Энергетикалық әлеует: бүгін мен болашақ
Коллаж: автордыкі
Қоғамның дамуын қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі – энергетика. Тіршілік көзіне баланатын энергия түрі инфрақұрлымды игілендіріп, барлық саланың үздіксіз жұмыс істеуіне әсер етеді. Мемлекетегі барлық бағытты біріктіретін стратегиялық саланың тұрақтылығы мен жеткіліктілігі экономикалық өсімді қалыптастырады. Дамыған алпауыт елдерде энергетикалық саясат – мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізгі ұстанымы. Бұл тұрғыда Қазақстандағы басымдылық неде? Қандай маңызды шаралар қолға алынды? Нендей мәселе кезегін күтуде?
Қоғамның дамуын қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі – энергетика. Тіршілік көзіне баланатын энергия түрі инфрақұрлымды игілендіріп, барлық саланың үздіксіз жұмыс істеуіне әсер етеді. Мемлекетегі барлық бағытты біріктіретін стратегиялық саланың тұрақтылығы мен жеткіліктілігі экономикалық өсімді қалыптастырады. Дамыған алпауыт елдерде энергетикалық саясат – мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізгі ұстанымы. Бұл тұрғыда Қазақстандағы басымдылық неде? Қандай маңызды шаралар қолға алынды? Нендей мәселе кезегін күтуде?
Орта Азиядағы үлес
Өркениет өрісі – ғылыми-техникалық прогресс энергетика саласының дамуына мүдделі. Жаңа энергия көздерінің іске қосылу цифрлық технологиялардың енгізілуі және автоматтандыру жүйелері өндірістің тиімділігін ұлғайтады. Сондықтан әлем жұрты алдында жаңартылатын энергия көздерінің дамуы басты мәселеге айналып отыр.
«Энергетика мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Энергетикалық қауіпсіздік – ұлттық тәуелсіздіктің, экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Сондай-ақ халықаралық қатынастарда да мемлекеттің маңызды рөлін белгілейді. Энергетикалық ресурстарға ие елдер әлемдік саясатта ықпалды позицияға ие болады», – дейді саясаттанушы Нұржан Адайбек.
Бүгінде Орта Азия мемлекеттері алдында жасыл энергетикаға ауысу мен болашақ перспективалары нақтылануда. Саясаттанушы Орталық Азия — әлемдегі ең бай табиғи ресурстарға ие өңірлер санатында екенін атап өтті.
Қазақстан 2025–2026 жылдардағы жағдай бойынша фоссилді отын бойынша да басым рөлге ие. Жаңартылатын энергия көздерінде де жақсы көрсеткіш бар. Өңірлік ынтымақтастық күшейіп, CASA-1000 сияқты ірі жобалар арқылы энергия экспортының жаңа мүмкіндіктері молаюда. Орталық Азияның гидроэнергиясын дамытуға бағытталған стратегиялық электр жобасы Қырғызстан мен Тәжікстанда өндірілген артық электр энергиясын Ауғанстан арқылы Пәкістанға жеткізуге арналған. CASA-1000 жобасы туралы мүмкіндіктер мен сын-қатерлер де зерттеліп, зерделенген. Worldbank.org таратқан мәлімет бойынша энергетикалық жоба аймақтық энергетикалық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Жобаның басты артықшылығы – аймақтық энергетикалық интеграцияны дамытуға бағытталуында.
CASA-1000 Пәкістан үшін энергетикалық тапшылықты азайтады. Сондай-ақ жоба гидроэнергияға сүйенетіндіктен, экологиялық тұрғыдан да тиімді.
Дегенмен тәуекелдері де жоқ емес.
Электр желісінің бір бөлігі Ауғанстан арқылы өтетіндіктен, жобаның толыққанды іске асуына қауіп төндірері анық.
Екінші жағдай, қаржыландырудың күрделілігі. Жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдары мен донорлардың қолдауы қажет. Сонымен қатар энергияны ұзақ қашықтыққа тасымалдау кезінде жоғалтулар болуы ықтимал.
Жобаның табысты жүзеге асуы қатысушы елдердің тұрақты саясаты мен тиімді халықаралық әріптестігіне тікелей байланысты.
Орталық Азия елдерінің энергетика құрылымына талдау жасаған IEA, IRENA және World Bank есептері мен OSCE және Ember мәліметтері мынандай жағдайды мәлім еткен.
2025 жылы CASA-1000-ның Қырғызстан мен Тәжікстан бөлігі толық аяқталған.
