Конституция
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық шежіре һәм жаңашыл серпін

Ғасырлық шежіре һәм жаңашыл серпін

Су – тіршіліктің көзі, берекенің өзегі, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы топырағы үшін су шаруашылығының орны қашан да бөлек. Осы саладағы жұмысты жүзеге асырып келе жатқан, ғасырдан астам тарихы бар, аймақтың бас агро-инженерлік күретамырына айналған «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің өткені өнегеге, бүгіні қыруар еңбекке толы. Мекеме алғаш іргетасы қаланғаннан бері халықтың қажеттілігін өтеп, егіншілік мәдениетін қалыптастыруына тікелей ықпал етіп келеді.
Су шаруашылығы қызметкерлері күні – кәсіби мерекесіне орай өндірістік учаскенің тынысына бойладық.

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАЛАРЫ ЖӘНЕ СУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА БЕЛЕС
Қазақстанның көп бөлігі шөл және шөлейт аймақтардан тұрады. Су ресурстары шектеулі, сонымен қатар трансшекаралық Сырдария, Іле, Жайық сынды өзендерге тәуелді. Соңғы жылдары жаһандық климаттың өзгеруі мен трансшекаралық өзендердегі су тапшылығы мәселесі мемлекеттік деңгейдегі ең басты стратегиялық міндеттердің біріне айналып отыр. Осы ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы – осы салаға деген серпінді көзқарастың айқын дәлелі. Президенттің сала алдына қойған негізгі реформалары суды үнемдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа Су кодексі аясында тиімділікті арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Сушаруашылығы комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын Қызылорда филиалының «Қазалысушар» өндірістік учаскесі мекемесі су реформасының ауданда орындалуын жүзеге асырып келеді.
КЕТПЕННЕН – ИНЖЕНЕРЛІК ЖҮЙЕГЕ ДЕЙІН
Адамзат баласы тіршілік үшін текетіресте судың құны мен қажеттілігін ертеден білген. Дала еміп, еңбек баққан көшпенді бабаларымыз «Су бойлаған суықтан аман, Су жағалаған аштықтан аман» деген тәмсіл түзген. Өзен-көл жағасында отырған халықтың азығы сайлы, жағдай жайлы болатыны белгілі.
Аудан – экономикасы мен тұрғындарының өмірі су шаруашылығына тікелей байланысты Қызылорда облысының маңызды ауылшаруашылық өңірлерінің бірі. «Қазалысушар» ашылғаннан бері, түрлі құрылымдық өзгерістерге қарамай, үздіксіз Қазалының негізгі республикалық маңызы бар гидротехникалық құрылыстарын күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу жұмыстарын жүзеге асырып келеді.
Қазалы – Орталық Азия мен Қазақстан үшін өмірлік маңызы бар ең ірі өзен Сырдария өзенінің бойында орналасқан. Ол экологиялық, экономикалық және тарихи тұрғыдан аймақтың тіршілік көзі болып табылады.
Су – өмір нәрі, еңбек – елдің өркендеуі.
«Қазалы суландыру жүйесі» басқармасының негізі 1920 жылы қаланған. Оның алғашқы басшысы қызметін Меңдулла Күзенбаев есімді азамат атқарған. Сол жылдары қолмен қазылған Жиеней, Қарлан, Алтай каналдары арқылы 10 мың гектарға жуық егіс алқабы суарылады. Бұл көшпелі халықтың отырықшылыққа көшуі және егіншіліктің қанат жаюына себепкер болады. 1934 жылы «Су бөлімі» құрылып, шаруашылықты жүйелі басқару қолға алынады.
Өткен ғасырдың 40-жылдарында Сырдариядағы су режимінің тұрақсыздығына байланысты «Оң жаға» арнасын қазу қажеттілігі туындайды. Соғыстың қиын кезеңіе, 1941-1942 жылдары, халықтық құрылыс әдісімен үш мың адам 40 күн ішінде бір миллион текше метр топырақ шығарып, арнаны аяқтады. Сол тұста «Сол жаға» арнасының құрылысы да басталды. Ұзындығы 50 шақырымдық арна 20 мың гектар егістікті суландыруға есептелді. Бұл каналдар ауыл шаруашылығы мен егістіктерді, өзенінің оң және сол жақ жағалауындағы мыңдаған гектар құнарлы жерлерді сумен қамтамасыз ететін негізгі күретамыр болды. Арналар арқылы аумақтағы ірі шаруашылықтар тұрмысын тіктеп, егіншіліктің тұрақты дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Қарақұм беткейіндегі мал шаруашылығы үшін де өмірлік маңызға ие болады. «Оң жаға» арнасынан бастау алатын қосымша тармақтар арқылы «Құмкөл», «Мақпалкөл» сияқты көлдер жүйесі мен жайылымдық жерлер суға толады. 3 мың адамның қолмен, кетпен-күрекпен 40 күнде 1 миллион текше метр орынды дайындау – нағыз ерлік еді.
1954 жылы Қызылордада егістік жерлерді тегістеу жұмыстары «Суландырудың жаңа әдісіне көшу» бағдарламасы аясында басталды. Машиналық-мелиоративтік отрядтар құрылып, 1957 жылға дейін мыңдаған гектар жер игеріледі.
1963 жылы Қазалы су торабының құрылысы басталып, 1970 жылы пайдалануға берілді. Су өткізгіш қабілеті секундына 1000 текше метр құрайтын торап Қазалы мен Арал аудандарының 64 мың гектар жерін суаруға мүмкіндік береді.
Өзен жұмысын реттеуге бағытталған су торабы 1970 жылы іске қосылғалы бері ауданның дамуы жаңа деңгейге көтерілді. 1972 жылдан бастап ауданда жерлерді инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары қарқын алды. №86 жылжымалы колоннаның күшімен 22 мың гектар жер игерілді. «Көларық», «22-съезд», «Ақтан батыр», «Шалабай», «Қаттыкөл», «Қызылту», «Алайғыр» массивтері тегістелді. 1976 жылы К-2 коллекторлар жүйесі мен насос станциясы іске қосылды. 1978 жылы Сол жаға арнасы бойындағы Өркендеу, Бекарыстан би ауылдарына дейінгі жерлер игерілді.
Мекеме 2001 жылы «Қазалысушаруашылығы» еншілес кәсіпорны болып құрылды, 2011 жылы «Қазалысушар» өндірістік учаскесі ретінде қайта құрылды. 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуымен жұмысы одан әрі жанданды.

