Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет

Өгей

Тақтайдай тегіс жолда жеңіл көлік желдей жүйіткіп келеді. Көліктегі екі баланың да қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Құшағындағы қос құлыншағын емірене құшқан анасы мен балапандарына көліктің айнасынан мейірлене қарап отырған рөлдегі әке іштей бақытына шүкіршілік етті.

– Әке, анаң қараңыз жылқыларды, қандай әдемі?
– Иә, балам, бұл Жұмабай атаңның жылқылары болар. Біздің бала күнімізде осында үйір-үйір болып жайылып жүруші еді. Арық жиегін бойлай өскен шүйгін шөптен бас алмайтын. Жаз шығып, күннің көзі жылт етсе, ауыл балаларын шешелері кешқұрым каналдан қуып алып қайтатын, – деді әкесі езуіне күлкі үйіріліп. «Күн ұясына батқанша үй көрмейміз. Бірде ойынның қызығына түсіп, досым Бақыткелді екеуміз көрші ауылдан бір-ақ шығыппыз. Қас қарайған шақта үрейіміз ұшып, ауылға қарай тоқтамастан жүгіре жөнелдік. Әке-шешем, бүкіл ауыл бізді жоғалтып алып, дүрлігіп жатыр екен. Есіміз шығып, ентіге жеткен бізді көргенде анам бір жылап, бір күліп әбігерге түсті. Сол жолы жалғыз ұл екеніме қарамастан әкем қамшысымен соғып, үйге қамады. Жазаланып, бір апта бойы үйде жаттым, Ауыл баласы үшін үйден шықпай жату қиынның қиыны», – деп Асхат балалары мен жұбайын бір күлдіріп алды...

– Қу, жетім, тұр орныңнан. Неменесіне жетісіп, мәз болады ей.
Ащы дауыстан Асылым шошып оянды. «Түсім екен ғой. Шіркін, мәңгілік ұйықтап кетсемші. Ата-анаммен бірге жүруші едім. Азатты да өзіммен ала кететін едім. Әке-шешем неге бізді тастап кетті?». Соңғы үш күнде осы бір түсті қайта-қайта көрді. Тура сол жерге келгенде оянып кетеді. Алдыңғы түні көзін жұмып, құдайдан қаншама рет «Ең болмаса түсімде ата-анаммен қауыштыршы» деп сұрады. Бірақ бәз баяғы қалпы одан әрі не болғаны жұмбақ күйінде қала береді. Ой шырмауында жүріп, үй тірлігіне кірісіп кетті. Өгей шешесі есік алдына үйіп қойған кірді жууға қамданды. Үнемі «әкем мен анамды бір көрсем екен» деген арманының әсерінен болар кез келген сәтте анасының бейнесі көз алдына келе қалды.

– Анашым, киімді неге жуады?
– Кірлеген соң жуады, қызым.
– Кірлеп қалатын болса неге киеді?, – деп еркеліктен ессіз сұрақтар қоюшы еді. Анасы Сәуле барлық сұрақтарына күлімсіреп жауап қататын. Інісі Азатты екеулеп жуындырушы еді. Басында Азат судан қашатын. Кейін келе үйренді. Тіпті судан шығарса жылайтынды шығарды. Әкелері жұмыстан келем дегенше біраз шаруаны тындыратын. Асылымның негізі жұмысы Азатты ойнату. Топ-томпақ інісі аяғы шыққан кезде ізінен бір елі қалмайтын. Аулаға ойнатуға алып шықса, үлкен-кіші жиналып, інісінің қылығын тамашалайды. Азат та адам жатырқауды білмейтін. Қазір томаға тұйық. Адамдардан да тартыншақтап тұрады. Өгей әке-шешелерінің дауысы қатты шықса, көзі жәудіреп, әпкесінің құшағына тығылады. Бұрынғыдай көп сөйлемейді. Әке-шешесін сұрап, жылауды да қойған. Жыласа, жалғыз жанашыры – әпкесінің көңілі құлазып, жанары суланатынын талай рет байқаған.

– Епсіз неме. Қаракешке дейін жумақшысың ба? Қимылдасаңшы жаның бар адамдай, – деп уын шашқан әбжыландай өгей шеше жанына жетіп келді. Оны-мұны істеген болып, Асылымның қасынан өткен сайын аузы жабылмай бұрқылдап жүр. Оған қыздың құлағы үйреніп қалғаны қашшан. Құдды қыз бен ұл асырап алғандай емес, күң мен құл сатып алғандайын сөйлейді. Алғашқы жылдары зекіп-зекіп қоятын. Кейін нұқитынды шығарды. Ал қазір «Анда-санда таяқтап алмасам, қу, жетімдер құтырып барады» деп ұруды әдетке айналдырып алды. Ағайын-туыс, көрші-көлем келгенде Маралдан артық ана жоқ. Бұл екеуін «айым, күнім» деп айналып толғанады. Өгей әкесі Әмірдің бұларға қиянаты жоқ. Бауырына тартып, балам деп еміренбесе де, айқайлап ұрысқан емес.

