Еңбек министрлігі "Отбасының цифрлық картасы" туралы мәлімет берді
Фото: pexelsҚазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Отбасының цифрлық картасының" (ОЦК) мүмкіндіктері туралы хабарлады, деп жазады Zakon.kz.
Ведомствоның мәліметінше, ОЦК мемлекеттік қолдау шараларына құқығы бар азаматтарға өтініш бермей-ақ 11 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді автоматты түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, цифрлық карта арқылы келесі төлемдер қолжетімді:
еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
асыраушысынан айырылу бойынша төлем немесе жәрдемақы;
бала туу және бала күтімі (1,5 жасқа дейін) бойынша жәрдемақы;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) жәрдемақы;
мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
көпбалалы отбасыларға жәрдемақы;
"Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегері аналарға жәрдемақы;
атаулы әлеуметтік көмек;
жерлеуге арналған біржолғы төлем.
Министрлік мәліметінше, ОЦК арқылы азаматтарға зейнетақы төлемдері, қандас мәртебесінің мерзімі, сондай-ақ жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жіберіледі.
"Мемлекеттік қолдау шараларына құқық анықталған жағдайда, әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жолданады. Азамат келісімін растаған соң, өтініш автоматты түрде рәсімделіп, төлем қаражаты оның банк шотына аударылады", – деп хабарлады министрлік.
Барлық сұрақтар бойынша азаматтар 1414 нөміріне қоңырау шала алады. Қоңырау тегін.Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі қызметке қабылдау процесіне жасанды интеллектіні енгізіп жатыр.










