Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Құт қонған қазақы үй

Құт қонған қазақы үй

«Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген бабалардың негізгі баспанасы, көшпелі өмірдегі тұрағы – киіз үй. Пайда болған уақыты белгісіз болғанына қарамастан, халқымыз киіз үйді құтты мекен-жайы, еншісі, қарашаңырағы деп бағамдаған. Киіз үй арқылы қазақтың аспан әлемі, есептеу жүйесі, мәдениеті, өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. Ғалым Шоқан Уәлиханов ХІІ-ХІІІ ғасырларда мемлекеттердің Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін жазып кеткен. Батырлығы мен ақындығы қатар қазақтың біртуар ұлы Махамбет Өтемісұлының:
Еңсесі биік ақ орда
Еңкеймей кірсем деп едім, – деген жыр жолдары да осыны аңғартады.
Қазақтың киіз үйі сыртқы жабындысына қарай «үзікті», «көтерме туырлықты», сүйегіне қарай 4, 6, 8, 12, 18 қанат деп кереге санын жұп санға бөлу арқылы түрленген. Ал салтанатына қарай «ақ орда», «алтын орда», «ақ отау», «хан орда», «қараша үй», «жолым үй» деп аталған. Құрылымдық жағынан кереге киіз үйдің негізі. «Керегең кең болсын» деген тілектің мәні тереңде жатыр. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге тікелей байланысты. Оны құрайтын ағашты желі, ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар – ыруды жүргізеді. Керегені үлкен-кішісіне қарап тор көз, жел көз деп бөлген. Тор көзді түрі әрі әдемі әрі берік болады.
Уық – кереге мен шаңырақ ортасын қосатын бөлік. Иінінен ішке иіле жасалып, үйдің күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Уық алақандағы уықбау арқылы кереге басына байланып, қаламы шаңырақтың қаламдығына сұғылады. Қалам мен қаламдық төртбұрышты қырланып, ойылады. Мұндай уық түрлі қолайсыз ауа-райында ауып, қисайып кетпейді. Қанат санына қарай уықтың саны да, ұзындығы да өседі. Жалпы қазақтың әр үйінде көлеміне қарай 60-160-тай уық болған.
Шаңырақ – киіз үйдің киелі мүлкі, әулеттің қасиетті орны. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден құралып, бекітіледі. Тоғын, яғни, шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасау сәнге айналған. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін құраса, кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет еткен.
Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп. Шаңыраққа желбау деп аталатын ою-өрнекті, 4 шашақты бау ілінген. Ол желді, боранды күні шаңырақты бастыруға, көшу кезінде байлауға қажет. Киіз үйдің маңызды бір бөлшегі – кәдімгі ши. Оны жүнмен орап, оюлармен безендіре тоқитын болған. Мұндайды «шым ши» десе, ораусыз түрін «ақ ши» деп атаған. Ши кереге мен туырлықтың екі ортасына келеді. Оның әсемдікке әрі үйдегі жылылыққа әсері бар. Сонымен бірге сырттан келетін құрт-құмырсқа, кесіртке, жылан шиден кіре алмайды.
Парасаты мен пайымы үйлескен ата-бабаның аспанды шаңыраққа, одан төменгі кеңістікті уыққа, көкжиекті керегеге ұқсатып, киіз үйін ғаламның кіндігі деп танығандығына ешқандай талас жоқ. Бұл жайлы зерттеуші Атилла Сансызбайұлы: «Киіз үйдегі кеңістік қазақ дүниетанымының тоғысқан жері іспетті. Киіз үй – ғаламның моделі. Шаңырақ – күннің символы болса, күлдіреуіш – төрт тарап. Уықтар күннің сәулесін елестетсе, ошақ адамның отын көрсетіп тұр. Төр – ақ пен қараның аражігін ажырататын адамның орны. Сол жақ босаға – әйелдің, оң босаға – еркектің символы», – деп тұжырымдауында мән жатыр.
Көшпелі жұрттың сан ғасырлық тәжірибесі, өмірлік қажеттілігі, талғам -танымы бір ғана киіз үйдің бойына шоғырланғандай. Айта кету керек, киіз үй тек баспана ғана емес, сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын біріктіретін ғажайып туынды. Әлемнің сарапшылары дүниежүзілік этнографиялық көрмелерде қазақтың осынау қасиетті дүниесіне жоғары баға беріп отырған. Деректерге сүйенсек, 1876 жылы Мейрам Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін бір ғана туындымен танытқан. Әлкей Марғұланның айтуынша, 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы І Николайға киіз үй тарту етіп, патша оған ризашылығын білдіріпті. Сондай-ақ бүгінгі күні Германияның Гамбург, Франкфурт мұражайларында қазақтың киіз үйі қойылған. Бұл қанша ғасыр өтсе де, жаңа технологиялар ескінің орнын басса да, тарих пен әр ұлттың өзіне ғана тән мәдениеті жойылмайтынын білдірсе керек. Ұлттық құндылықтарын желкен етіп, алға қадам басқан ел ұтылмайды.

Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ
01 желтоқсан 2021 ж. 125 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Қытайда екі миллиардтан астам вакцина салынды