Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Тұмар тіл-көзден сақтай ма?

Тұмар тіл-көзден сақтай ма?

Бүгінде әдеттегідей жұмысыма жету үшін қоғамдық көлікке міндім. Адам аз екен. Алдыңғы орындықтардың біріне жайғастым. Қарсы алдымда отырған қыз баланың мойнындағы бұйымға көзім түсті. Былғары матадан үшбұрышталып тігілген тұмар асып алыпты. Кішкентай кезімде ішіне арабша Құран сүрелері жазылған тұмарды балалардың тағып жүретінін көретінмін. Соңғы ­онжылдықта тұмар таққан адамды кезіктіріп тұрғаным осы. Бір сәт маған «осы адамдар тұмарды не үшін тағады?» деген ой келді. Осы сауал қызығушылығымды оятып, біраз мәліметке қанығуыма себеп болды.
Алдымен тұмар деген не? Соған тоқталсақ, қазақ халқы ежелден тұмар – зиянды тылсым күштерден, тіл-көзден сақтайды деп сенген бұйым.Тұмар сөзінің этимологиясы көне түркілік тума және йер тіркесінен “туған жер” мағынасын береді деседі. Яғни көне түркілер тұмарға туған жердің топырағын салып жүрген. Деректерде ислам дінінің әсерімен тұмарға туған жердің топырағын салу ығыстырылып, орнына Құран аяттары жазылған қағаз салу белең алғандығы және оны әдетте діни ғұламаларға жаздырып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүргендігі туралы жазылады.
Жасалатын материалы мен безендірілуіне байланысты тұмар бірнеше түрге бөлінген. Төрт бұрышты, түсті металдан жасалған көркемдік тұмар Жастық тұмар аталса, сәндікке мойынға тағылатын, жалтырауық заттардан істелгені – Қиық тұмар, лағыл таспен безендірілгені – Лағыл тұмар, бетіне сіркелеп өрнек салынғаны – Сіркелі қолтық тұмар, күміс бетіне сіркелеп алтын жалатылғаны Алтын тұмар, асыл тасты күмістен жасалған, мойынға тағылатын әшекейленгені – Тұмарша және алтынмен қапталған түрі – Тіллә тұмар деп аталған.
Мына бір деректе тұмардың тарихы тым тереңде жатқандығы айтылады. Мәселен, ел аузында әл-Фараби бабамыздан қалды дейтін әңгімеде бар. Ұлы ұстаз қартайып, бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, құпияны сақтап, шартын орындасаңдар ғана ашамын» дейді. «Айтқаныңызды екі етпейміз» деп шәкірттері де бірауыздан уәде береді. Сонда ұстаз оларға киізден тігілген тұмарды ұсынып, өз қабірінің басында ғана ашуды міндеттейді. Араға көп уақыт салмай данышпан дүниеден өтеді. Шәкірттері арулап жерлеу рәсімі кезінде әлгі тұмарды ашып қараса, ішінен бір түйір қағаз шығады. Оған: «Бұл – мен туған жердің топырағы. Қабіріме осы топырақты салыңдар» – деп жазып кеткен екен. Ғұламаның әлгі өтініші үлкен тебіреніспен, толқумен орындалыпты. Тұмар тағу ырымы түркілік дәстүрдің айқын бір көрінісі болып саналады. Қазақ үшін – көк, күн, от, су сияқты, қара жер де киелі ұғымдардың бірі. «Қара жер» – киелі жер деген мағынада. Бұрынғы көшпелілер тағатын тұмардың ішінде туған жердің бір уыс топырағы болған. Қағаз жоқ, тауар аз кезде, сауда-саттық жасау мақсатымен алысқа сапар шеккенде немесе соғыс жорықтарына аттанғанда, бабалар мал терісінен жүрекке ұқсатып, үшбұрышты етіп тігілген қалташаға, яғни тұмарға бір шөкім туған жердің топырағын алып шығуы – туған жерге, туған елге деген перзенттік парыздың белгісі болса керек.
Тарихқа көз жүгіртсек, тұмар тағудың ғасырлар бойы ғажап үлгісі жасалған. Мысалы, хан ордасында – Орда тұмар, қала қақпаларында – Қақпа тұмары, үйлерде – Үйтұмар, батырларда – Бойтұмар, арғымаққа – Аттұмар, төрт түлікте – Көзтұмар, үйленгенде – Қостұмар, қыз ұзатса – Жасаутұмар, сәбилі болса – Бесік тұмар жастататын болған.
Сондай-ақ тұмар араб тілінен аударғанда бүктелген, үлгі, қолжазба деген мағынаны береді. Бойтұмар дұға, аят немесе қасиетті кітаптан алынған сөздер жазылған, мойынға тағылатын қастерлі зат. Бойтұмар адамдарды түрлі пәле-жаладан қорғайды деп есептеген.Тұмардың шағын, кішілеу келген түрін тұмарша деп атайды. Халық оның киелі қасиетіне сеніп, кездейсоқ қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтайды деп сенген. Сіз тұмардың қасиетіне қаншалықты сенесіз?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
20 мамыр 2020 ж. 282 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930