туын желбіретті», – дедім іштей толқып.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
запастағы полковник.

12 маусым 2018 ж. 1 472 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 19

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930