БҮГІНГІ БЕТАЛЫС
Бүгінде облыс көлемінде атқарылып жатқан ауқымды ирригациялық жұмыстардың жемісін Қазалы ауданы да айқын сезініп отыр. «Қазалысушар» бүгінде су үнемдеу технологияларын енгізу ауданның өсімін өрістетеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтық бағдарламалар шеңберінде ұзындығы 100,48 шақырымды құрайтын К-2 қашыртқы жүйесі толық қайта жаңғыртылғанын айтады мекеме басшысы.
«Біздің басты міндетіміз – суды заңнамалық негізде пайдалану және реттеу, су жеткізу қызметін ұйымдастыру, су үнемдеу технологияларын енгізу. Қазіргі таңда мекеме теңгерімінде жалпы ұзындығы 83,67 шақырымдық 2 магистралды канал, 120,70 шақырым болатын 5 шаруашылықаралық канал, көлемі 100,48 шақырым 5 қашыртқы каналы бар», – дейді Нұрлан Әбілдаев.
Кәсіпорынның атқаратын негізгі жұмыстары бірнеше бағытты қамтиды.
Алғашқысы, сумен қамтамасыз ету. Участок ауыл шаруашылығындағы егістіктерді суару, өнеркәсіп орындарына және елді мекендерге суды уақытылы жеткізуге жауапты.
Ауылшаруашылығы бөлімі деректеріне көз жүгіртсек, ауданда 30 642 гектар суармалы жердің арқасында күріш, бидай, жеміс-жидек және мал азықтық дақылдар өсіріледі. Егіншіліктің бұл түрі тұрмыстың негізгі кіріс көзі. Елді мекендер тұрғындарының көпшілігі егін егу, мал бағумен айналысатындықтан, су жеткізу олардың өмір сүру деңгейін тікелей анықтайды.
Су болмаса, құрғақ далада егін өспейтіні белгілі.
«Қазалысушар» өндірістік учаскесі ауданның 19 мыңнан астам гектар жерін инженерлік жүйелі сумен қамтамасыз етеді.
Инфрақұрылымды бақылау да мекеменің маңызды міндеті. Ұжымның жұмысшы-қызметкерлері су жүйелерінің жұмыс істеу принципін қадағалап, су деңгейін реттеп, оларды қорғауға маманданған.
Тозығы жеткен су жүйелерін қалпына келтіру, тазалау және су ысырабын азайту шараларын жүргізу де дәл осы мекеме жауапкершілігінде.
Жыл сайын кездесетін маусымдық жұмыстар мұнда алдын ала жоспарланып, жүзеге асатынын білдік. Егін және суару маусымдарында жұмысшыларды тұрақты жұмыспен қамтып, су жеткізу процесін үздіксіз жүргізу. Бұл құрылымдық өзгерістер аймақтағы су ресурстарын басқарудың біртұтас ғылыми-техникалық және инвестициялық саясатын жүргізуге оң көзқарас қалыптастыруда.