Қазақстан-Өзбекстан-Азербайжан арқылы жүзеге асатын «Жасыл энергия дәлізі», Өзбекстандағы ірі күн мен жел жобалары, Қырғызстандағы күн станциялары қажеттілікті өтеу мен энергетика экспортына тәуелділікті азайтуға әзірге қауқарлы.
Орталық Азиялық фоссилді отыннан ЖЭК-ке ауысуға жасалған алғышарттар инвестициялар мен халықаралық ынтымақтастық арқылы 2030 жылға қарай орындалады деп күтілуде. Ондағы Қазақстанның үлесі – 15 процент болса, Өзбекстан есесі 40 процент. Алайда бұл инфрақұрылым мен климат факторлары сын-қатер қатарында.
Айырқалпақты ағайындардың Қамбар-Ата-1 ГЭС-нен өндірілетін 1860 МВт электр энегриясын Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан ортақтасып қаржыландыруда.
Тәжікстандық 3600 МВт қуат көзін тарататын «Rogun» дамбысы өңірлік энергия теңгерімін өзгерте алады деп жоспарлануда. Орталық Азияның бірыңғай энергожүйесін нығайту, сауда өсіруді қамтамасыз ететін REMIT және Unified Energy System жобасы жолға қойылған.
Еуропалық Одақ ықпалымен жүзеге асқан «Global Gateway» ынтымақтастық бағдарламасы арқылы 12 миллиард евро көлінде инвестиция құйылған.
2025 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан тәуелсіз мемлекеттер арасында су-энергия алмасу келісімін жасау арқылы қыста Қырғызстанға электр беріп, жазда су алу айырбасы жасалғаны белгілі.
Көмір мен газ тұтыну әлі де басым. 2025–2026 жылдары аймақтық орташа көрсеткіш бойынша фоссилді отын 80–85 процент, жаңартылған энергия көздері –15–20 процентті құраған, ал күн мен желдің үлесі – 4–5 процентті құраған.
Қазақстан – табиғи ресурстарға бай, кең аумақты және өнеркәсіптік әлеуеті жоғары мемлекет.
Айырмашылық пен алшақтық
Қазақстандағы электр энергиясының негізгі бөлігін көмір және газ электр станциялары өндіреді. Елде ірі жылу электр станциялары бар. Бұл деректер Қазақстанды Орта Азиядағы ең ірі электр энергиясын өндірушілердің бірі екендігін ұғындырады.
Көмір қорының молдығы, табиғи газ және мұнай ресурстары, жоғары жел әлеуеті елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік береді.
ҚРЭнергетика министрлігі, ҚР Ұлттық статистика бюросы таратқан деректер бүгінгі ахуалды анықтатып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан жаңартылатын энергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөлуде. 2025 жылдың соңында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі елдің жалпы электр өндірісінде шамамен 7 процентке жеткен. 2025 жылы қуаттылығы 500–600 МВт 9 жаңа ЖЭК нысаны іске қосылған.
Қазіргі таңда елде шамамен 162 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейсе, олардың жалпы қуаты 3,5 ГВт. Энергетикалық жүйені әртараптандыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясатқа орай, жел, күн, су және биогаз станцияларын 2030 жылға қарай 15 процентке, 2050 жылға қарай 50 процентке дейін арттыру көзделуде.
Уран қоры бойынша алдыңғы орында тұруы Қазақстан энергетикасының жаһандық деңгейде де маңыздылығын көрсетеді.
Сондай-ақ атом энергетикасын дамыту бағытында қадам жасауы – Қазақстанның энергетикалық саясатында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Бастама сәтті жүзеге асса, 2035 жылға қарай атом энергетикасының қуаты 2,4 ГВт-қа қол жеткізі мүмкіндігі бар.
Сонымен бірге халықаралық инвесторлар қатысуымен жүзеге асатын 2024–2027 жылдарға арналған 6,7 ГВт қуатты бөлу бағдарламасы, 2035 жылға дейін 8 ГВт-тан астам ЖЭК қуатын іске қосу жоспары бар.
Eurasian Research Institute сарапшылары мақаласы Қазақстанда 2025–2026 жылдары ЖЭК қуаты рекордтық өсім орын алғанын көрсеткен. 2025 жылы 621 МВт болса, 2026 жылы 2,6 ГВт-ты құраған.
