Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылқаламға қонған Қазалы

Қылқаламға қонған Қазалы

Аудандағы түрлі ресми, ғылыми, танымдық, мәдени,спорттық шаралар өтетін орындарды дайындап, безендіргенде, бірінші кезекте, Қазалы ауданының логотипі көрнекті орынға қойылатынына күнделікті кезігеміз. Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлиханов екені баршаға мәлім.
Ал аудан логотипінің авторының кім екенін аудан халқы мен өскелең ұрпақтың есіне салып етуді жөн көрдім. Елтаңба және логотип-екеуі де белгілі бір ұйымды, мемлекетті немесе брендті танытатын графикалық белгілер, бірақ олардың мақсаты, қолданылуы және құқықтық мәртебесі әртүрлі болуы мүмкін.
Елтаңба – тарихи, мәдени және саяси мағынаны білдіретін мемлекет, қала, өңір немесе әулеттің ресми рәміздерінің бірі. Ал біздің логотип ауданның имиджін қалыптастыруға қызмет етіп келеді.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шенінде Аудандық «Ленин туы» газеті редакциясында жұмысшы-село тілшілер мектебі жұмыс істеп, оның тыңдаушылары айына бір рет мақала жазу, оның қыры-сырын шыңдау жөнінде сабақ алды. Сол тыңдаушылар арсынан кейін белгілі журналистер шықты. Ал тыңдаушылардың белсенділерінің бірі болған, қылқалам шебері Қуантай Ршымбетов – аудан логотипінің авторы. Логотиптің өмірге келу тарихы, алғашқы нұсқалары қандай болғаны, ойластықтарда қандай ұсыныстар айтылғаны, логотипке қазыналы Қазалының өмір тарихын кескіндеп көрсетуге білімімен тәжірибесін пайдаланғаны бүгінгі күнгідей әлі көз алдымызда. Сызбалардың бінеше нұсқаларын ұсынып, қайсысының біздің өлке тарихымен ұштасатынын ортаға салды. Алғашқы нұсқаларының сызбалары Қуантайдың үйіндегі мұрағатында әлі де сақтаулы тұр.
1979 жылдың қыркүйек айында ауданда егін жинау науқаны қызып тұрған кезде аудандық «Ленин туы» газеті редакциясына фототілші болып қызметке орналастым. Қызығушылық танытып, газет өміріне араласып, мақала, суреттер жіберіп тұратынмын. Газетте ауылдасым журналист Насифулла Аяғанов жұмыс істейді. Насифулла мен Раушанбек Сейтеновпен тығыз қарым-қатынастамыз. Сол байланыстың нәтижесінде мен газетке жұмысқа келдім.
«Келдім» деп айта салғаным болмаса, қайнап жатқан еңбек қазанының ортасына қосылдым да кеттім. Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында суретші болып өзіммен-өзім жүрген маған қызықты да қиын жұмыстар басталып кетті. Газет аптасына үш рет шығады. Қажетті матералдарды сапалы дайындап, газеттің уақытылы дайындалуы газет редакциясының журналистерінің жауапкершілігінде. Ал баспахана газеттің сапалы басылуын бақылайды. Бір мақсатта еңбек етіп жатқан екі ұжымда отызға тарта адам жұмыс істейді.
Мен аудандық газет өмірімен тығыз байланыс жасайтын штаттан тыс тілшілермен араласа бастадым. Солардың ішінде өзіне жақын тартып, шығармашылығымен бөлісіп, баурап алғандардың қатарында Қуантай Ршымбетов болды. Аз уақытта таныстық ағалы-інілік сыйластыққа ұласып, жанұялық достыққа жалғасты. Өзі өмірден ерте кеткенмен, әлі күнге дейін отбасы, жары Ақмаралмен сыйластығымыз жалғасып келеді.
Қуантай Ршымбетовтің өмір жолына үңілсек, 1953 жылдың қазанында толқыны тулап жатқан айбынды Арал теңізінің жағасындағы Қасқақұлан ауылында балықшы отбасында дүние есігін ашыпты.
Балалық балғын шағы мен бозбалалық қиялшыл кезеңі кіндік қаны тамған жері Арал теңізінің жағасында өткен. Толқынды теңізді көріп өскен Қуантай Аралдай айбынды, асқақ, тереңдігін байқайсың. Сол кезеңдердегі Арал өңірі балық шаруашылығы өркендеген, жағалауы табиғаты ерекше тұмса, еңбек ерлерін көп шығарылған аймақ болатын. Су маржаны – тулаған балығының арқасы мен қырда мал қаптатқан аралдықтардан сол кезеңде он алты Еңбек Ері шығып, әлемге аты жайылып, тарих қойнауына енді. Ақындар жырларына арқау болып, осы күні де құрметпен айтылып келеді.
