БҰҰ Ресейдің қарарын қабылдамай қойды
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Украинаға қатысты гуманитарлық қарарын қабылдамады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы gazeta.ru сайтына сілтеме жасап.
Қарарда Мәскеу атысты тоқтатуға және бейбіт тұрғындарды қорғауға шақырды. Сондай-ақ құжат әскери нысандар үшін азаматтық инфрақұрылымды пайдалануға қарсылық білдірді.
Айта кетейік, құжаттың мазмұны Батыс елдеріне сәйкес келмеді. Өйткені мәтінде Ресей Федерациясы «агрессор» деп аталмаған.
Ресей тарапының пікірінше, Қауіпсіздік кеңесіндегі дауыс беру Батыс үшін адамдарды құтқарудан гөрі мәселені саясиландыру маңыздырақ екенін дәлелдеді.
Ресейдің гуманитарлық резолюциясының демеушілері Беларусь, Солтүстік Корея және Сирия болды.
Құжатта БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі «барлық бейбіт тұрғындарды тез әрі қауіпсіз, ерікті әрі кедергісіз эвакуациялауды қамтамасыз ету үшін келіссөздер арқылы атысты тоқтатуға» шақыратыны айтылған. Ол үшін «мүдделі тараптар» гуманитарлық үзілістер туралы келісуі керек. Келіссөз барысында бейбіт тұрғындарды шығаруға болатыны да айтылды.
Сонымен қатар, жобада әскери нысандарды орналастыру үшін азаматтық инфрақұрылымды пайдаланбау, халық көп шоғырланған жерлерде әскери қондырғыларды орнатпау туралы үндеу бар.
Кеңес қарарды қабылдау үшін ұйымға мүше 15 елдің кемінде тоғызы оған дауыс беруі керек. Сонымен қатар егер Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінің кем дегенде біреуі (Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция) құжатқа қарсы дауыс берсе, «иә» деген дауыстың көп болғанына қарамастан құжат қабылданбайды. Бұл «вето құқығы» деп аталады.
Ақмарал БЕРЕКЕТ