Аймақ әлеуеті артып келеді
Бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде болды. Өңірде жасалған жүйелі жұмыстарға есеп беріп, түйіні тарқатылмай тұрған түйткілдерге тоқталды.
Өңір басшысы ең әуелі өңір халқының өмірі мен денсаулығына қатысты жасалған іс-шаралар жайлы баяндады.
– Коронавируспен күрес әрдайым назарда. Қазіргі таңда 3 200 орынға арналған 21 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істейді. Онда 3 600 медицина қызметкері еңбек етеді. Жаңадан 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Қазалы қаласындағы ауданаралық және облыстық көпсалалы ауруханада оттегі стансалары орналастырылды. 488 миллион теңге қосымша дәрілік құралдарға бөлінді. Азаматтардың вакцина алуына да лайықты жағдай жасалған. Айталық, бүгінде 106 вакциналау кабинетті бар, оның 91-і аудандық деңгейде орналасқан. Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына арнап 39 мобильді вакциналау пункті іске қосылды. Облыс халқының 74,4 проценті, яғни 95 963 адам вакцинаның бірінші компонентін алып үлгерді. Ал екпенің екінші компонентін 40 077 азамат, яғни тұрғындардың 46,8 проценті салдырды, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң аймақ басшысы есеп беру барысында өңірдің негізгі мәселесінің бірі су деңгейінің тартылуына байланысты суды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Қазір біз Сырдария бойындағы жыл сайынғы су жіберуді қамтамасыз етуге баса назар аударып отырмыз. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкімет Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егінді әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін түсінеміз. Сондықтан ылғалды қажет ететін дақылдардың, атап айтқанда, күріштің егіс алқаптарын азайту бойынша жұмыс істелуді. Осы ретте ылғалды аз қажет ететін – соя, жүгері, майлы және жем-шөп дақылдарының егістігін ұлғайтып келеміз, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаралар қабылдануда.
Сыр топырағының қатты тұздылығына байланысты күріштен толықтай бас тарту мүмкін емес. Дегенмен күрішке арналған егіс алқаптарын азайту жұмыстары болашақта да жалғаспақ. Биылдың өзінде егіс көлемін 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқарттық, келешекте бұл көрсеткішті 80 мыңға дейін азайтамыз. Ал балық шаруашылығын дамыту 2030 жылға дейінгі аймақтық бағдарламасы бойынша жүзеге асып келеді. Бұл тауарлық балық көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізе отырып, 100 еседен астам көбейтуге, балық өнімдерінің экспорты 2 есе – 8,5 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта ауылшаруашылығына ылғал үнемдеу технологияларын енгізу қолға алынуда. Өткен жылы облыста пилоттық режимде аквагельдерді қолдану сынақтан өткізілді. Биыл бұл тәжірибені кеңейтіп, жүгері мен жоңышқа өсіру үшін жаңбырлатып суару тәсілі енгізіледі.
Пандемия кезінде көптеген сала тұралап қалды. Соның ішінде кәсіпкерлік салаға кесірі аз болмады. Алайда облыс әкімінің айтуынша, өңірде экономиканың даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Оған жергілікті биліктің кәсіпкерлерді қолдауы өз септігін тигізген.
Қызылорда облысында жұмыссыздық деңгейі 4,9 процент көрсеткішінде. Бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде жыл басынан бері 13,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның 4 мыңынан көбі тұрақты. Соның ішінде жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтары арқылы 468 мүгедектігі бар адамдар жұмыспен қамтылған, оның 57-сі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Өткен жылы қабылданған 2023 жылға дейінгі экономикалық даму карта аясында кәсіпкерлікке 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 400 жоба ұсынылған. 2020 жылы 7 миллиард теңгені құрайтын 89 жоба іске асып, 1 047 жұмыс орны құрылған. Биыл 14 миллиард теңгені құрайтын 96 жоба іске асырылып, нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ 16 тойхана қызметін өзге бағытқа ауыстырған. Бұл да өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септеседі.
– Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 97 проценті орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген, 65 проценті табиғи газ пайдаланады. Жыл соңына дейін осы көрсеткішті 67,4 процентке дейін жеткіземіз. Сондай-ақ су, кәріз желілерін қайта жаңғырту және салу бойынша құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. 400 шақырым шамасында жол, көпір өткелдері мен көшелерді жөндеуге және салуға 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал әлеуметтік нысандардың ішінде оқу ошақтарына келсек, 2021 жылы 2 600 орындық 6 мектеп (оның екеуі – 800 орындық жеке мектеп) пайдалануға береміз. Бұған қоса 3 750 орындық тағы 5 білім ошағының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Және 48 мектеп қайта жаңғыртылады, – деді аймақ басшысы.
Айтпақшы, өңірде ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орай 266 іс-шара өткізілмек. Соның ішінде Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына арналған шара, республикалық айтыс, ақын, жырау Кете Жүсіптің 150 жылдығына жыраулар мен жыршылар байқауын өткізу жоспарланып отыр. Атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жахаевтың 130, КСРО халық әртісі, әнші Роза Бағланованың 100 жылдықтары тойланады. Сонымен қатар Бәбіш молла, Жанкент, Сығанақ қалаларының орнында археологиялық зерттеулер басталды.
А.БАҚЫТҰЛЫ