Балықшы әулетінде өмірге келіп, тәрбиеленген Қуантай жастайынан еңбексүйгіштік, төзімділік, қолға алған ісінің нәтижелі болуына және туған жерге деген сүйіспеншілікті бала күнінен бойына сіңіріп өседіі. Қол қалт еткенде теңіздің жағасына барып, бірін-бірі қуалаған толқындарға қызыға қарайды. Қиялымен кең дүниені де шарлап қайтатын. Сол қызығушылық мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сурет салу өнеріне жетелейді. Сыныптастарынан оқ бойы озық болып, спортқа және мектеп өміріндегі қоғамдық жұмыстарға ерекше қызығушылық танытады. Оның бойындағы тума талант – шығармашылық қабілеті ұстаздарының назарын аударып, шыңдай түсуге мүмкіндіктер туғызады.
Мектепті бітірген соң, арман қуып әсем қала Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының көркем-графика факультетіне құжат тапсырып, студент атанады. Жоғарғы оқу орнындағы жылдары оның сан қырлы таланттарын қырлай түседі. Тек білім алумен шектелмей, спорттың бокс, дзюдо, күрес, волейбол, баскетбол сынды түрлерімен тұрақты түрде айналысады. Өз жоғарғы оқу орны спорттық құрама командасымен түрлі жарыстарға қатысып, спорттық дәрежелер жеңіп алады. Мұндай бойына дарыған қасиеттері оның өмірлік ұстанымдары баспалдағының негізіне айналады. Ұстаздық еңбек жолымен қатар өміріне спортты серік етеді.
Институтты жақсы тамамдаған соң еңбек жолын Арал ауданының Сексеуіл теміржол станциясында мектепте қатардағы мұғалім болудан бастайды. Жас ұстаз оқушыларына сурет салу өнерінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, өзіне шәкірттер дайындап, шығармашылыққа баулиды. Уақыт өте келе оның ұстаздық қызметі оқушыларының бойы, санасына ұлттық өнерге қызығушылық қалыптастыруға жол ашады. Олардың арасынан өзінің жолын қуған суретші шәкірттері ұстаз шығармашылығын жалғастырады.
1976 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылады. Спорттағы қол жеткізген жетістіктерінің арқасында арнайы қатаң іріктеуден өтіп, бауырлас Украина жеріндегі атақты, бірнеше ордендердің иегері Гвардиялық әскери бөлімде дайындықтан өтеді. Әскерлік білімін шыңдаған сарбазды алғашқыда КСРО қорғаныс министрлігі, кейін Түркістан әскери округінің әскерлер шенділері қатарында әсери арнайы тапсырмаларды орындауға қатыстырады. Әскерде бірлесіп қимылдар жасау мен құпиялықты сақтау, тапсырманы қандай жағдайда да орындауды терең меңгереді.
Азаматтық борышын абыройлы өтеп, елге оралған соң, еңбек жолын жалғайды. 1977 жылы Қазалы теміржол станциясындағы №18 мектепке мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Қазақстан теміржол жүйесіне қарасты білім ошағында алдыңғы буын ағалар тәліміне сүйене жүріп, ұстаздық ету ол үшін өмір мектебіне айналады. Бойындағы суретшілік шығармашылықты шыңдай түсуіне басшылық жағдай жасап, өз алдына арнайы бөлме береді. Осы кезеңнен бастап оның шығармашылық шарықтау кезеңі басталады. Академиялық білім мен табиғи талант оның болымысын қалыптастырады.
Қуантай Ршымбетовтің ең маңызды қырларының бірі – тарихи тұлғалардың бейнесін жаңғыртып, ұрпақтары ортасына қайта оралту болды. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, ұлттық тарихқа деген қызығушылық артқан тұста қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің портреттерін салуға ерекше мән берілді.