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ
Су шаруашылығы – ел экономикасының негізі, ауыл шаруашылығының қан тамыры. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың білімі, тәжірибесі мен ынта-жігері болмаса, суды тиімді пайдалану, құрғақшылықпен күрес және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мүмкін емес. Жылдар бойы суды дұрыс пайдалануды реттеп, жерді игеріп, ауданның өркендеуіне зор үлес қосып келе жетқан олардың еңбегі арқасында мыңдаған отбасының күнкөрісі мен болашағы қамтамасыз етілуде.
Учаске басшысы Нұрлан Ерғалиұлы өзінің тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында учаскенің күнделікті жұмысын жоғары деңгейде үйлестіріп отырғанын аңғардық. Кез келген ірі мекеменің табысы оның білікті мамандары мен өз ісіне адал жұмысшыларының еңбегімен өлшенеді. «Қазалысушар» ұжымында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан жұмысшы-қызметкерлері су шаруашылығы саласының тұрақты дамуына зор үлес қосып, ұжымның беделін арттыруда. Учаске басшысының орынбасары Нұрлан Жанилов үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарып, күрделі мәселелерді шешуде үлкен үлес қосуда. Бас маман Ақерке Қадірова саланың құжат айналымы мен стратегиялық жоспарларында өзінің кәсіби білімін толық көрсетіп келеді. Инженер-гидротехник Жайберген Кенжалиев су құрылыстарының сенімділігі мен тиімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарса, су беруді реттеуші Серік Өтегенов суды үнемдеу және оны тиімді бөлу ісінің үздік маманы ретінде танылған. Әрбірі өз ісінің хас шеберлері, жас буынның тағылымды тәлімгері.
Су пайдалану бөлімінің басшысы Ибрагим Бижанов пен оның жұбайы, білікті маман Мөлдір Ізімбетова секілді жас та болса жауапты қызметті қатар атқарып жүрген отбасылық жұптар – мекеменің мақтанышы. Олардың күнделікті еңбегі, жауапкершілігі мен кәсібилігі ұжымның жалпы табысына зор септігін тигізгенін басшылықтан білдік.
Байқағанымыз, бұл саладағы әулеттік сабақтастық басым. Қазалы ауданының су шаруашылығы мен егіншілік мәдениетінің артуына 35 жыл бойы өлшеусіз үлес қосқан Сыдық Оспановтың есімі көпке таныс. Оның ізін басып, су саласында тағы 35 жыл абыройлы еңбек еткен ұлы Ерсайын Оспанов та нағыз майталман маман болған. Бүгінде осы әулеттің үшінші буыны Жанбай Сыдық пен Жарқынбек Оспан ата жолын қуып, осы мекемеде абыроймен қызмет етіп келеді. Салаға сіңген мұндай тұтас бір әулеттің қажырлы еңбегі – жастарға үлкен үлгі, еңбек сүйгіштік пен кәсіби білім ұрпақтан-ұрпаққа берілетін баға жетпес байлық екенін көрсетіп тұрғандай.
«Барлығы кадр қолында» ұстанымы нық. Мекеме қызметкерлерінің еңбегі елеусіз емес. Мұнда су шаруашылығына қосқан үлесі үшін «Төсбелгі», «Су шаруашылығы ардагері» белгілерімен және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс, аудан әкімдіктерінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған майталмандар шоғыры қалың.
ТҮЙІН
Ғасырдан астам уақыт бойы Сырдың бойын мекен еткен елді сумен қамтып, ризық-несібесін еселеген «Қазалысушар» мекемесі бүгін де өз миссиясын жоғары деңгейде атқарып келеді. Мемлекет қолдауы, жаңа технологиялардың енуі және еңбек адамдарының адалдығы арқасында Қазалының құйқалы өңірі бұдан былай да жасыл желекке бөленіп, диқандардың ырысын артыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек», – деп жұмысты ұйымдастыруда, әсіресе ауыл шаруашылығына қатысты, су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану қажеттігіне баса назар аударған болатын. Бүгінгі мемлекеттік ұстаным – сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында екендігін ұғындырып, қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етудегі жұмыстар ауқымын арттырып келе жатқандығын көресетуде.
Су шаруашылығы – аудан бюджетінің тұрақтылығы, жұмыс орындарына және инвестиция тартуға негіз. «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің бүгінгі басты мақсаты – жаңа Су кодексін негізге ала отырып, су шығынын барынша азайту. Бұл бағытта каналдардың су өткізу қабілетін арттыру, арналарды тазарту және суды есепке алудың цифрлық технологияларын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Егістік алқаптарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы артық шығынды болдырмау – уақыт талабы.
Инженерлік жүйелердің жаңғыртылуы жердің өнімділігін арттырып, ысырапты азайтуда. Мекеме суды бекітілген жоспар бойынша уақытылы, кедергісіз және белгіленген бағамен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеткізіп, экономикалық тиімділікті арттыруда.
Тіршілік нәрін реттеген сушыларға «Еңбектеріңіз еселене берсін!» дестік.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
04 шілде 2026 ж. 23 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031