Үнемдеу мен ұмтылыс
Электр энергиясын үнемдеу – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлар. Энергия тиімділігі экономикалық өсім, экологиялық қауіпсіздік және энергетикалық тәуелсіздікпен тығыз байланысты. Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Соңғы жылдары Үкімет тарапынан электр энергиясын үнемдеуге бағытталған кешенді бағдарламалар мен нақты жобалар, электр желілерінің тиімділігін арттыру үшін халықаралық ұйымдармен бірлескен жобалар іске асырылуда. «Энергия тиімділігі картасы» іске қосылды. Бұл мақсаттар «жасыл экономикаға» көшудің маңызды бөлігі.
Энергетика саласының ардагері Ақжайық Нұрмаш сын-қатерлер мен болашақ перспективаларына назар аудару маңызды екендігін айтады.
«Ел алдында «Жасыл энергия дәлізі» арқылы Еуропа нарығына шығу міндеті тұр. Салада оң өзгерістер бар. Алайда КСРО-дан қалған ескі желілер, су деңгейіне тәуелділік саладарынан орын алатын маусымдық ауытқу ақауларын жоюға басымдылық берген жөн.
2030 жылға ЖЭК үлесі 15–тен 40 процентке жетуі мүмкін екендігі айтылуда. Ол үшін электр станцияларын жаңалап, желілердегі жоғалтулар жоғарылығын төмендету қажет.
Энергетикаға ұзақ мерзімді және тұрақты инвестиция аз. Біздегі төмен тарифті білген инвесторлар салаға қаржы құюға қызығушылық танытпауы ықтимал.
Көмір, газ өзімізде өндірілгенімен, экологиялық талаптардың күшеюі көмір энергетикасын қиындататынын ескеру қажет.
Ұсыныс пен сұраныс ұлғайған шақта, энергетикалық саясатты әлі де жүйелеу қажет. Бір ғана мысал, әлі күнге дейін Қазақстанда Солтүстікте энергия артық, Оңтүстікте жеткіліксіз деген сынды аймақтық теңсіздік тұр. Электр энергиясын тасымалдау қиын әрі қымбаттығы тағы бар.
Ең үлкен мәселе – кадр тапшылығы. Бұл қиындықты еңсермей, технологиялық ілгерілеу мүмкін емес», – дейді сөзінде.
Электр энергиясына сұраныстың артуы – ескі инфрақұрылым және энергияны көп қажет ететін экономикалық құрылым. Бұл жағдай Мемлекет басшысы назарынан да тыс қалмауда.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тurkistan» газетіне жариялаған сұхбатында да ерекше маңыз берді. Қазақстанда қызу талқыланып жатқан тариф саясаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғандай көрінгенімен, іс жүзінде экономиканың дамуына кері әсер етіп, әлеуметтік теңсіздікті тереңдете түскеніне тоқталды.
«Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті», – дейді Қ.Тоқаев мақалада.
Мемлекет басшысы арзан тарифтердің нақты кімге тиімді болғанын ашық айтты.
«Электр қуатының арзандығы табысы шамалы көп балалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды.
Арзан жанар-жағармайдың қызығын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлікпен жүретін студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді.
Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы болды? Әр түбіртектегі соманы уақтылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, «коммуналдық былық-шылықты» пайдаланып, қалтасын қалыңдатқан делдал-кәсіпкерлерге қолайлы болды», – деді.
Тарифтік жүйедегі олқылықтарды пайдаланып, пайда табу әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің орнына, ауқатты топтарға жасырын түрде субсидия берудің тетігіне айналғанын атап өтті.
Посткеңестік кеңістікте ең төмен тарифтер Қазақстанда екендігі салдарынан ел ішінде арзан жанар-жағармай көрші мемлекеттерге заңсыз тасымалданатын жағдайлар жиілеп, Қазақстан экономикасының ресурстары сыртқа кетіп, көрші елдердің экономикасына жанама түрде қолдау көрсетуге қол жеткізді.
«Әлеуметтік әділдік пен тиімді экономикаға қол жеткізу үшін тариф саясаты ашық, әділ және мақсатты болуы тиіс. Бұл бағыттағы реформалар Қазақстанның тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына берік негіз қалайды», – деген Президент жағдай қоғамда қалыптасқан «төмен тариф халыққа тиімді» деген түсініктің жалған екенін ұғындырып, тариф саясатын түбегейлі өзгерту қажеттігін жеткізді.
«Кім қанша тұтынса, сонша төлейді» қағидаты тариф саясатының негізіне айналмақ. Принцип ресурстарды үнемдеуге ынталандырып, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттырады.
