Алақаны шипалы ақ халаттылар
Үлгілі отбасы – ұлттың ұйытқысы. Әр отбасының үйіне қарап, тірлігін тануға болады. Осындай өнегелі жанұя қатарына Қазалы теміржол ауруханасында бас невролог қызметіндегі Нұрдәулет Серікұлы мен зайыбы Арайлым Әділбекқызы теміржол емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып адал еңбектерімен еленіп жүрген ақхалаттылар отбасын жатқызуға болады. Нұрдәулеттің марқұм әкесі Серік Балдақұлы да бірнеше жыл Қазалы аудандық және теміржол ауруханасында дәрігер невропатолог болып қызмет атқарған.
– Әкем білікті де, білімді дәрігер болды. Өмір сүрген 43 жыл уақыт ішінде халықтың ыстық ықыласына бөленді. Біраз дерттің емін таба білді. Ағам Берік Балдақұлы да теміржол ауруханасында дәрігер офтальмолог қызметін абыройлы атқаруда. Мен есімді білгелі осы кісілердің адал қызметін, науқастардың әкеме деген шынайы ризашылығын көріп өстім. Сол себепті де дәрігер мамандығына деген қызығушылық бала кезден оянды. Ол тірі кезінде, салауатты өмір салтына қалыптастырып грек-рим күресіне қатыстырды. Әрбір жетістігіме қуанып отыратын. Сол шақтағы мақсаттарым бөлек еді. Спорттың ізін жалғап биік шыңдарды бағындыруды армандадым. Кейін барлық ойым түбегейлі өзгеріп, әкемнің игі ісін жалғастыру, оның алдындағы борышым деп түйдім. Осы жолды таңдауыма әжем Қадіркүл Жұбатқан, анам Бақыткүл Әлжан, көкем Берік Жадырасынның қолдауы да ерекше әсер етті, – дейді Нұрдәулет.
Ал Арайлым Балдақова 2000-ға жуық халыққа қызмет етеді. Скринингтен өткізеді, жаңа туылған нәрестеге патронаж жасайды. Тіркеуде тұрған науқастарды күнделікті бақылайды. Созылмалы аурумен ауыратындарға ай сайын тегін дәрі үлестіреді. Үйге шақыртуларға барады. Жанындағы медбикелері ауыр дертке шалдыққандардың анализдерін үйінен алып келеді. Таңның атысынан, күннің батысына дейін тынбай тер төккен осындай ақхалаттылар отбасына ризашылығын білдірушілер жетерлік.
Осы күні Нұрдәулет Серікұлы қаншама белі бүгіліп, басы ауырғандардың диагнозын дөп басып, кешенді ем-дом жасауда алдына жан салмайды. Қажетті дәрігерлік кеңес беріп, алтын ине қойып, дертке шалдыққандарды құлан таза айықтырып жүр. Ол әрбір науқасқа ден қоя бақылауды бала кезден бойына сіңіріп өсті. Оқу-білімге құштар дәрігер мектепте жүргенде әрдайым белсенділік танытатын. Пәндік олимпиадалар, ғылыми конференциялар және спорттық жарыстарға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жүлделерге қол жеткізген.
Атап айтқанда, Таразда, Павлодарда өткізілген халықаралық ғылыми конференцияларда I дәрежелі және II дәрежелі диплом иегері. Қызылордада өткен облыстық дарынды оқушылар конкурсында «Сартай батыр» тақырыбында үздік баяндама жасағаны үшін диплом иегері. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық сырттай олимпиадасының I кезеңінің жүлдегері. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, доктор, профессор Қылышбай Алдабергенұлының құттықтау хаттарын алған.
Сонымен қатар грек-рим күресімен айналысып бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы атанған. Осылайша мектепте үздік болған Нұрдәулет Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне «Жалпы медицина» мамандығы бойынша күндізгі бөлімге оқуға түседі. Жоғары оқу орнын да үздік дипломмен аяқтап, оған бакалавр дәрежесі беріледі. Университет қабырғасында жүріп көптеген ғылыми-жұмыстарға, қоғамдық іс-шараларда да белсенділік танытты.
Қазан қаласында өткізілген бүкіл ресейлік студенттік ғылыми-практикалық конференциясында оқыған «Бензапиренмен ингаляциялық әсер еткендегі сүйек кемігінің морфологиялық жағдайы» атты тақырыбы «Наука и молодежь» материалдар жинағына енді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенттері мен жас ғалымдарының халықаралық қатысыммен 54-ғылыми конференциясында «Морфология» секциясында I дәрежелі және «Әлеуметтік – ізгілендіру ғылымдары» секциясында II дәрежелі диплом иегері атанды. Бұдан бөлек 55, 56, 58-ғылыми конференциясынан сертификаттар иеленді.
«Білімді жас – ұлт болашағы» облыстық жас ғалымдар мен мамандардың ғылыми конференциясында Алғыс хатпен марапатталған. «Үздік оқу үлгерімі мен кәсіподақтағы адал жұмысы үшін» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жұмысшыларының кәсіподағы атындағы стипендианты атанды. «Үздік оқу үлгерімі мен қоғамдық жұмысқа белсене қатысқаны үшін» ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шәкіртақы иегері атанды.
ҚР МҒА-ның академигі, м.ғ.д., профессор Т.Ж.Үмбетов атындағы ғылыми-білім беру мектебінің қосарлас төраға қызметін атқарды. Астана қаласындағы медицина университетінде өткізілген жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында үшінші орынды жеңіп алды. Бүкілресейлік жастардың халықаралық «Макро и микроморфология XXI века» атты ғылыми медициналық интернет конференциясында баяндамасы жинаққа енді.
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен ұйымдастырылған ғылыми-техникалық жобада «Хром және бор қосылыстарымен созылмалы улану кезіндегі егеуқұйрық бауырының морфологиялық құрылымы» атты тақырыбы бойынша грант иегері атанды.
Оренбург қаласында өткізілген «Медицина будущего: От разработки до внедрения» атты халықаралық жастардың ғылыми-практикалық форумына қатысып арнайы сертификатпен марапатталды. Университетішілік олимпиадалардың, «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы. «Дарина» ағылшын тілі орталығында білім алған.
Сонымен бірге «Bilim-orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының оқу барысында білім, ғылым, спорт, өнер саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жылдың үздік студенті» төсбелгісін кеудесіне тақты. Дарынды дәрігердің өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі бұнымен тоқталмақ емес. Ол өзін әрдайым дамытып, жан-жақты ізденіп, оқу-іліммен өсе түсуде. Интернатурадан соң дәрігер терапевт атанды. Мемлекеттік грантпен Ақтөбе қаласында «Неврология, в том числе детская» мамандығы бойынша резидентураны тәмамдады.
Қазіргі таңда теміржол ауруханасында халықтың алғысына бөленуде. Басты мақсаты – 9 жыл бойы алған білімі мен тәжірибиесін жинақтап, Қызылорда облысы Қазалы ауданында адал қызмет атқару және ауыр халдегі неврологиялық науқастардың дертінен айығуына себепкер болып, Қазақстан медицинасының дамуына үлес қосу. Құдай қосқан жары Арайлым екеуі Әлинұр мен Әлихан есімді ұлдарды тәрбиелеп отыр.
Жалпы жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА