Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Сәлем салу салты ғой бұрынғының...

Сәлем салу салты ғой бұрынғының...

Үлкеннен ізетін, кішіден қамқорлығын аямаған қазақ дана халық. Ата-баба салтын сақтап, әдет-ғұрыптан аттамай, дәстүрге ден қоя білген. Ұл-қызын «ұят боладымен» тәрбиелеген ұлттың өзіне тән тәлімі мен әдемі әдебі бар. Солардың бірі – сәлем салу. Бұл салт қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің өңірде жақсы сақталған. Келіннің ата-енесі мен қайын жұртына деген құрметін білдіретін үрдіс туралы не білеміз және бүгінгі қоғамның көзқарасы қандай?

Сыйластықтың белгісі
Бұл ықылым заманнан бері келе жатқан салт. Этнографтардың айтуынша, әулеттегі жарасымдылықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние. Қазақ қоғамында ырым-тыйымдар жетерлік. Әсіресе әйел затына қатысты шектеу көп. Себебі әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден бір адам. Оның көрегенді, тәрбиелі, ибалы, ізетті болуынан кемел келешекті көреміз. Қазақ келіндері тек ата-енесіне, қайын жұртына ғана иіліп сәлем салмайды, ­алыстан ат терлетіп келген ағайындарына да құрмет көрсетеді.
– Ұзатылып бара жатқан әр қыз бала «барған шаңырағымды бақытты етемін» деген ниетте болады. Келін болып түскен соң, оған артылар жауапкершік жүгі жеңіл болмасы анық. Ерінің жұртын құрметтеп, сәлем салуы – сыйластықтың белгісі, – дейді Қаламқас апа.
Сәлем ету жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер де «өркенің өссін», «бақытты бол», «көп жаса» деп ризашылығын білдіреді. Ал атадан бата алған азбайды. Бұл ескілік емес, естілік.

Келін қандай жағдайда сәлем ­салмайды?
Жақында мынадай көрініске куә болдым. Ұжым арасындағы отырысқа әріптесім келіншегін ала келді. Жас келін ибалылығын көрсетіп, барлығынан сәлемін аямады. Сол кезде жұмыстас апайлардың бірі: «Сен маған сәлем салма. Екеуміз руласпыз, әпкең болып келемін. Рулас жандар бір-біріне сәлем салмайды, «сүйек сырқырайды» деп жатады», – деді.
Үйдегі келіннің тағы қандай жағдайда сәлем салудан босатылатынын этнографтар былай түсіндіреді. Күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше сәлем салмауға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда келінді әулеттің үлкендері сәлем салу салтынан біржолата босатқан. Ондағысы: «Келіннің ендігі жерде басы иілмесін! Жүзі төмен қарамасын! Қызымыздай болсын!» деген ниет. Сондай-ақ, бұған жары бақилық болып, қайғыдан қан жұтқан жанды жұбатудың, екеуара туыстық байланысты суытып алмаудың өзіндік үлгісі ретінде қараған. Мұның барлығы қазақтың тәлім-тәрбиесі мен үлкенге деген сый-құрметтің ­көрнекі ­үлгісі.
Келінді сәлемнен босатуға қатысты бұдан басқа да себептер кездеседі. Мәселен, ата салты бойынша жүкті әйелге иіліп сәлем салмауына рұқсат берген. Өйткені әрдайым сәлемін білдіріп жүрген келін бір жағынан иілмеуге қысылады, ұялады. Екінші жағынан, күйеуінің бауырлары ондай сәтте келінге келін деп емес, келешек ана деген көзқараспен қарап, құрметін солай көрсеткен. Дегенмен жас келін Жазира жүкті кезде сәлем салудың еш қиындығы жоқ дейді.
– Сәлем салу аса бір ауыр жұмыс емес. Сәл иіліп, ізет көрсетудің қиындығы жоқ деп ойлаймын. Өзім келін болып түскеннен бері ата-енемнен, қайын жұртымнан сәлемімді жазбадым,– дейді ол.