Қазіргі таңда төлем жүйесіне сараланған тәсіл енгізілуде. Суды және электр энергиясын үнемдеп пайдаланатын азаматтар әлеуметтік норма шегінде ең төмен тарифпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болады.
Ел дамуы үшін маңызды мақалада елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдалануғанда ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптасатыны айтылды.
Қызылордада өткен бесінші Ұлттық Құрылтайда да мәселе ұмыт қалмады. Келелі жиында энергетика, жауапкершілік және үнем: Қазақстанның болашақ дамуының үш тірегі екендігі нақтыланды.
Жаңа тарихи кезеңге қадам басқан салада экономиканың өсуі, цифрландыру, индустрияландыру және урбанизация елдегі электр энергиясына сұранысты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізген.
Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, Екібастұз көмір бассейнінің энергетикалық әлеуетін пайдалана отырып, «деректерді өңдеу орталығы алқабын» құруды жоспарлауда. Бастама Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Дата-орталықтар металлургия комбинаттары сияқты аса көп энергия тұтынатын нысандар. Президент атом электр стансаларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосу – уақыт талабы екендігіне тоқталды.
Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін 123,1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы елдің алға қойған стратегиялық жоспарларын толық жүзеге асыруға жеткіліксіздегін де жасырмады.
Мәселе Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да көтерілді. Энергетикалық қуат тапшылығы жойылмаса, Қазақстан әлемдік бәсекедегі өз артықшылықтарын тиімді пайдалана алмайды.
Елдегі көмір қоры шамамен 33 миллиард тонна. Қазіргі өндіріс қарқыны өзгеріссіз болса, бұл ресурс кемінде 300 жылға жетуі мүмкін.
«Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Президент Трамп «Маған жел емес, көмір ұнайды» деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазақстанның энергетикалық жүйесінің әлсіз тұстарының бірі – инфрақұрылымның тозуы және жобалардың созбалаңға салынуындағы салғырттық та сынға алынды.
«Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын тездету қажет. Оның қай-қайсысы да – маңызды жобалар. Бұл мәселе шешімін таппай, тым созбалаңға түсіп кеткенін мойындау керек. Ал жұртшылық оны асыға күтіп отыр. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына сын-ескертпе айтамын», – деп жылу электр орталықтарының құрылысы уақытылы аяқталмауы өңірлердегі энергия тапшылығының сақталуына себеп болып отырғандығын ортаға салды.
Сонымен қатар, Курчатовтағы электр стансасы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энергоблоктарын іске қосу, 3-ГРЭС құрылысының басталуы – энергетикалық тұрақтылық үшін аса маңыздылығын алға тартты.
Газ және көмірсутегі саласындағы түйткілдер де тыс қалмады.
Энергетикалық теңгерімді қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі –Қазақстанда табиғи газ өндірісі экономикадағы сұранысты толық өтеуге жеткіліксіз. 2023 жылы тауарлы газ импорты 18 процентке өсіп, 4,5 миллиард текше метрге жеткен.
Су ресурстары – пайдаланылмаған әлеует. Маңызды резерв – гидроэнергетикаға қолбайлау болған жағдайлар да жіпке тізілгендей сараланды. Бұл орайда Қазақстанның су-энергетикалық ресурстарының нақты картасын жасау – стратегиялық міндет екендігі атап өтілді.
Энергетикалық сарапшы Жақып Қайрушев «qazinform.com»-ға берген пікірінде Қазақстандағы электр энергетикалық тапшылық бірнеше жыл бойы жиналып келгенін жағдай көрінісі екендігін айтады.
«Қазіргі электр тапшылығы бір күннің ісі емес, ол жылдар бойы құрылымдық тұтынудың өсуімен қалыптасты», – дейді.
Қазақстанда электр энергиясына сұраныс жыл сайын өсіп келеді. 2025–2026 жылдары кейбір өңірлерде тапшылық қаупі сақталуда. Бұл мақсатқа жету тек мемлекетке емес, әрбір азаматқа байланысты. «Электр энергиясын үнемдеу – тек экономикалық тиімділік емес, ұлттық жауапкершілік», – дейді еңбек ардагері Гүлжамал Нұрғалиева.
«Электр энергиясы таусылмайтын ресурс емес. Оны үнемдеу, тиімді тұтыну мәдениеті елімізде төмен. Үлкен өзгерістер қарапайым ережелерден басталады. Әр отбасы энергия үнемдейтін LED шамдарды пайдалану, қажетсіз уақытта электр құрылғыларын сөндіру, жылу оқшаулау жүйелерін жақсарту, телефон қуаттағышын қосып ұйықтамау, мүмкіндігі болса, күн панельдерін пайдаланып электр шығынын азайта алады», – дейді.
