Бабы келіскен балық шаруашылығы
Аймақта балық өсіруге қолайлы су айдындары бар. Демек балық баптауда мүмкіндік көп. Облыстың табиғи-климаттық факторларын, Арал теңізін көлемін, күріш егу алқаптарында балық өсіру мүмкіндігін ескере отырып, өңір жылына жиырма бес мың тонна балық өсіруге қабылетті екенін сала мамандары айтқан еді. Өңірде теңіз де, тәжірибе де бар. Салаға қолдау болар мемлекеттік бағдарлама да бар.

Балық шаруашылығы – елдің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіндегі маңызы зор салалардың бірі. Ал арнайы жабдықталған балық тоғандары – осы саланы дамытудың ең тиімді әрі тұрақты жолы. Табиғи су айдындарындағы балық қорының сарқылуы және климаттық өзгерістер балықты қолдан өсіру технологиясына деген сұранысты күрт арттырды. Себебі тоған шаруашылығы – балықтың өсу процесін толық бақылауға, оны дер кезінде қоректендіріп, аурулардан қорғауға мүмкіндік беретін күрделі инженерлік-биологиялық жүйе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын балық шаруашылығына жіті көңіл бөлініп келеді. Сала – ауылдық жерлерде өндіріс көлемінің артуына, халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуына маңызды рөл атқарады. Республикадағы Каспий мен Арал теңізінің, Балқаш пен Зайсан көлінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары, сондай-ақ басқа да су айдындарының осы кәсіпте өз орны бар. Сондай-ақ кәсіптік балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облысында жақсы дамыған. Ресми дерек бойынша, елде жыл сайын 45-50 мың тонна балық ауланады екен. Ал Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленген. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылға дейін балық экспортын 2 есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттыру көзделген болатын.
Қазалы ауданы – кәсіпкерліктің қайнаған ортасына айналған өңір. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, бүгінде 5371 кәсіпкер тіркелген болса, олардың 91,7 пайызы немесе 5216-сы белсенді жұмыс жасап тұр. Өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында 2025 жылы 2 миллиард 400 миллион теңгеге 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, оның 3-еуі іске қосылды. Соңғы жылдары ауданда тауарлы балық өсіру шаруашылығы жаңа серпін алып, жергілікті экономиканы әртараптандырудың негізгі бағытына айналды.Осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі – Басықара ауылындағы «Арал Рыбторг» ЖШС-нің балық тоғаны. Жалпы көлемі 464 гектарды құрайтын бұл шаруашылыққа 650 миллион теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорын директоры Қуаныш Өмірзақовтың айтуынша, 2024 жылдың қазан айында 360 мың дана тұқым әкелініп, балық өсіру ісі қолға алыныпты. Қазіргі таңда нысанда электр желісі тартылып, су арнасы мен құбырлар жаңартылған.Сондай-ақ 400 мың шабақты қыстататын екі тоған және көлемі 250 гектарлық жаздық тоған қайта жаңғыртылыпты. Алдағы күзде 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарланса, 2027 жылға қарай өндіріс көлемін 1000-1200 тоннаға дейін жеткізу және өз инкубациялық цехын ашу көзделіп отыр. Бұл жоба толық іске асқанда 30-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Балық шаруашылығына ден қойғандар тек ірі серіктестіктермен шектелмейді. Мәселен, Ақжона ауылдық округіне қарасты Майдакөл ауылындағы Жалпақ елді мекенінде жеке кәсіпкер Ақылбек Баймаханов 60 гектар жердің 30 гектарын балық тоғаны ретінде игеруде. 2025 жылдың қарашасынан бастап қолға алынған жоба аясында биыл мамыр айында 80 мың дана шабақ жіберілген. Сонымен қатар, Қазалы қаласындағы Құрманай каналының бойында жеке кәсіпкер Райс Валиев 5 гектар аумақта тоған қазу жұмыстарын жүргізуде. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 31 миллион теңге несие алып, сазан балығын өсіріп, балық шаруашылығында бағдарлы бастама жасамақ.
Иә, балық өсіру ісі тек суға балық жіберіп, оны бағумен шектелмейді. Бұл – үнемі мониторинг пен сауатты менеджментті талап ететін кәсіп. Әрбір маусымда балықтың салмақ қосу динамикасын қадағалап, оған берілетін жемнің мөлшері мен құрамын балықтың жас ерекшелігіне қарай өзгертіп отыру өнімділіктің негізі болып табылады. Тоған шаруашылығын дамыту жергілікті жерлерде жұмыс орындарын ашып қана қоймай, экологиялық тұрғыдан таза, сапалы балық өнімін халыққа қолжетімді бағада ұсынуға мүмкіндік береді. Балық тоғанын салу және оны тиімді басқару – бұл тек пайда табу мақсаты ғана емес, сонымен қатар су ресурстарын ұқыпты пайдалану мен табиғатпен үйлесімді жұмыс істеудің үлгісі.
Жалпы, аудандағы 22 маңызды көл мен шағын тоғандарды игеруге 10-ға жуық тұлға ниет білдірген. «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл 40 үміткерге 300 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.Айта кетерлігі, өңірде былтыр 1000 тонна болған тауарлы балық өсіру көлемі биыл 1500 тоннаға жетті. Облыста 80-ге жуық тауарлы балық шаруашылығы жұмыс істейді.Ал Сырдария мен Арал өзендері және 160 көлден сүзілген өнімдер халықаралық нарыққа да шығарылуда. Былтыр Қызылорда облысынан 13 мемлекетке 4,5 мың тонна балық өнімі экспортталған. Қарт өзенде балықтың бірнеше түрі мекен ететінін ескерсек, бұл бағыт – Қазалы ауданының экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды тірек болмақ.
Айнұр ӘЛИ














