Сәуегейлер жасырған сырлар
«Тағдырымда не жазылған?», «Болашақта мені не күтіп тұр?» деген сауал адамзат баласымен бірге сонау алғашқы дәуірден бері жалғасып келе жатыр. Өйткені адам жаратылысында алдағы күндерде не болатынын білуге деген ерекше құмарлық бар. Сондықтан осы бір қажеттілікке сай болашақты болжағыштар мен көріпкел, балгерлер де әрдайым табылып отырған. Расында көріпкелдік қасиет қайдан пайда болды? Ол мәңгілік пе, әлде адам баласын уақытша сезімге бөлейтін сиқыр ма?
Тарих тереңіне үңілсек, адам ғасырлар бойы өздерінен тыс бір тылсым күштің табиғатқа кайшы келмейтін құпия заңдылығы барына зор сеніммен қарады. Ал ғылым осы құбылысты анықтауға ұмтылды. Жан баласының бойындағы ерекше бір қасиет, көріпкелдіктің нақты нәтижесінің қорытындысы жаңаша көзқарас туғызды. Ғалымдардың пайымдауынша, адамның денесінен әртүрлі түске оранған сәулелер шығады. Ол дені сау адамның денесінен бір қалыпты лаулап шықса, аурушаңнан әлсіреп, кейде үзіліп, өңін тез ауыстырып отырады. Оның түр-түсіне, толқынына қарап, сырқат түрін анықтауға болады дейді мамандар. Мұны неге айтып отырмыз. Өйткені соның нәтижесінде олардың ішкі дүниесіндегі ой арманына өзара байланыс құрып осы бір құбылыс пайда болады.
Бүгінде әлемге әйгілі сиқыршылардың бастауында Нострадамус тұр. Көбіне сандармен жорып, өзінің көріпкелдігін аспандағы жұлдыздармен дәлелдеген. Нострадамус астрология ғылымының жілігін шаққандықтан, оның санмен қалдырған құпия цифрын ашу әртүрлі жолмен іске асырылды.
Ол 2019 жылға дейінгі жер шарындағы өзгерістерді болжады. Алайда толық бітіре алған жоқ. Оның пайымдауынша, әлемде ерекше соғыс басталады. Яғни шайқас ақпараттық түрде жүзеге асады, ал адамдар рухани толқудан өтеді. Ғалымдар Нострадамустың соңғы кітабынан алынған кейбір квадраттарды зерттеп, биыл планета шеруі болуы керек деген қорытындыға келді.
Екінші орында Болгариялық көріпкел Ванга тұр. Бүгінде бұл әжейді білмейтін жан жоқ. 12 жасында құйын аспанға көтеріп әкетіп, екі көзінен айырылған ол қазірге дейін жер шарында нендей жайттардың орын алатынын дөп басып айтты.
Мәселен, Украинада үлкен көтеріліс болатынын, одан бөлек Сирия, АҚШ, Ресей мен Қытайдағы үлкен өзгерістер туралы сөз еткен. Сондай-ақ Барак Обаманың АҚШ тарихындағы қара нәсілді соңғы президенті болатынын да айтқан. Бұл қаншалықты рас екені белгісіз, дегенмен болжамы ақырындап орындалып келеді. Қалғандары келер күндерінің еншісінде. Мысалы, ХХІ ғасырдың басында дәрігерлер онкологиялық ауруларды жеңілдететін дәрі ойлап табады және 2028 жылы жаңа энергия көзі құрылады. Ал 2033 жылы мұздың еруі нәтижесінде мұхит деңгейі көтеріледі екен.
Ванга әрдайым елді елең еткізіп, жүрегіне қорқыныш ұялататын жайттарды да жария етеді. Көпшілігі дәл келіп, жұрттың сенімі одан әрі күшейді. Расында оған бүкіл хабарды немесе көріністі кім жеткізеді? Бұл жағы да беймәлім.
Олар өлімді көріп-біліп қана қоймай, оның иісін де сезіп жүреді. Көбіне өздерін аспан мен жердің арасындағы үлкен күшке ие ретінде санайтындары да жоқ емес. Мысалы, америкалық көріпкел Линда Уилсон жаңа жыл кешінде көршісіне: «Жақын маңнан жағымсыз өлімнің иісін сездім», – депті. Ол әйелдің күйеуіне көзі түйіскенде өзін бір үрей алып бара жатқанын айтады.
Бір аптадан кейін өкпесіне суық тиген көршісі кайтыс болады. Өлім кезіндегі денеден бөлінетін энергияның әсерін сезген Линда Уилсон осындай болған.
Ертеректе ел ішінен шыққан небір көріпкел мен емшілер көп болған. Олардың қатарына бұдан мыңдаған жыл бұрын ғұмыр кешкен Мөңке би бабаны келтіруге болады. Ол – асқан әулие, көреген, болашақты бірнеше жүздеген жыл бұрын болжап білетін текті кісі болған.
«Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен ала түсетін інің болады,
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар» – деп айтқаны қазіргі күні әлеуметтік желіде кеңінен тарауда. Бұл халық арасында үлкен талқыға түсіп, көпшілік мұның бүгінге сай сөз еткендігіне таңғалуда.
Мұнан бөлек Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да келешек туралы келтірген сөздері әлемжеліде толып жүр.
Қазақ әдебиеті тарихында Мəшһүр Жүсiптің алар орны айрықша. Бала кезінен мұсылманша хат таныған ол шығыс жауһарларымен сусындап өскен. Ол 1858 жылы Баянауылдың Найзатас деген жерінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Адам. 7 жасар кезінен-ақ халық әдебиеті үлгілерін жинаумен айналыса бастаған. Он бес жасынан ақындық жолға бет бұра бастайды. Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде кішкене баланың өнеріне тәнті болған. Ақын баланың әкесіне: «Сопы, мұнан былай мына баланың бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен» деп айтқан. Содан кейін «Жүсіп» – деген есіміне «Мәшһүр» аты қосылады.
Мәшһүр Жүсіп ғұмырының соңғы кезеңі туралы ел аузында түрлі әңгіме көп. Ақын 1931 жылы өзінің туған ауылында дүниеден өтеді. Көзкөрген адамдардың айтуынша, ақынның көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Ол өлерінен бір жыл бейіт тұрғызып, өзінің көзі тірісінде жаназасын шығарып, өзіне ас бергізеді.
«Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын, мен өлген соң ас бермек түгілі, бақа-шаян теріп кетесіңдер», – деген сөзі тура келеді. 1931 жылы қызыл қырғын ашаршылықтың басталғанын ескеретін болсақ, оның бұл айтқанына таңданбасқа шара жоқ. Осы әңгіме ел арасында аңыз болып тарап, ауыл адамдары өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тәу етіп, түнейтін болған.
Көріпкелдік науқасты жазу, жоғалғанды табу, дұшпанды білу үшін десек қателесеміз. Өйткені ертеректе көріпкелдік ұлттық өнердің ең қажеттісі ретінде болған. Ел басшылары бұлардың сөзіне құлақ түріп, атқа қонған күндері де көп болған. Соның арқасында ханның бас кеңесші, ақылшысы да бола білді.
А.БАҚЫТҰЛЫ