Энергия тиімділігі және үнемдеу саясаты мемлекеттерді әлемдегі табысты елдерге айналдыруда.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары мұнай дағдарыстарынан кейін бірқатар елдер энергия тиімділігін арттыру және энергетика шығынын қысқарту үшін ұзақ мерзімді, жүйелі саясат құру қадамын жасады. Осы кезде жүйелі бағытта қолға алған елдің бірі Дания – әлемдегі ең үздік үлгі. Энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерінің интеграциясы бойынша әлемдік көшбасшы ел 1970 жылдардың соңында қатаң энергия үнемдеу саясатын қабылдады. BR18 ғимараттарды салу және энергия тиімділігі стандарттары бойынша құрылыс, өрт қауіпсіздігі, энергия тиімділігі, ішкі ауа сапасы және қолжетімділігі қамтылады. Бүгінде электр өндірісінің 58 процентін желден алады. Данияны IEA, WEF сарапшылары «энергия тиімділігінің прототипі» деп атайды.
Ауқымды ауысу отанына баланатын Германияның Energiewende – энергия ауысу бағдарламасы әлемдегі ең ауқымды және қымбат жобалардың бірі.
Жапония мұнай дағдарысынан соң энергия тиімділігін ұлттық басымдыққа айналдырған. Олар «Top Runner» атты бағдарламаны әрбір техника түріне ең тиімді үлгіні міндетті стандарт ретінде енгізген.
Оңтүстік Корея өнеркәсіпте міндетті үнемдеу, ғимараттарға жасыл энгерияны қосу, энергия тиімділігін арттыруға арналған салықтық жеңілдіктер енгізіп, энергия интенсивтілігін жылдам төмендеткен.
Францияда ядролық энергия интенсивтілігін соңғы жылдары 12 процентке кеміген.
Мароккодағы қуаты 580 МВт күн энергиясын жылу түрінде жинақтап, түнде де электр өндіре алатын ЖЭК үлесін 2030 жылға қарай 52 процентке жеткізу жоспарланған.
Қазақстанның электр энергетикалық әлеуеті – табиғи ресурстарға, географиялық орналасуға және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерге негізделген стратегиялық артықшылық. Ел Орта Азиядағы энергетикалық көшбасшы ретінде аймақтық тұрақтылық пен экономикалық дамуға ықпал етуде. Энергетикалық жаһандық деңгейде де маңызды рөл атқарады. Жаңартылатын энергия көздері қазір тек экологиялық таза ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан тиімді шешімге айналды. Әлемдегі ірі көрсеткендей, ЖЭК ауқымды дамыту энергия қауіпсіздігін арттырады. Қазақстан да осы жаһандық үдеріске ілесіп, 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15 процентке жеткізбек.
Шағын және орташа күн фермалары өте перспективалы, күн радиациясы жоғары Қызылорда, Шымкент, Жамбыл өңірлерде күн энергиясының әлеуеті өте зор. Жоңғар қақпасы, Маңғыстау облысы және Шығыс Қазақстан – жел ресурстары бойынша әлемдегі ең үздік аудандардың бірі.
Қазіргі уақытта энергия үнемдеу ынталандыруда жеке үйлер мен шағын бизнеске күн панельдері орнатуға субсидия және «жасыл» тарифтер берілуде.
Сарапшылар ЖЭК секторы және үлкен табиғи әлеует арқасында 2029 жылдан бастап энергетикалық тәуелсіздікке және экспортқа шығуға мүмкіндігі барын айтады.
Энергетика – ұлттық инфрақұрылымның өзегі, цифрлық инфрақұрылымның тірегі десек, электр станциялары, электр желілері, газ құбырлары және жылу жүйелері мемлекет инфрақұрылымының маңызды элементтеріне саналады.
Технологиялық тетік, экономикалық драйвер Қазақстанның энергетикалық болашағы – стратегиялық шешімдер мен қоғамдық жауапкершіліктің алғышарты. Қуат көздерін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, газ және гидроэнергетика әлеуетін іске қосу – ел дамуының негізгі шарттары. Ал саланы реформалау – тек техникалық міндет емес, ұлттық жаңғырудың маңызды бағыты. Егер мемлекет, бизнес және қоғам үштұғырының бірлігі орнықса, Қазақстанда энергетикалық қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, әлемдік бәсекеде өз орнын нығайтары хақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














