Қазақы оюда ой бар

Заманында халық тұрмысының негізгі бөлшегіне айналған ою-өрнектер бүгінде жаңарып, қолданысқа кеңінен енуде. Ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген текемет төрімізде, көрпе-төсек керуетімізде жинаулы. Отандық дизайнерлер мен ісмер жандардың қолынан шыққан көйлек-көншегіміз де өзімізге тән ою-өрнекпен көмкеріліп, көздің жауын алар жауһар туындылар талайды тамсандырып жүр. Алайда тек жаттанды болып қалған оюларды ғана танитынымыз жасырын емес.
Осы ретте үлкендердің аузынан естіп, білген бірнеше оюдың мән-мағынасын оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.
Тұмарша – көне дәуірден тіл көзден, кесір-кесапаттан сақтайтын киелі ұғым болып қалыптасқан. Тұмарша ою-өрнегі үшбұрыш үлгілес болып келеді. Көбіне үй бұйымының жиегінде, киіз, кілем, текеметтің орта тұсын көмкеруде кездеседі. Ал қос дөңгелекке ұқсас бейне негізінен аспан әлемінде Күн мен Ай сынды ғаламшардың тылсымынан туған болуы керек. Балта – халқымыз тұтынған көне құралдардың бірі. Қорғаны әрі күнкөріс құралы. Сол себептен бұл ою көбіне төсеніш, сырмақ, алаша сынды бұйымдарға салынған. Қызыл қоңыр, көк, қара түстерге боялады. Қарға табан аталатын оюдың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл өрнек қарға түскен небір айшықты іздердің негізінде пайда болған.
Қазіргі таңда жиі қолданылатын өрнектің бірі – сегіз жапырақ. Бұны гүл деп те атаған. Әсіресе құрақ көрпе тіккенде ісмерлер өрнектің осы түрін жиі пайдаланады. Гүлге ұқсас нәзік бейне кесте тіккенде және киім-кешектердің жағасына, қалтасына, жиектеріне де салынған.
Кез келген үйде ескі алаша кездеседі. Байқап қарасаңыз онда тау басынан аққан бұлақтай ирелеңдей жатқан су сияқты көріністі көресіз. Бұл өрнектің аты ирек су. Тіршіліктің нәрі – судың қадір-қасиетін айрықша бағалаған ата-бабалар төсенішке салынған өрнекті көгілдір түспен бояуды да естен шығармаған.
Бала күнінен анасының жанында жүріп, киіз басудың, алаша тоқудың қыр-сырына қаныққан Айжамал әженің айтуынша, ботаның көзі іспеттес өрнек қолөнер бұйымдарының жиегін көмкеруге жиі қолданылған.
– Қазақ ұсақ аң табандарының іздері бейнесін жүкаяқ, кебеже, асадалдың көрнекті жерлеріне салған. Үй жиһаздарының жиектерінен, бұрыштарынан кездестіруге болады. Мәселен, қошқармүйіз, төртқұлақ, түйетабан, ботамойын, түлкібас, құсқанат және тағы басқа оюлар осыдан қалған. Бір ғана қошқармүйіз қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмақ, басқұр, алашамен бірге кілем, былғары, сүйек, ағаштан жасалған зергерлік заттың барлық түрінде кездеседі. Киізден істелген бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ түрінде де тігіледі, – дейді кейуана.
Ою оя білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Ол икем мен ыждаһаттылықты қажет етеді. Осы орайда зергер Бекжан Ахметов: «Бұл істе шыдамдылық керек. Әр оюдың өзіне тән сипаты бар. Туындының ажарын айшықтайтын ою-өрнек болғандықтан оны үйлесіммен қолдана білсең, ұтасың.
Қазақ оюының ішіндегі ең көп тараған оюдың түрі – қосалқа. Өте шебер келісім тауып құрастырылған «қосалқа» оюлары бір тұтас композиция өрнек жүйесін жасайды. Ою-өрнек алқаның, сырғаның, жүзіктің көзіне салынып, көбінесе зергерлік бұйымдарда қолданылады. Құстың тұмсығын тұспалдаудан туған «Құстұмсық» тармақты мүйіздер мен сызықтардан құралады. Ою-өрнекті шығарғанда ортасындағы сызық ұшының басы құстың тұмсығына ұқсас қиылады. «Құстұмсық» жүзік туыстар арасында дәнекер қызметін атқарған. Тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе, ата-анасы қуанып көршілерін шақырған. Құс бейнесі халық түсінігінде азаттықтың белгісі. Жүзікке қарап ата-анасы қызының ұзатылған жерінің жақсы екендігін біледі», – дейді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА