Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » АЭС: қажеттілік неден туындады, ұтар тұсымыз қайсы?

АЭС: қажеттілік неден туындады, ұтар тұсымыз қайсы?


Тұрмыстық қажеттілік оңтайланып, техникалық мүмкіндіктер молайған тұста электр энергиясына деген сұраныс та артуда. Қарқын беталысын байыптасақ, тапшылық салдарын жойып, себебін табу сұранысын туындатуда. Жетімсіз жарық күшінен құтқаратын балама – атом электр стансасын салу бастамасы қазір елімізде қызу талқыланып жатыр.
Қажет пе? Қауқар қандай? Қауіп неде?

Ет сасыса, не себеміз?
Үйдегі ырықты базардағы нарық бұзатын кезеңде қымбатшылық тұрмыс түйіткілін туғызатын кедергі. Үнемдеуден ұтамыз деген жұрт­шылықтың заман ағымына ілеспесе, көштен тағы қалатыны бар. Қалтаны қаққан коммуналдық төлем ақысы қымбаттаған үстіне қымбаттай береді. Өздерінде жетімсіз электр қорын шетелдерден тасымалдауға мәжбүр ұсынушыларды да кінәлау орынсыз. Қашан да «Кісідегінің кілті аспанда» екендігі белгілі.
Электр энергиясын үнемдеу мемлекет алдында тұрса да, тұрмыстық қажеттілік оған кедергі. Сырттан келген энегрияны алмастыратын табиғи тәсіл яки балама боларлық жолдар жеткілікті дейсіз ғой тағы. Рас, жел, күн, биотын, геотермиялық энергия сынды қайта қалпына келетін табиғи көздері бар. Мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттің бірі 2050 жылға қарай ел азаматтары тұтынатын электр энергиясының жартысын баламалы жолмен өндіру.
Энергияны бұл жолмен өндіру жаңа секторға саналмайды. Жер астының байлығы мұнай мен газ қоры таусылғанда, қолданыстағы санаулы жел, күн, су, биогаз стансаларына иек арту тығырықтан шығармайды. Себеп те жоқ емес. Біріншіден, олардың қатары тым аз. Екіншіден, жобалардың барлығының дерлік авторы және іске асырушылары шетелдіктер.
Қазақстандағы электртарату ­жү­йе­­лерінің жартысына жуығының то­зығы жеткенін айтады Қазақстан Республикасының энергетика минис­трлігіндегілер. Оны нақты көрсеткіш деу тағы қисынсыз. Аяғы ауылға жетпеген басшылыққа баратын дерек қалай құбылғанын тексеру мүмкін емес. Ал жаңбыр жауса, жарықты ажыратып тастайтын, бір нүктеге бірнеше нысанның жалғануы белгілі жағдай.
Өзекті мәселені жою жолы болатын баламалы энергия көздері бар болғаны 5 процентті қамтамасыз етіп отыр. Күн панельдері ары барса 15-20 жыл жұмыс істеуге қуаты жетеді. Сосын жою қажет. Жел стансасының да жұмысының қалай өрбитініне тұрақсыз ауа райы қолбайлау. Мұнай мен газ қорының қашан түгесілетіні беймәлім.
Не істемек керек?..
Қуатты құрылыс қаншалықты қажет?