Шығырмашылық иесі өз еңбектерінде еліміздің тәуелсіздігін аңсап, найзаның ұшы, білектің күшімен елін-жерін қорғаған батырлар мен билер, ағартушылар мен қоғам қайраткерлерінің көркем бейнелерін жасап, жаңғыртады. Оның қылқаламынан туындаған Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Ғани Мұратбаев, Роза Бағланова сынды тарихи тұлғалардың және тағыда басқа жандардың жүздеген бейнелері қазіргі таңда түрлі кітаптар, газет-журналдар мен мәдени басылымдарда кеңінен пайдаланылып келеді. Бұл еңбектері төл тарихымызды қалыптастыруға қызмет етті.
Қылқалам шеберінің портрет жанрындағы өнер туындысы үлкен шеберлікті талап етеді. Қолға алған жұмыстың сыртқы келбетін дәл беру, бір қырынан келу жеткіліксіз. Кейіпкерінің тарихи кезеңі, рухани болымысы, өмір сүрген уақыты, мінезін бейнелеп көрсету қажет. Қуантай өзінің әр шығармасында осы талаптарды мүлтіксіз орындауға өзі алдына міндет қоя білді. Сондықтан оның қолынан шыққан еңбектер көрерменге тек бейне емес, тұтас бір тарихи дәуірдің келбетін елестететін әсер қалдырды.
Автордың қылқаламынан туындаған әкем мен анамның бейнесі менің де төрімнен орын алып тұр.
Қазақ сурет өнерінде ұлттық тақырып әрқашан маңызды орын алып келеді. Қуантай Ршымбетов осы бағытты бағдар шам етіп ұстанды. Оның шығармаларының негізгі бөлігі, ерекшелігі – ұлттық рухтың басымдығы.
Суретші тарихи тұлғаларды бейнелеу арқылы өткенге құрмет сезімін қалыптастыруды мақсат етті. Ол үшін сурет өнері – ұлттық сананы тәрбиелеудің бір құралы болды. Шығармаларында бай қазақы мінез, елге, туған жерге сүйіспеншілік, батырлық рух, даналық пен елдік мұрат айқын байқалады.
Қуантайдың тағы бір даралап айтатын ерекшелігі – туған елінің тұлғаларын дәріптеу. Ол жалпақ жұртқа белгілі тарихи қайраткерлерді ғана емес, Сыр өлкесінің көрнекті азаматтарын да бейнеледі. Осы арқылы өңір тарихының көркем шежіресін қалыптастырып, жасауға үлкен үлес қосты.
Қазақ халқының рухани мәдениетінде қылқалам шеберлерінің орны ерекше. Суретші тек бейне жасаушы ғана емес, өз дәуірінің шежірешісі, халықтың тарихы мен болмысын келер ұрпаққа жеткізуші тұлға. Бейнелеу өнерінің тарихында Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева, Молдахмет Кенебаев, Жанатай Шәрденов, Ағымсалы Дүзелханов сынды өнер майталмандары қазақ ұлттық өнерінің дамуына зор үлес қосты. Олардың ізін жалғастырған өңірлік таланттардың қатарында Қуантай Ршымбетовтің де өз орны бар.
Замандастары, біздер, Қуантайды «сегіз қырлы,бір сырлы азамат еді» деп еске аламыз. Ол ұстаз, суретші, спортшы, әскери маман және қоғам белсендісі ретінде еліне қалтықсыз қызмет етті. Өз ортасында ұтырлы сөзбен, әзіл айтудың да шебері еді. Әсіресе қазыналы Қазалы өңірінің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі ерекше. Оның шығармашылық еңбектерінің бастыларының бірі – Қазалы ауданының логотипін өмірге келтіруі. Бұл жұмысы туған өлкенің брендингі мен тарихи келбетін қалыптастыруға қосқан зор үлесі еді.
Туған жердің тарихын қылқаламмен сөйлеткен суреткердің шығармашылығы ұлттық құндылықтарды насихаттауға,тарихи сананы жаңғыртуға және жас ұрпақты өнерге баулуға бағытталды. Еңбектері бүгінгі күні де өзінің тәрбиелік және мәдени маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Артында қалған мұрасы тек салынған суреттер ғана емес,тәрбиелеген шәкірттері, ел жадында сақталған тарихи бейнелер және туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің өнегесі.

Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі



09 шілде 2026 ж. 30 0

9 шілдеге валюта бағамы

09 шілде 2026 ж. 39

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031