Асылым қаршадай болса да осы үйдің «отымен кіріп, күлімен шығады». Былай айтқанда бар шаруа он үштегі жасөспірімнің мойнына жегілген. Сонда да мейірімсіз Маралға жақпай-ақ қойды. Үй тірлігі таусылды-ау дегенде, қорадағы қара сиырдың кезегі келеді.
Қара сиырдың төлдегеніне де бірнеше ай болды. Көктем шығысымен туылған бұзауды Асылым Жауқазын деп атады. Анасына еркелеген баладай сүп-сүйкімді Жауқазын анадайдан қара сиырдың мөңіреген дауысы шыққаннан ойнақшып, секіре жөнеледі. «Шіркін, Жауқазын, сен не деген бақытты едің. Әне анаң келе жатыр деп бұны босатып қоя береді». Екі көзі мөлтілдеп, жанарына келіп қалған жасты жеңінің ұшымен сүртіп, «Тіпті, жануарда анасынан ажырамсыншы» деп тілейді. Қораның қамымен жүргенде үй жақтан тағы ащы дауыс шаңқ ете қалды. Алғашында мән бермеген. Алайда Азаттың жанұшыра жылағанын естіп, жүгіре жөнелді. Екі қолымен бетін басқан күйі бауыры бұған қарай зытып келеді.

– Кетейікші, әпке. Бұл үйден кетейікші, – деп бар дауысымен шыңғыра жылады.
Жалғызын бауырына басқан күйі Асылым жерге отыра кетті. Інісі не айтса да жұбанбады. Өксігін баса алмай, ентіге жылайды. Дауысы дірілдеп, денесі қалш-қалш еткен баланың үздік-үздік айтқан сөзінен өгей шешенің оңдырмай ұрғанын аңғарды. Бұрын езіліп, іштей тынатын Асылым бұ жолы тамағына тығылған өксікке ие бола алмады. Еңкілдеп жылады.
– Кетеміз, кетеміз, –деп бір сөзді бірнеше рет қайталады.

Түні бойы қорада қара сиыр мен Жауқазынның жанында бүрісіп отырған бауырларды ешкім іздемеді. Байғұс бала аштық пен қорлықтан әлсіреді ме, әпкесінің құшағында ұйқыға кетті. Ал Асылым жануарға мұңын шағып отыр. «Білесің бе қара сиыр, біздің де әкеміз бен анамыз болды. Бақытты отбасы едік. Әкем күндіз жұмысқа барады. Ал анам мені мектепке, інімді балабақшаға апарады. Әжем Сағира ауылда тұратын. Әкем демалысқа шыққанда ауылға жиналдық. Әкем: «Осы жолы әжелеріңді қалайда көндіріп, осында, қаладағы үйге әкелеміз», – деді. Бәріміз қуандық. Мен әжеме арнап сурет салдым. Таңертең жолға шықтық. Бәрі керемет еді. Содан кейін ештеңе есімде жоқ. Көзімді ашсам, қасымда Сағира әжем жылап отыр. Алғашында әжемнің үйіне жетем дегенше ұйықтап қалған екенмін деп ойладым. Бірақ бәрі мүлдем басқаша болды. Мен ауруханада бірнеше күн жаттым. Әкем мен анам келмеді. Шығарып алуға да әжем жалғыз келді. Кейін естідім. Жолда көлік апаты болып, әке мен анам көз жұмыпты. Әжем: «Сендерді періштелерің қаққан»,– деуші еді. Әкем мен анамның қазасын көтере алмаған әжем де бізді тастап кетті. Сөйтіп, әкеміздің туысы Әмір аға мен Марал жеңге бізге әке-шеше боламыз деп шешті. Бірақ өгей анам бізді жақсы көрмейтін сияқты. Өткен жолы бірге жұмыс істейтін Жәмила апай келгенде: «Қалада әке-шешелерінен қалған үйлері болмағанда әлдеқашан жетімдер үйіне жөнелтуші едім»,– деді.

Асылым кенет тоқтап қалды. Ойына әлдене сап етті. «Қара сиыр иә, мен білемін, біздің үйіміз бар. Жанында үлкееен саябақ орналасқан. Иә, иә, есіме түсті. Үйдің терезесінен Азаттың балабақшасы көрініп тұратын».
Асығыс қозғалған Асылымның алдындағы Азат оянып кетті.

– Азат, тұра ғой. Өз үйімізге кетеміз. Қане тұр. Қара сиыр, Жауқазын қош болыңдар. Біз өз үйімізге кетіп барамыз.
Бауырын жетектеген қаршадай қыз қорадан жүгіре шыққан күйі ұзын жолға түсті. Бұдан бес жыл бұрын қимай қоштасқан таныс қалаға қос бүлдіршін үлкен үмітпен аттанып барады. Қол ұстасқан қос бауыр артына қарамастан жүгіре жөнелді.
Тұл жетім атандырған тас жолды тезірек артта қалдыруға асығатын секілді.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
18 маусым 2019 ж. 128 0

Руханият

Ашу – дұшпан

Ашу – дұшпан

10 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031