Бүгінде әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігі қарастырылған елдер қатарында Қазақстан бар. Бұл бағытта ортақ байламға келіп, жедел шешімін қабылдаған 10 мемлекет атом электр стансасының құрылысын бастау ісіне белсене кіріскен.
Атом электр стансасы – ядролық электр станциясы. Нақтырақ айтсақ, атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыра алатын қабілетке ие қондырғы. Ол ядроның нейрондармен әрекеттесуінен туатын энергия көмегімен жұмыс істейді.
Жер бетінде алғашқы қуаты 5 Мвт-тық атомдық станция 1954 жылы Обнинск қаласында бой көтерген. Кеңестер Одағының озық жетістігін өздеріне лайық деп тапқан ағылшындар Колдерохоллда қуаты 60 Мвт станция тұрғызады. Үшінші болып қолға алған Америка. АҚШ-тың Шиппингпортында жұмысын бастаған АЭС бүгінде штаттардағы электр энергиясының 23 пайызын өтеп отыр. Дамыған елдердегі АЭС қызметін алып отырған Франция электр энергиясының 75 процентін өтесе, ақылды жапондықтар 50 процент жарықты АЭС-тен алуда.
Қысылтаяң шақта барлығы қиындықтан шығатын жол іздейді. Бұл орайда шикізат күйінде шетелге тиынға өтіп жатқан уранның мол қорын неге пайдаланбасқа дейді шетелдік мамандар.
«Электр стансасының атоммен жұмыс істейтін түрін қолданысқа енгізсек, жыл салынса, ол жылына орта есеппен 20 миллион тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 келі уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Яғни бір ғана уран таблеткасы жарты тонна көмірдің қуаттылығын бере алады», – дейді тақырыпты зерттеуші Ұлықбек Әли.
Атом электр станциясын салу бүгін қабылданып, ертең бітетін іс емес. Ауқымды құрылыс уақыт, қыруар қаржыны талап етеді. Қазақстандықтар қарсы болатын жағдайдың бірі салынған қаржы нәтижені ақтай ала ма?
Біздегі құрылысты қалауға Оңтүстік Корея, Ресей, Чехия, Қытай сынды мемлекеттер ортақ мүдде тоғыстырып отыр.
«АЭС-ті салу елдің экономикасын іл­герілетіп, әлеуметтік жағдайын жақсартады. Қазақстанға оның бірнешесі керек. Жүзеге асса, өзгеге тәуелділіктен арылып, қуаттылыққа қол жеткіземіз. Бүгінгі саладағы жағдайды жасыруға болмайды. Жеткіліксіз, көнерген, толық қуатқа ие емес. Энергетик мамандардың жоқтығы да қолбайлау екенін атау керек. Бізде станса салынса, қаншама адам жұмыс табар еді. Жас энергетик мамандар толқыны қалыптасар еді. Сондай-ақ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сынды елдерге электр экс­порттай аламыз», – дейді ардагер энергетик Айболат Тастеміров.
«Қарапайым мысал, телефон қуаты өшсе, тіршілік тоқтап қалғандай болады. Таңертең телефонмен оянасың, жұмысқа көлік шақырасың. Күнделікті ісіңнің 70 проценттен астамын сол телефон арқылы бітіресің. Төлем де сол арқылы жүзеге асады. Емдеу мекемесіне ұялыңмен барасың.
Бензин бағасы да ыршып тұр. Қазірдің өзінде мапедтер мінуді көпшілік қолға алған. Болашақта осындай қуатталатын көліктер келеді деп жатыр.
2030 жылға қарай жарық ақысы қымбаттап, тапшылық табын көрсетсе, жалғыз және дұрыс жол АЭС салу деп ойлаймын», – дейді қазалылық Ғалия Әшімқызы.

Қауіп қайталанбай ма?

Бастамаға қарсылық танытандар да бар. АЭС туралы айтқанда адамзаттың ауыр қасіретіне айналып, жүрегіне жара, санаға сыз салған Чернобыль оқиғасы, 2011 жылы Жапониядағы Токио электр қуаты ком­па­ниясындағы Фукусима Дайичи энерго­блогындағы апатты еске түсіреді.
Қарсылық танытушылардың бір тобы экологияның ластануын тудырып, қалдықтар көбейтінін алға тартса, ғалымдар тақырыптың жан-жақты зерттелгенін, бұл орайда басты басымдық қауіпсіздікке берілетінін айтуда.
Италия мен Германия күні бүгінге дейін атом электр станциясы құрылысына тосқауыл қойылып отыр. Ал Фукусима апатынан кейін Жапонияда көптеген станциялар жұмысы тоқтаған. Ал Қытай, Франция, АҚШ, Ресей сынды алпауыттар атом электр станцияларының аясын ұлғайту мәселесін қолға алып отыр.
Отыз сегіз жыл бұрынғы опат АЭС салу туралы қоғамнан теріс пікір қалыптастырса да, кейін бұл үрдіс үлгісі ретінде тағы да «бас көтерді».
Уран өндіру жағынан дүниежүзіндегі көшбасшылар көшінен көрініп келе жатқан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының жетістігі уақыт талабына көшудің дұрыстығын көрсетеді.
Түйін. Бір ғана мысал, өткен жылы қызыл­ордалықтар 1,3 миллиард кВт электр энергиясын пайдаланған. Көлем алдыңғы жылмен салыстырғанда, 9 процентке көбей­генін көрсетуде.
Қазақстанда АЭС салу жөніндегі рефе­рендум күзде өтеді. Қарсылық танытқандардан, қолдау білдіргендер қатары қалың. АЭС салынса, олар үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы. Аз күш, аз шығын арқасында қуатты өнім бере алады. Мыңдаған адам жұмыс табады. Елдегі жүзеге асатын инновациялық жобалар қатары көбейеді. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолданған еліміздің халықаралық беделі нығаяды. АЭС-тен пайдаға кенеліп отырған елдердің тәжірибесі тағы бар. Қорыққан көштен қалады. Атом электр станциясын салу – тығырықтан шығар тиімді жол, мақсатты межелерді іске асыратын уақыт талабы.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
27 тамыз 2024 ж. 154 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031