Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Өңір салудың өгейлігі жоқ

Өңір салудың өгейлігі жоқ

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әрбір жөн-жоралғының мән-мағынасы, астарында үлкен ой жатыр. Әрбірінің орындалатын орны, уақыты, өз ережесі бар. Мәселен үйлену тойының өзін ғана алатын болсақ, бірнеше сатыға бөлінген салт-дәстүр, рәсімдерден тұрады. Оның әрқайсысы той барысында өз ретімен, орнымен орындалуы керек.

Біздің заманымызда ескілікте қалып қойған салт-дәстүрлер де бар. Соның бірі – өңір салу жоралғысы.

Өңір салу – қазақ халқының көне дәстүрінің бірі. Бүгінгі күнге дейін сақталғанымен тек кейбір өңірлерде ғана орындалады. Саты-сатыға бөлінген той дәстүрлерінің ішінде бұл рәсім тойдан кейін өтеді. Келін түсірген үйге әулеттің үлкен-кіші әйелдер қауымы шашу шашып келеді. Өңір салу кәде-сый беру жоралғыларының тізімінде. Салттың негізгі мақсаты – жас отауға қамқорлық жасап, сый құрмет көрсету, яғни аз да болса тұрмыстық жағдайға көмек беру. Уақытында көбінесе тұрмыстық заттар, қыз балаға арналған бұйымдар, киім-кешек және тағы басқа дүниелер әкелінген. Өңірге – әркім өз қолында барын, жағдайы жететін затын апарады. Кей өңірлерде өңір салу – «есік ашар», «үй көрсету» деп те аталып, дәл осы тәртіппен орындалады.

Бұл дәстүрге келгендерді үй иесі малын сойып қарсы алып, дастарқан жайып қонақ қылады. Рәсім соңында келіннің қайын жұртынан келген қоржынынан сарқыт таратылады. Бұл баршаға жұғысты болсын деген ырымды білдіреді.

– Өңір салу қазақтың көне дәстүрі. Бүгінгі күнге дейін сақталмаса да кейбір аймақтарда осыған ұқсас шаралар өтіп жатады. Қазір өңір салу салтынан гөрі, қыз жасауын беру кең дамыған. Бұл екеуінің ұқсастығы бар, – дейді көп балалы Гүлсім апа.

Жас келін Айжан да өңір салу дәстүрін жаңғырту керек деп есептейді. Себебі оның жастар үшін пайдасы мол. Ол: «Қазақтың қай дәстүрін алып қарасаң да, астары терең, тәрбиесі мол. Жас отбасы тезірек аяққа тұрып кетсін, ел қатарына қосылсын деген ниеттен туған осындай дәстүрді жаңғыртып, жалғастыру керек», – дейді. Айжанның айтуынша, өңір салу дәстүрі жастардың тұрмыстық қиындықтарға бола ажырасып кету сияқты проблемаларының алдын алады.

Сақталмаған салт-дәстүр туралы тоқсан ауыз сөзді өңір салу – жас шаңыраққа құрмет және жәрдем деп түйіндесек болатындай. Соңғы уақытта үлкендердің өзі ұмыт қалдырған есті, ескі салтты жаңғыртқан жөн сияқты.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

18 наурыз 2019 ж. 80 0

Бүгінгi жаңалықтар

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930