Жүз жыл бұрынғы жәдігер

Музейдегі ерекше экспонаттың бірі – 1924 жылы Ғани Мұратбаев жары Бақытжанмен шаңырақ көтергенде Қазалы жастарының сыйға берген кілемі. Құнды жәдігерді 1981 жылы Ғанидың жұбайы Бақытжан Құрманбаевадан сол кездегі музей директоры Қатира Тайпақова алып келген.
Кілем қызыл түсті. Қара, қызыл, сары түсті геометриялық өрнектермен безендірілген. Жүз жылға жуық тарихы бар кілем музей төрінде сақтаулы.
Айта кетейік, 1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі 1981 жылы өз алдына отау құрды. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды. Музей қызметкерлері Ғани Мұратбаевтың өмірі мен еңбегі туралы естеліктер, зерттеулер және кітаптар жинақтаған. Жыл сайын Ғанидың туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Музей жанында «Жас ғанитанушылар» үйірмесі де жұмыс істейді.
Экспонаттар мен музейге келушілер саны жыл сайын өсуде. Музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, 2015 жылдың 1 қаңтарына музей қоры 6624 жәдігерге жеткен болатын. 2015 жылдың ақпан айында өлке тарихына қатысты 4015 жәдігер Әйтеке би кентінде ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейіне берілді.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