Сәлем салу Аллаға серік қосуға ­жата ма?
Келіннің иіліп сәлем салу тақырыбында жұрт арасында неше түрлі ой айтылып жүргені де жасырын емес. Бірі «дұрыс», енді бірі «бұрыс» дейді, тіпті «Алла Тағалаға серік қосуға жатады» деген пікірді де естіп жатамыз. Осы ретте «Келіннің сәлем салуы шариғатқа қайшы ма?» деген сауалымызға «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов былай дейді:
«Әрбір амал ниетке байланысты. Жалпы, құрмет ниетімен сәлем салу ширк амалына жатпайды. Сәлем салу атауының өзі біреуге табыну немесе құлшылықты емес, амандасуды білдіріп тұр. Иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған».
Бас имамның айтуынша, қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмаған. ­«Ислам шариғатында намаз кезінде рукуғ жасау мен келіннің сәлем салуын теңестіру – мүлдем қате түсінік. Себебі екеуінің бейнесі екі түрлі. Құдайға құлшылық ету кезінде адам тоқсан градусқа еңкейеді, ал келін басын сәл төмен салады» деген ол ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан бұл ғұрыпты жатқа балап, елдің шырқын бұзу әсте дұрыс емес деп санайды.

Бүгінгі қоғамның көзқарасы қандай?
Әр өңірде сәлем салу қимылы әр түрлі болғанымен, астарында жатқан ниет пен ықылас бір. Мысалы, маңғыстаулық келіндер оң тізесіне қолын қойып, сәл бүгіледі. Ал қызылордалықтар екі қолын сәл айқастырып, алдыға қарай иіледі. Басқа өңірдегілер де өздеріне тән іс-әрекетті істейді. Біз әріге бармай-ақ қазалылық келіндермен пікірлестік.
– Табалдырық аттап, келін атанғаныма сегізінші жыл. Ата-енем біраз уақыт өткен соң, өздері рұқсат беріп, күнделікті сәлем салмай-ақ қойсам да болатынын айтты. Үйге қонақ келгенде немесе көшеде қайын жұрт, күйеуімнің рулас аға-әпкелерін көргенде сәлем етемін, – дейді Сара.
– Әр елдің салты басқа деген рас-ау. Қайын сіңлім Солтүстік жақта жоғары оқу орындарының бірінде оқыды. Сөйтіп сол жаққа тұрмысқа шықты. Бірнеше жыл болды құдандалы болып араласып келеміз. Жиі болмағанымен той-томалақтың кезінде құда-құдағи ретінде барамыз. Сонда байқағаным келін болып сәлем салып жатқан ешкім жоқ. Бірде қайынсіңлімнен: «Ата-енең сәлем салмай-ақ қой деп рұқсатын өздері берді ме?» деп сұрадым. Оның: «Жоға, мен келін болып түскен күннен бері сәлем салмаймын. Бұл жақта оған қатты мән бермейді», – деген жауабына таңқалғаным бар. Бізде керісінше ғой, – деген Айжамал апай біраз жасқа келсе де әулет үлкендеріне әлі де сәлем салатынын айтты.
Арамызда «Сыйластық сәлем салумен өлшенбейді» деген пікірдегі жандар да бар. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Фариза апа. «Қазалының тумасымын, ел астанасына ертеректе қоныс аудардық. Келінім бар, бірақ сәлем салғызбаймын. Келіннің иіліп-иілмеуі емес, маған деген шынайы құрметі маңызды» – дейді.

P.S. Сәлем салу салтын ізет көрсетудің белгісі немесе ескіліктің сарқыншағы деп қарайтындар бар екенін байқадық. Ал біздің айтарымыз, сәлем салудың түпкі мән-мағынасы – әдептілік. Ең бастысы– иіліп не иілмей сәлем берсеңіз де шын ниет пен таза көңіл, адамгершілік болмысты көрсетері анық.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

19 қараша 2019 ж. 178 0

Руханият

Қыдыр көрген Құттыбай

Қыдыр көрген Құттыбай

14 желтоқсан 2019 ж.
Баталы жанға бақ қонар

Баталы жанға бақ қонар

14 желтоқсан 2019 ж.
Медет берер мейірбан

Медет берер мейірбан

07 желтоқсан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031