Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Жеті атаны білмеу – жетесіздік

Жеті атаны білмеу – жетесіздік

«Жеті ата» үрдісін қазақ халқы қатаң ұстанады. Ұрпағының болашағын, саулығын, кемелдігінің қамын жеген ата-ана балаға жастайынан шыққан тегін жаттатып, санасына сіңіруді мақсат еткен. Тіпті шежірені жетік білетіндер ата-бабаларының қандай кәсіппен айналысқанын, олардың ел арасындағы абыройы мен алыс ауылға жеткен даңқын дәріптеген. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деп балаларына ел басқаруды сеніп тапсырған.
Деректерде «Жеті ата» ұғымының шығу төркіні тереңде екендігі жазылады. Тарих парақтарына сүйенсек, «Жеті ата» дәстүрінің пайда болуы Керей мен Жәнібектің хандық дәуірінде шыққан деседі. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы әрі кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге ризалығын білдіріп, қандай аурудың қауіпті екенін әрі оның емінің не екенін сұраған көрінеді. Сонда емші еш кідірместен тұқым қуалайтын ауруды емдеудің қиындығын, мұның алдын алу үшін «Жеті атаға» дейін туыс адамдар қыз алыспауы керектігін айтыпты. Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тыйым салыпты. «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығыпты. Содан бері бұл тазалық қазақ жұртының құнды дүниесіне айналған екен.
Қазақта «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді» деген аталы сөз бар. Баласына, кейінгі ұрпағына жеті атасын жатқа білуді үйрету әрбір ата-ананың ата-баба алдындағы парызы, тәрбиесі мен өнегесі. Ал бүгінде жеті атасын сұрасаң, жұлдызнамасын айтатын жастар көп. Себебі неде? Ата-ана жеті ата туралы айтпайды ма?Ащы да болса шындығы – кейбір жас әке-шешенің өзі жеті атасын жатқа білмейді.
Жеті атаның биологиялық ғылыми негізі бойынша әкемен шешенің қан тегі ортақ, тең бөлінген жағдайда әке қаны балаға 50, немереге –25, шөбереге – 12,5, шөпшекке – 6,25, неменеге –3,125, туажатқа – 1,56, жүрежатқа – 0,78 процент дариды екен. Одан кейінгі сегізінші ұрпақ жекжаттың үлесіне ештеңе тимейтінін білген қазақтың бір кіндіктен тарағандарға жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуына тыйым салынуының астарында туыстық қан араласып тұқым бұзылудан, тектік-генетикалық қасиеттер жойылып, ұрпақтың азғындауынан сақтандыру жатыр.
Жеті атаны білу тектіліктің белгісі. Тіпті сол арқылы тарихымызды танып, өткенімізді есте ұстаймыз. Әрбір әке мен ана балаға ес біліп оң-солын тани бастаған сәттен-ақ әкесінен бастап, ағайын-туысты, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыру, ата-тегін, руын, ел-жұртын білуіне ерекше көңіл бөлгені жөн. Бүгінде жастардың көбісі әйтеуір руын біледі. Жеті атасын сұрай қалсаңыз мардымды жауап ала алмайсыз. Ең өкініштісі, олардың қатарында ұл-қыз тәрбиелеп отырған жас ата-аналардың болуы. Өзі білмегенді өзгеге қалай үйретеді. Кейде жыл өткен сайын жеті ата дегенің ескіріп, өмірімізден орын алмай, қажетсіз салт-дәстүрлердің қатарында қалып қоятын сияқты.
Шыққан тегі мен ата-бабасын білу әр жерде қажет. Мәселен, Әділет департаментіндегі мамандардың айтуынша, бір ата мен бір анадан тараған немесе ¬туыстар арасында толыққанды және толық емес (әкесі бір, шешесі бөлек, шешесі бір, әкесі басқа) ағалы-інілілер мен апалы-сіңлілер некеге тұра алмайды. Сондай-ақ қай іске де діни тұрғыда баға беретін имамадар мән-жайды пайғамбарымыздың «Сүйген жарыңды әріден таңда» деген хадисінен-ақ аңғаруға болатындығын айтады.
Өзімізге ғана тән ұлттық құндылықтарды бойымыздан жоғалтып, «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген атаққа қалмай, тегіңізді ұлықтай жүріңіз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
14 наурыз 2020 ж. 60 0

Руханият

Базарқожа әулие

Базарқожа әулие

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930