Қазалы » Жаңалықтар » Дәрігер мәртебесі мен кадр мәселесі: медицинадағы өзгерістер қандай
Дәрігер мәртебесі мен кадр мәселесі: медицинадағы өзгерістер қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 280 мыңнан астам медицина қызметкері халық денсаулығын қорғап жүр. Олардың еңбегінің нәтижесінде ана мен бала өлімі азайып, өмір сүру ұзақтығы артты, ал Қазақстан медициналық туризмнің тартымды бағыттарының біріне айнала бастады. Бүгін - Медицина қызметкері күні. Осыған орай сала мамандарына көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталсақ. Фото: Kazinform /ЖИ көмегімен жасалған
Статистика не дейді?
Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша денсаулық сақтау жүйесінде 280 555 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 83 994 дәрігер және 196 531 орта буын медицина қызметкері бар. Орта буын мамандарының 8 091-і жоғары мейіргерлік білім алған. Ал медицина қызметкерлерінің жалпы санының 39,4 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды.
Соңғы он жылда елімізде ана мен бала өлімі 12 пайызға төмендеп, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті. Сонымен бірге еліміз медициналық туризм картасында өз орнын қалыптастырып келеді. Қазір Қазақстанға жыл сайын 45 елден 10 мыңнан астам адам емделуге келеді.
Инфографика: Kazinform
Алайда бұл жетістіктермен қатар шешімін күткен мәселелер де бар. Әсіресе кадр тапшылығы, ауыл медицинасының жай-күйі мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі өзекті. Сондықтан мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар сала мамандарын қолдауға басымдық беріп отыр.
2029 жылға дейінгі бағдар
Осы мақсатта Қазақстанда 2029 жылға дейін денсаулық сақтауды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Құжат медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды, цифрлық шешімдерді енгізуді және халықтың өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізуді көздейді.
Тұжырымдама тоғыз стратегиялық бағыттан тұрады. Олардың қатарында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейту, жоғары технологиялық медицинаны дамыту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру және кадрлық әлеуетті арттыру бар.
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Дегенмен кез келген реформаның нәтижесі оны жүзеге асыратын мамандарға байланысты. Сондықтан мемлекет дәрігерлерді әлеуметтік қолдау шараларын да күшейтіп келеді.
Қолдау қалай іске асып жатыр?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020–2023 жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен ұлғайтылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30 пайызға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға артқан.
Соның нәтижесінде дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 2025 жылы 598,1 мың теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда үш есеге өскен. Ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 315,6 мың теңгені құрап, бес жылда 2,4 есе артты.
Мемлекеттік қолдау тек жалақы өсімімен шектелмейді. Әсіресе ауылдық жерлерге маман тартуға ерекше назар аударылып отыр.
Жыл басындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 3869 дәрігер жетіспейді. Оның 803-і ауылдық жерлерге тиесілі. Ең жоғары тапшылық Түркістан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.
Инфографика: Kazinform
Мәселені шешу үшін еліміздің 16 өңірінде 529 медицина қызметкеріне 100 ең төменгі жалақы көлемінде немесе арттырылған мөлшерде біржолғы төлем берілген.
– Өткен жылы 100 ең төменгі жалақы көлеміндегі немесе арттырылған мөлшердегі (10 млн теңге) біржолғы төлемдер Қазақстанның 16 өңірінде жүзеге асырылды. Оны ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған 529 медицина қызметкері алды, – делінген ДСМ-ның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Төлем алғандар саны бойынша Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Мұнда 113 медицина қызметкеріне 960,5 млн теңге төленген.
Бұдан бөлек дәрігерлерге тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие, көтерме жәрдемақы, коммуналдық шығындарды өтеу және басқа да әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.
Мамандардың кәсіби дамуына да көңіл бөлініп жатыр. Бюджет есебінен шамамен 24 мың медицина қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өткен.
Сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атты жаңа құрметті атақ енгізілді. Ол 1000 АЕК көлеміндегі біржолғы төлеммен бірге беріледі. Ал «Үздік маман» байқауы жеңімпаздарына 500 АЕК көлемінде сыйақы төленеді. Өткен жылы мұндай марапатқа 17 маман ие болған.
Жақында мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында 2026–2028 жылдарға арналған Салалық келісімге қол қойылды. Құжат алдағы уақытта медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға және әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталған.
Соған қарамастан, медицина жүйесіндегі ең күрделі мәселелердің бірі – кадр тапшылығы толық шешімін тапты деу қиын.
Дәрігерлерді даярлау және қауіпсіздік
Кадр мәселесін шешу үшін биылдан бастап медициналық білім беру жүйесінде ауқымды өзгерістер басталады. Енді болашақ дәрігерлер үшін жеті жылдық оқу моделі енгізіліп, алтыншы курс студенттері алғаш рет ресми «дәрігер-интерн» мәртебесін алады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл өзгерістер түлектердің практикалық дайындығын күшейтіп, оқу аяқталғаннан кейін бірден жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
– Студент алғаш рет ресми «дәрігер-интерн» мәртебесіне ие болады. Бұл оған медициналық жүйелерге қол жеткізуге, жалақы алуға және әлеуметтік қорғаныс құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді депутат.
Мемлекет мамандарды даярлаумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де басымдық беріп отыр.
Соңғы бес жылда дәрігерлерге қатысты 280 зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
Қазір жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетон тағып жүр. Еліміз бойынша 2100-ден астам бригаданы 3600 бейнежетонмен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар 636 қабылдау бөлмесіне дабыл түймелері орнатылады.
ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Ұлмира Нұралиеваның айтуынша, бұл шаралар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Фото: Ұлмира Нұралиеваның жеке мұрағатынан
– Ел медицинасы жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртып, қаржыландыруды ұлғайтып қана қоймай, саланың негізгі капиталы саналатын дәрігерлерді қорғауға басымдық беріп отыр, – дейді Ұлмира Нұралиева.
Бір саланы таңдаған егіздер
Денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан өзгерістердің нақты нәтижесін жас мамандардың еңбек жолынан көруге болады. Соның бір мысалы – Қордай аудандық орталық ауруханасында қызмет ететін егіз мейірбикелер Айзада мен Нұрзада Табиевалар.
Ақ халатты егіздер бірге өсіп, бірге білім алып қана қоймай, бір мамандықты таңдап, бүгінде халық денсаулығына қатар қызмет етіп жүр. Олардың ортақ арманы – адам жанына араша болу.
Мектеп қабырғасынан бастап медицина саласына қызыққан олар 2018 жылы Бішкек медициналық колледжіне түсіп, «Жалпы мейірбике ісі» мамандығы бойынша білім алған.
Үш жылдық оқуын тәмамдаған соң туған жеріне оралып, еңбек жолын бастайды. 2022 жылы Жастар практикасы бағдарламасы аясында балабақшада медбике болып қызмет атқарып, тәжірибе жинақтайды.
Ал 2023 жылдан бері Қордай аудандық орталық ауруханасында еңбек етеді. Қазір екеуі де терапия бөлімшесінде мейірбике қызметін атқарады.
Фото: Айзада мен Нұрзада Табиевалардың жеке мұрағатынан
Айзада Ерікқызының айтуынша, медицина саласын таңдауға бала кезден қалыптасқан адамға пайда тигізу ниеті себеп болған.
– Мейірбике болу – үлкен жауапкершілік. Әр науқастың сауығып кетуіне өз үлесіңді қосу үлкен қуаныш сыйлайды. Біз үшін пациенттердің алғысы – ең үлкен марапат, – дейді ол.
Айта кетейік, елдегі медицина ұйымдарында 45 мыңнан астам бос орын бар.