Министр отандық тауар өндірушілерге қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтты
Фото: Роман Суханов
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға өсті. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы жылдың бірінші жартысында өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға өсті. Өсім қара және түсті металлургия, химия, машина жасау және жиһаз өндіру салаларында орын алды. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі салаларда оң серпін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұған қол жеткізудің бірден бір тетігі – отандық өндірісті қолдау", - деді министр Үкімет отырысында.
Қанат Шарлапаев отандық өндірушілерді қолдау аясында бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданғанын айтты.
"Біріншіден, мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізбесі кеңейтілді. Офтейк келісімшарттар жасасу тетігі пысықталды. Екіншіден, мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық тауарларды пайдалануға бақылау енгізілді. Үшіншісі – жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларында отандық тауарларға басымдық беріледі. Төртіншіден, табиғи монополия субъектілері сатып алуларында отандық тауарларға 10 пайыз шартты жеңілдік қарастырылған, бұл тауарлардың бәсекелестігін арттырады", - деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек "Самұрық Қазына" сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк келісім шарттар жасасу шарттары жетілдірілген.
"Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі өндірісінің төрт пайызға өсіп, импортының жеті пайызға төмендеуі. Импорттың төмендеуі машина жасау тауарлары, металл бұйымдар мен қағаз өнімдері бойынша байқалады", - деді министр.