Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Тұсау кесу: Тәрбие мен тілек

Тұсау кесу: Тәрбие мен тілек

Мен ауылда өстім. Бала кезімде енді ғана қаз-қаз басып, қара табан болған бөбектің аяғынан қара бақыр тиын тізілген ала жіпті көргенде: «Мына баланың тұсауын кескен екен ғой» деп бірден білетін едік. Қазір де баланың тұсауын кесу салты жақсы сақталған. Алайда аяғындағы ала жіпке қарап емес, ата-анасының «Тұсауын кестік» деген сөзінен кейін аңғарамыз.
Бала бесіктен белі шығып, еңбектеуден өткен соң орнынан тұрып, қадам жасауға талпынады. Өз аяғымен туған топырақты басып, таң-тамаша болған сәбиге қарап сүйсінеміз. Осы кезде баланың алғашқы қадамына сәттілік тілеп: «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсау кесер тойын жасаймыз.
Ырымшыл халықпыз ғой тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады деп топшылаймыз. Сол себепті бұл рәсімнің тізгінін ұстатар кезде жақсы қасиетімен жұртқа жаққан жанды іздейміз. Елге сыйлы, қадірлі, қимылы ширақ кісіні көздеп, «Балам сізге ұқсасын» деген ниетімізді жеткізіп, қолқа саламыз. Бұл тұста да қашаннан сыйласқан адамынан сый-құрметін аямаған қазақ тұсау кескен жанға кәде-кәуметін жасайды. Тұсау кесу құрметі бұйырған кісі де құр қол келмейді. Бөбектің керек-жарағын, киім-кешегі мен ойыншықтарын әкеліп, мәре-сәре қылады.
Кез келген жіпті баланың аяғына байлай салмайтынын әр қазақ жақсы біледі. Ал ала жіппен байлаудың сырын үлкендер былай деп түсіндіреді: «Бұның астарында ақ пен қарадан тұратын тіршілікте қуаныш пен қайғы да, жамандық пен жақсылық та, адалдық пен арамдық та қатар жүреді. Бұлардың аражігін ажырата біліп, біреудің ала жібін аттамай, әділдікті, адалдықты жанына серік етсін деген тоқтам жатыр». Аяқтағы жіптің ала болуы, оның кесілуі де құр көрініс емес. Астарында адалдықтан айныма, егер сондай арамдықты көрсең жолын кес. Біреудің бір құлаш жібіне ең болмаса бұзауға бас жіп болар деп қызықпа деген ниет бар. Бұдан бөлек, тұсау кесерде көк шөп және тоқ ішекті пайдаланған кездер де болған екен. Жердегі көк шөпті өріп, тұсау кесу қазіргі таңда жоқтың қасы. Алайда бұл ғұрыптың мәні – ұрпағым көбейсін, өсіп-өнсін, туған жерінде көгерсін дегенге саяды. Сәбидің өмірі тоқшылықта, байлықта өтсін деп тілек тілеп, тоқ ішекпен кесу де кездескен.
Бұл рәсімнің ең қызықты сәті ақ жайманың үстімен қаз-қаз басып келген сәбидің алдына қойылған заттарды таңдауы. Әркім ырымдап түрлі дүние қояды. Өнерлі болсын деп домбыра, білімге құштар болса деген ниетпен кітап, жазушылықты жанына серік етсе екен деп қаламсап, қалтасы қалың, табысты азамат болсын деген тілекпен ақша да қояды. Таңдау жасауға тиіс сәби ең бірінші көңілі кеткен затына қолын созады. Әр істі жақсылыққа балаған жұрт: «Балаң әнші болайын деп тұр», «Әй, жарайсың, балапан, кітапты таңдады» деп шуылдасады.
Тұсау кесер тойында қайшыны қолдануды жөн санамайтын қарттар бар. Олардың айтуынша, қайшымен кескен баланың өмірі де қайшыланып өтуі мүмкін, өткір пышақпен кескен орынды. Дегенмен бұл қатып қалған қағида емес.
P.S. Кез келген салт-дәстүрі тәрбиеге тұнып тұрған қазақ халқының ғұрпының ғұмырлы болуы ұрпақтың қолында. Ертеден келе жатқан есті дәстүрді дәріптеп, ертеңге жеткізуші бүгінгі жастар жоралғының жөнін білмейді деу әбестік, еске салып отыру – үлкендер парызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
12 қараша 2019 ж. 101 0

Руханият

Қыдыр көрген Құттыбай

Қыдыр көрген Құттыбай

14 желтоқсан 2019 ж.
Баталы жанға бақ қонар

Баталы жанға бақ қонар

14 желтоқсан 2019 ж.
Медет берер мейірбан

Медет берер мейірбан

07 желтоқсан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031